Ақтөбе — 150

Төлеген ТАҢАТАРОВ, кәсіпкер: Жерасты жолын халыққа барынша ыңғайлы етіп салуға тырысамыз

Биыл наурызда Ақтөбе қаласындағы Шығанақ Берсиев атындағы көшенің бойында жерасты жолының құрылысы басталады. Іргелі іс «ТрансМостГрупп» ЖШС тарапынан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылмақ. Серіктестік басшысы Төлеген Таңатаровпен болған сұхбат барысында Ақтөбеде құрастырмалы әдіспен жүзеге асырылатын бірегей жобаның ерекшелігі жайында да сұрап білдік.   

— Өткен жылы сіз басшылық ететін кәсіпорынның ықпалымен Ақтөбе қаласында іргелі құрылыстардың жүзеге асырылғанын білеміз. Оның ішінде күре жолға салынған жол-көлік айрығының орны тіпті ерекше. Алайда бұл істер жоспарлы мерзімінен бұрын аяқталды…

— Былтыр біз үш үлкен көпір құрылысын іске қостық. Оның бірі — Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы Сәтпаев көшесі бойындағы ұзындығы 18 метрлік көпір. Ол жердегі өткел қиын әрі апатты жағдайда тұрған көпір еді. Ертеде салынған көпірлердің бірі ғой. Жағдайы апатты болғаннан кейін, осы нысанды қайта салу үшін 100 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, бұл іске біз жауапты болдық. Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қараша айында басталып, былтыр жаңа жылдың бірінші онкүндігінде көпірді пайдалануға бердік.

Екінші құрылыс — «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығы жанынан металл конструкциялық әдіспен салынған үлкен көпір. Мұндай әдіспен біз бірінші рет көпір салып отырмыз. Бұл — облыста бірінші рет жүзеге асырылған жоба. Көпірдің ұзындығы — 42, ені — 24 метр, арасында тіреу жоқ. Осы жобаны іске асыру үшін тендерді біздің компания ұтып алды. Жалпы бұл құрылыс бір жылға жоспарланған, яғни биыл мамырда тапсырылуы керек еді, бірақ біз мерзімінен бұрын аяқтадық. Жалпы құны 450 миллион теңгеге бағаланған нысанды былтыр қыркүйекте пайдалануға бердік.

Біздің компания өз тәжірибесінде металл конструкциялық әдіспен осындай көпірді бірінші рет салып тұр. Жалпы мұндай көпірлер республикада да жоқтың қасы. Салынса, бір-екі жерде болуы мүмкін.

— Сонда металл конструкциялық әдіспен салынатын көпірдің ерекшелегі қандай?

— Ерекшелігі — темір-бетон жабдықтарын пайдаланғанға қарағанда, металл конструкциялық әдіспен салынатын көпірдің құрылысы күрделі. Ол үшін құрылысқа жай металл емес, арнайы металл керек әрі оны құрастыру қажет. Көпірдің конструкциялық пішінін Ақтөбе металл құрастыру зауыты  дайындады. Ал біз дайын құрастырманы көпір құрылысына пайдаландық. Бір қызығы, осы құрылысты жүргізуге арналған тендерге облыста да, республикада да бізден басқа ешбір көпір салатын компания қатыспапты. Үлкен құрылыстың жауапкершілігі бізге жүктелгеннен кейін, тәуекелге бел будық. Әрине, бұрын-соңды мұндай құрылыспен айналыспаған бізге де оңай болған жоқ. «Көз — қорқақ, қол — батыр» дегендей, іргелі құрылысты мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырдық.

Былтыр «ТрансМостГрупп» мекемесі жүргізген үшінші нысанның құрылысы 2017 жылы басталып, былтыр аяқталды. Ол — Мәртөк ауданына барар жолдағы, яғни Ақтөбе ферроқорытпа зауыты маңындағы жол-көлік айрығы. Бұл — теміржол үстімен өтетін үлкен құрылыс. Құрылыстың жобалық-сметалық құны — 2 миллиард 250 миллион теңге. Мұндай құрылысты да біз өз тәжірибемізде бірінші рет жүзеге асырдық. Тәуекел етіп кіріскен шаруаны былтыр қыркүйекте тапсырдық.  Осы екі көпірдің ашылу салтанаты бір күнге ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қатысты. Бұл құрылысты біз биыл желтоқсан айында аяқтауға тиіс едік. Жоспар бойынша жобасы, сметасы, қаражаты үш жылға деп қарастырылғанмен, бір жыл 3 айдың ішінде ауқымды шаруаны аяқтап үлгердік.

