Мереке

Аналарға дастарқан жайылды

Аналар мерекесі қарсаңында Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған аналарға арналып «Баклажан» кафесінде дастарқан жайылды. Бұл шара  «150 игі іс» жобасы аясында қолға алынды.

Мерекелік кешке отызға жуық ана қатысты. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова,  облыстық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Күлшат Масалимова, облыстық мәслихат депутаты Светлана Айтбаева, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағанбетова аналарды құттықтап, дендеріне саулық тіледі.

Ана — отбасының жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі — балаларды тәрбиелеуші. Аналардың барлығы да құрметке лайық. Ол — отбасының құт-берекесі. Мереке қарсаңында мүмкіндігі шектеулі бала тәрибелеп отырған  аналарды шақырып, құрмет көрсетуді жөн санадық, — деген Сұлупан Шынтасова аналарға алғысын айтты.

Мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген Марат Сейтімовтың анасы Айгүл ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

— Мереке қарсаңында бізді осылай құрметтеп шақырған ханымдарға ризамын. Мүгедек бала бағып, үйде отырған аналарға бұл үлкен жігер берді. Бір дастарқан басында ән тыңдап, ас ішіп, көңіліміз көтерілді. Менің ұлым Марат арбаға таңылса да би билейді, қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. Қандай шараға болса да құлшыныспен қатысады. Баламның жетістіктеріне қуанамын. Ал оның анасын елеп, ескеріп шақырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,— деді Айгүл Сейтімова.

Кешке отыздан аса ана келді. Олардың барлығы — жақында құрылған «Алаш» мүгедектер қоғамының мүшелері.

Жиын соңында аналарға гүл шоқтары сыйланды. Жас өнерпаздар ән салып, би биледі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button