Ақтөбе — 150

Көгершіндер көрмесін көрдіңіз бе?

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Геолог» мәдениет үйінде халықаралық кептерлер көрмесі өтті. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы мен «Ақтөбе құсшылары» ұйымының ұйымдастыруымен өткен көрмеде жұртшылық назарына бейбітшілік символына айналған құстың бірнеше түрі ұсынылды.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, сирек кездесетін кептер тұқымдарын селекцияландыру, өскелең ұрпақтың кептер өсіруге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова мен Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев қатысты.

— Кептерлер көрмесін «Ақтөбе құсшылары» ұйымы бұған дейін Шалқар қаласында ұйымдастырып өткізді. Ал үлкен деңгейдегі көрме Ақтөбе қаласында соңғы рет 2011 жылы өтіпті. Облыстық, қалалық әкімдіктің қолдауымен қаламыздың 150 жылдық мерекесі қарсаңында ақтөбеліктерге әдемі көңіл күй сыйлау мақсатында өткізіп жатырмыз. Көрме аясында көгершінге қызыққан кез келген келуші оның түрлерімен танысып, тәжірибе жинақтай алады, — дейді ұйымдастырушы Нұрбек Қуатов.

Көрмеге республиканың бірнеше облыстарымен қатар, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Татарстан Республикаларынан кептершілер келді.Шара барысында Ташкент қаласынан арнайы келген кептерші Нәдірбек Жаппаровпен тілдесудің сәті түсті.

— Бүгінгі шараға Өзбекстан Республикасының атынан қатысып жатырмын. Жастайымнан көгершіннің түр-түрін зерттеп, қызығушылық танытып келемін. Ауылда сексеннен астам кептерім бар. Ал бүгінгі көрмеге көгершіннің тек сирек кездесетін 4-5 түрін алып келдім, — деген кептерші 150 жылдық тарихы бар Ақтөбенің күн санап жаңарып келе жатқандығын тілге тиек етті.

— Бұған дейін Ақтөбе қаласында төрт-бес рет болғанмын. Шаһар жыл емес, ай емес, күн санап көркейіп келеді. Құтты мекенге құт-береке тілемін, — деп жалғады сөзін.

Көрмеге тек кәсіби кептершілер ғана емес, мектеп оқушылары да шақырылыпты. «Әділеттің құсы» деп аталып кеткен көгершіннің бірнеше түрін көрген келушілердің бірі Алламжар Қамысбай өз таңданысын жасыра алмады.

— Бүгінгі көрмеге сыныптас достарыммен келгенбіз. Мен бұған дейін көгершіннің бірнеше түрі болатынын білген емеспін. Бүгінгі көрмеге әкелінген құстардың түрлері де, бағалары да сан алуан екен. Кептершілерден көгершіндердің қандай тамақ ішетіндігін, сырқаттанып қалғанда қандай дәрі беретіндігі туралы ақпарат алдық. Ұйымдастырушыларға, бізді көрмеге әкелген ұстаздарымызға үлкен рақмет, — деді №52 орта мектептің 6-сыныбында оқитын Алламжар.

Шара барысында кептершілер бірнеше номинация бойынша номинант атанып, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің және «Ақтөбе құсшылары» ұйымының атынан Алғыс хаттармен бағалы сыйлықтар табысталды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button