Басты жаңалықтар

Ақтөбенің кірпіші

Өнеркәсіп

Еліміздің құрылыс нарығында шығарылатын аталған материалдың 51 пайызы біздің облысқа тиесілі

Мемлекет басшысының өзі Қазақстанда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері негізгі міндеттердің бірі екенін ұдайы айтады. Дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін де құрылыс индустриясының қарқын алып, қанат жаюы керектігі белгілі. Осы орайда біздің өңірде бұл саланың даму жайы қалай? Соның ішінде Ақтөбеде кірпіш өндірісінің халі нешік? Импорт пен экспорттың көрсеткіші қандай? Бұл жөнінде құрылыс компаниясы мен өндіріс орындарының басшылары не дейді? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін біз бірнеше тараптың өкілдерін сөзге тартқан едік. Сонымен…

Кіріс бар, шығыс жоқ…

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, Ақтөбені құрылыс материалдары шығарылатын республикадағы жетекші өңірлердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені облыста кірпіш өндірумен ғана айналысатын 6 зауыт жұмыс істейді. Биылғы маусым айында аталған іске маманданған 7 кәсіпорынды ашу жоспарланып отыр.

— Біздің жобалауымыз бойынша, енді іске қосылатын «Көктас – Ақтөбе» зауыты жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруы тиіс. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.    

Әсіресе, жазғытұрым мезгіл орнағанда жер-жерде құрылыс жұмыстарының көптеп басталатыны хақ. Сондықтан жетіспей жатқанда кірпіштер бізге негізінен Алматы облысынан әкелінеді. Жеке тұлғалардың арасынан ғимараттың қасбетіне арналған, яғни көрнекі кірпіштерді де тасымалдайтындар кездеседі. Импортты олар Ресей, Украина, Беларусь елдерінен жеткізеді. Ал экспортқа келсек, ол бізде атымен жоқ. Неге десеңіз, жоғарыда айтқанымдай, кірпіш өзімізде де тапшы, — дейді Дархан Ермағанбетов.

Ресми деректерге сүйенсек, облыстағы 6 зауыт айына 8 миллионға тарта кірпіш өндіреді. Нарықта аталған құрылыс материалы ерекше сұраныста болған соң, басқарма басшысының орынбасары мемлекет тарапынан өндіріс орындарына инфрақұрылымды жақсарту, субсидия алу жағынан қолдаудың көрсетілетінін тілге тиек етті.

Айта кетейік, әңгімелесушіміздің сөзінше, Ақтөбеде жасалған силикат кірпіш еліміздің аумағының 51 пайызын қамтып отыр. Бұл, сөзсіз жақсы көрсеткіш.

«Алыстан арбалағанша…»

Ақтөбеде өндірілген кірпішке сұраныс мол. Өзге өңірлерден жеткізілетін құрылыс материалдарының құны жол қатынасының салдарынан едәуір қымбатқа шыққандықтан, тиісінше жергілікті тауардың бәсі жоғары. «Жақыннан дорбалайтындарға» бұл уақыт жағынан да тиімді дейді жерлес кәсіпкерлер.

Қаладағы алғашқы кірпіш зауыттарының бірі — «Кірпіш зауыты» ЖШС 1941 жылы жұмысын бастаған. Байырғы кәсіпорынның әу баста Ақтөбе феррохром зауытының іргетасын қалау мақсатында берік кірпіштерді шығару үшін салынғанын айта кету керек. Бұл туралы облыстық архивтегі деректерде де көрсетілген. Одан бөлек, шаһардың тұрғындар қалашығы шағын ауданындағы 2-3 қабатты үйлер, мектеп пен ауруханалар осы зауыттың кірпіштерімен тұрғызылыпты.

Бүгінгі таңда зауыттың жылдық қуаттылығы — 8 миллион дана керамикалық кірпіш. Өндірісте жергілікті саз бен құмды пайдаланатын кәсіпорын қыс мезгілінде үзіліс жасауды әдетке айналдырған. Себебі суықта негізгі жұмыс процесін атқару, яки кірпішті құю, кептіру, артынша күйдіру қиынға соғады екен.