Көпірлер де, жол-көлік айрығы да үлкен қарқынмен салынды. Мықты техниканың, ең бастысы — адамдардың күшімен аяқталды. Жұмысты тәулік бойы жүргізуге тура келді. Әсіресе, көлік-жол айрығы құрылысының соңғы жарты жылында күні-түні тоқтаусыз жұмыс жүргізу шарасы ұйымдастырылды. Ол үшін жұмысшылар күндіз-түні тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бұл құрылыс мерзімінен екі есе бұрын аяқталды. Құрылыстарды ертерек бітіруіміздің себебі — бірінші кезекте жол жабылды, қалада қатынас қиындады. Осыған қосымша біз екі шақырымдық айналма жол салдық. Бұл — қоқыс полигоны желісі аралығымен жүретін жол болғандықтан, тұрғындарға қолайсыздық тудыра бастады. Әрмен қарай ескі жолға түсіп, көліктер шаңның астында қалып жатты. Халық тарапынан осы мәселеге байланысты арыз-шағымдар көп түсе бастады. Бұл — Ресейге шығатын күре  жол болғандықтан, жұмысты жеделдетуге тура келді. Біз күре жолды бар болғаны 2,5 айға ғана жаптық. Сол уақытта жұмысты толық аяқтап, қозғалыс үшін жолды аштық. Егер жобамен келісімшарт негізінде жұмыс жасағанда, жол әлі күнге дейін жабылып, құрылыс әлі салынып жататын еді. Әрине, бұл біздің облысқа жасаған үлкен сыйымыз болды. Кейін бұл жолмен Елбасымыздың өзі де, министр де өтті. Былтыр облысқа жасаған сапарында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің өзі бастапқыда көлік-жол айрығын астаналық немесе алматылық кәсіпорындардың бірі салды деген ойда болды. Кейін біздің компанияның жүзеге асырған ісі екенін білгенде, расымен таңданыс білдірді.

— Биыл қандай ауқымды жұмыстарды жүргізуге бел байлап отырсыздар?

— Осы жылы да ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Ол үшін тендерлерге қатысып жатырмыз. Ақтөбе-Астрахань бағытындағы жол құрылысының бойында да көпірлер көп. Қосалқы мердігер ретінде биыл осы жолдың Қандыағаш-Шұбарқұдық аралығындағы 4-5 көпірдің құрылысын салу ойымызда бар. Бүгінгі күні осы бағытта бас мердігер компанияның басшылығымен келіссөздер жүргізіп, келісімшарт жасасып жатқан жайымыз бар.

«ТрансМостГрупп» — көптен бері көпір құрылысымен айналысатын кәсіпорын. Бізде инженерлік-техникалық істің бүге-шігесін шебер меңгерген кадрларымыз да,  көпір құрылысы үшін көп кездесе бермейтін техникаларымыз да жеткілікті.

— Биыл өзіңіздің 70 жылдық мерейтойыңызда Ақтөбе қаласының 150 жылдығына тарту ретінде жерасты жолын салуға бекініп отырғаныңызды білеміз. Бұл ойыңызды облыс әкімі күллі Қазақстанға үлгі болатын бастама ретінде бағалады. Енді бұл іс қай уақытта басталмақ?

