Мәдениет

 «Бір түп алма ағашы» 

Премьера

Сәрсенбі күні Ақтөбедегі кинотеатрлардың бірінде Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» көркем фильмінің премьерасы өтті. Бір отбасының мұң-мұқтажы арқау болған картинаның алғашқы көрсетіліміне облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған атқарушы билік өкілдері, зиялы қауым, журналистер мен жастар қатысты.

«Аqto’be» телеарнасы мен Т.Ахтанов атындағы драма театр артистерінің бірлескен дүниесі — қанатқақты жоба. Қобда ауданының Әлия ауылында өткен түсірілім жұмыстары бір айдан артық уақытқа созылған. Психологиялық драманың премьерасында сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Бүгін біз театр мен телеарнаның алғашқы шығармашылық жұмысының куәсі болып отырмыз. Аты бәйгеге шапса, тақымын қысатын қазақпыз ғой, «жерлестеріміздің дүниесі қалай болар екен» деп қобалжығанымыз бар. Дей тұрғанмен, бүгінгі шараға қатысқан көрермендердің ұйып тыңдауына, кейде көзіне жас алғанына қарағанда, алғашқы туынды ойдан шықты деп есептеймін.

Мағынасы терең, қоғамның басты проблемаларының бірі — адамгершілік құндылықтары көтерілген фильмнің жарыққа шыққанына қуаныштымыз, — деді.

Фильмнің қоюшы режиссері Марат Телеуовтің айтуынша, шығармашылық топқа түсірілімнің негізінен түн ауғанда жүргізілгені қиынға соққан. Сосын жұмыстың бәрі жаз мезгілінде өткендіктен, ыстық ауа райы да әсер етпей қоймаған. Дегенмен, фильмге түскен Ахтанов театрының 7 артисі, техникалық қызметкерлер де мейлінше жақсы дүниенің шығуына барынша атсалысыпты.

«Бір түп алма ағашының» мазмұнына тоқталсақ, бұл театр сахнасында 10 жылдан астам уақыт бойы сахналанып келе жатқан, көрерменге жақсы таныс спектакльдің желісі бойынша түсірілді. Ауылда қоңырқай тіршілік кешкен басты кейіпкер — ананың 60 жасына арналған отбасылық отырысқа қалада тұратын үлкен ұлы Ерғали мен екі қызы күйеу баласымен, сондай-ақ қолындағы кенжесі Мақсат жиналады. Дастарқан басында бауырлар анасының мерейтойына тілек-лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетудің орнына, әрқайсысы жеке мәселесін айтумен болады. Бәрінің де айналып келгенде көздегені — қарашаңырақты сатып, одан түскен қаражатқа әлеуметтік қиындықтарын шешіп алу. Әкенің орнындағы үйдің тұңғышының әйелінің айтқанынан шыға алмай, іні-қарындастарына ағалық қамқорлық таныта алмауы, сүреңсіз өмір кешкен апа-сіңлілердің мұңы, жастық жалынмен өзіне-өзі ешқашан жазылмайтын жара салған кенже ұлдың жалғыздығы, бәрі 2 сағатқа жуық уақытқа жалғасатын фильмде кеңінен көрініс табады. Ақталмаған ана сүті мен бауырлардың бір-біріне жаттығы басты лейтмотивке алынған көркем туынды көрерменге үлкен ой салатыны сөзсіз.

Басты рөлдегі ананы сомдаған Шалқия Бақытжанова, оның қызы Әлияны ойнаған Айгүл Оразалина, кадрда соңына дейін аға-апаларына бәйек болатын Мақсат — Бекжан Хайруллиндердің, яки аталған театр артистерінің «Бір түп алма ағашында» кейіпкер жасауға ұмтылған еңбегінің текке кетпегенін көрермен қауымның көпке дейін айтып жүрері хақ.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button