— Біз кірпіштің бір-ақ түрін шығарамыз. Соның өзі біздің өндіріс үшін жеткілікті. Өйткені керамикалық қызыл кірпіш қай кезде де нарықта ерекше қажеттілікке ие. Ылғалға шыдас беретін біздің кірпішті Ақтөбенің барлық құрылыс нысанынан таба аласыз. Әсіресе, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерге жауапты құрылыс компанияларымен тығыз байланыстамыз. Бюджет қаржысына бой көтеретін әлеуметтік ғимараттарда да «қолтаңбамыз» бар.

Жұмысымыз наурыз-қараша айлары аралығында жанданады. Қарамағымда 80-ге жуық ақтөбелік еңбек етеді. Слесарь, дәнекерлеуші сынды мамандардың қажет екенін атап өткім келеді, — дейді 78 жылдық тарихы бар зауыттың директоры Ұлықбек Қали.

Кәсіпорын басшысының сөзіне қарағанда, аталған зауытта шығарылатын бір кірпіштің бағасы — 47 теңге, ал оның салмағы 3,6 келі. Өз кезегінде 1 кірпішті өндіру үшін 6 күн қажет. Бұл — асқан шыдамдылық һәм ұқыптылықты, сосын кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс. Тиісінше бізде жасалған құрылыс материалына қызығушылар да көп. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының құрылыс компаниялары осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбенің кірпішін сатып алу үшін алдын ала кезекке де тұрған көрінеді. Бірақ былтырдан бері бұның бәрі тоқтаған. Өйткені өзімізден артылмай жатыр…

Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін АҚШ-та жетілдіріп келген Ұлықбектің мамандығы құрылыс-сәулет саласымен етене байланысты. Ол шетелден көрген-білгенін енді зауыт жанынан биыл ашылатын жаңа цехтың жұмысына пайдаланбақ. Ең бастысы, ол зауыт өнімінің жерде қалмайтынын жақсы біледі. Ақтөбенің кірпішінің сапасын жылдар мен тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Кірпіш — жасанды құрылыс материалы. Оны саз және кремнезем жынысынан, өнеркәсіп қалдықтарынан күйдіру (сазды) не автоклавта булау (силикатты) арқылы алады.

Бәсекеге қабілетті өнім

Ақтөбенің құрылыс материалы туралы сөз қозғағанда, түрлі әлеуметтік нысандар мен ғимараттарды салумен айналысатын компанияларды айтпай кетуге болмайды. Өйткені ең бірінші кезекте жергілікті мердігер компаниялар өзіміздің кірпіштерді құрылыста пайдаланады. Ал олардың өз айтары бар.

«Ақтөбе Сәулет» ЖШС директоры Қуаныш Жолдыбаев өткен жылы Ақтөбенің зауыттарында жасалған 8 миллион дана кірпішті сатып алғанын айтады. Және бұл соңғы көрсеткіш емес.

— Былтыр Ақтөбеде жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй мен ғимаратты пайдалануға бердік. Осы жылы жұмыс көлемін одан сайын арттыруды көздеп отырмыз. Соған сай құрылыстың негізгі материалы — кірпіштің саны да көбейеді деген сөз. Мәселен, 2018 жылы біздің серіктестік

8 миллион дана силикат кірпішін жұмыс барысында игерді. Материалды біз негізінен қалада, Мұғалжар ауданында орналасқан зауыттардан аламыз. Әрине, жергілікті өнімге басымдық береміз. Бұл біз үшін қаржылай жағынан да тиімді. Әйтпесе жол шығынының өзі айтарлықтай сомаға шығады емес пе? Сала маманы ретінде Ақтөбенің кірпіштерінің қай жағынан да жақсы, бәсекеге қабілетті екенін толық сеніммен айта аламын. Әрі аймақта кірпіштің түр-түрі шығарылады. Таңдау бар, — дейді Қ.Жолдыбаев.

2004 жылы негізі қаланған компанияда қазіргі таңда 490 адам қызмет етеді.  Өңірге белгілі кәсіпорын «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы үйлердің басым бөлігінің құрылыс жұмыстарын жүргізген. Серіктестік көбіне-көп мемлекеттік бағдарламалар аясында баспана салумен айналысады.

P.S. Жаз айларында Ақтөбеде тағы бір кірпіш зауытының ашылатынын ескерсек, жыл санап құрылыстың қарқын алып келе жатқанына көз жеткізуге болады. Бұл — көңіл қуантарлық көрініс. Сол арқылы «екі қолға — бір күрек» таба алмай жүрген ақтөбеліктердің де мәселесі біртіндеп шешілетініне сенім мол…

  Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button