— Өзім қаланың Заречный елді мекенінде тұрамын. Ақтөбе қаласының Шығанақ Берсиев көшесі бойына жерасты жаяу жүргінші туннелін салу идеясы сол маңнан өзім жиі жүретіндіктен туындаған ой. Себебі, сол жерде жолдың бір бетінде қандас бауырларымыз тұратын саяжай учаскелері орналасқан. Ал жолдың келесі бетінде салынғанына үш-төрт жыл болған №8 мектеп бар. Жол бойымен оқушылар көп өтеді. Әсіресе, жұмысқа баратын, жұмыстан қайтатын мезгілде сол аралықта көлік кептілісі орнап, балалар көлік арасымен жүруге тура келіп жатады. Оның үстіне дәл сол аралық көлік қозғалысына да, жаяу жүргіншілер үшін де қиындық тудырады. Себебі, көліктер қырдан төмен қарай қозғалады. Осының салдарынан сол маңда екі-үш рет оқушыларды көлік қаққан, бір әйелдің жол-көлік оқиғасының құрбаны болған жағдайлар да тіркелді. Осындай көлік ағыны көп жерден кішкентай балалардың сөмкелерін сүйретіп, жолдан өте алмай тұратын сәттерін жиі байқаймын. Көп мектептерде әке-шешелері балаларын көлікпен әкеліп, әкетіп жатады. Жағдайы жақсы адамдар саяжай учаскелерінде тұрмайды ғой. Ал саяжайда тұратын ата-аналардың көпшілігінің күнделікті тұрмыстың қамымен баласын мектепке апарып, әкелуге уақыты бола бермейді.  Сондықтан балалар сол жерде  қаптаған көліктің арасынан өтуге мәжбүр. Осындай жағдайды күн сайын өз көзіммен көретін болғасын, осы маңнан жерасты жолын салу туралы ой келді. Бұл ойымды бір кездескенімде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа айтқан едім, ол кісі бірден құптай кетті. Мен қала әкіміне ол істі компанияның қаражатына салып беретінімді, тек бізге сол жерде құрылыс жүргізуге рұқсат беруін сұрадым. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, аяқталуға жақын қалды. Құрылымдық жобасы да жасалды. Қазіргі күні жерасты жолының құрама құрылысын жасауға 2-3 зауытқа тапсырыс беріп қойдық, дені дайындалды, енді бір-екі күндікте тасимыз. Құрылыс жұмыстарын наурызда бастағалы отырмыз. Әуелі жолдың бірінші жартысы жабылып, жерасты жолының жарты бөлігі салынады, содан кейін екінші бөлігі жабылып, қалған аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ол жолды түгел жауып тастауға тағы болмайды.

— Жерасты жолы қандай әдіспен салынады?

— Жобалаушыны өзіміз тауып, бұл іске қаражат компания тарапынан шығарылады. Бізге тек құрылысты жүргізуге әкімдік тарапынан рұқсат қағаз ғана қажет болды. Бұл — үлкен құрылыс. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттың өзі мемлекеттік сараптамадан өтуі керек, іске атүсті қарауға болмайды. Бұл — құзырлы органдардың рұқсатымен ғана жүзеге асырылатын шаруа. Жұмысты биыл наурызда бастап, бас-аяғы екі айдың ішінде, яғни Ақтөбе қаласының туған күніне дейін мамырдың соңында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Дәл сол маңға жерасты жолының салынатынын естіп, халықтың қуанып жатқанын да білемін. Бұл — нағыз адам аяғы көп жүретін, халыққа қажет нысан болары сөзсіз.

Жерасты жолын халыққа барынша ыңғайлы етіп салуға тырысамыз. Қазір мұндай жолдар Алматы қаласында өте көп. Жерасты жолынан өту үшін адамдар 3-3,5 метр төмен түседі де, өткелден өтеді. Менің ойымша, қала көшелеріне жерүсті жолына қарағанда, осындай жерасты жолын көптеп салу керек. Қала әкімінің өзі де құрама құрылыс әдісімен осы жоба сәтті шықса, Ақтөбенің көп жеріне осындай жерасты жолын салуға болатыны жайында айтты.

Жобаға сәйкес, жерасты жолының ені — 4, биіктігі — 2,5, ал ұзындығы 25 метр болады.

Зауытта жасалып жатқан жерасты жолының құрама сақинасын дайын күйінде орнатамыз. Сақина қозғалмас үшін оның асты-үсті қалыңдығы 20 сантиметрге дейін құрылыс орнында монолитті қалыпта бетондалады.  Жерасты жолының ішін жарықтандыру, бейнеқондырғы орнату, қабырғалары мен сатыларды әрлеу секілді жұмыстардың бәрін өз қаражатымызға жүргізбекпіз. Бұл — Ақтөбеде жүзеге асырылғалы жатқан алғашқы жоба. Әрине, Әбілқайыр хан даңғылы бойында бұған дейін жерасты жолы бетоннан тұрғызылды. Ал бұл — құрама әдіспен жүзеге асырылатын шаруа. Мұны біз өз тарапымыздан ойлап шығардық. Жобаның жалпы құны 60 миллион теңге көлемінде бағаланып отыр. Құрылысты мен Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына тарту етпекпін. Бұл ісім алдағы уақытта өзгелерге де үлгі болар деген ойдамын.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button