Ақтөбе — 150

Үздіксіз даму кепілі — үнемі қолдау

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қалалық әкімдік тарапынан арнайы жоспар құрылып, әр бөлім бойынша кесте бекітілді. Биыл жыл бойы әр бөлім басшысы оқырмандарды жаңарған Ақтөбенің тыныс-тіршілігімен таныстырып отыратын болады.

Жаңа жылдағы алғашқы әңгімемізге Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованы шақырдық.

Қамқорлықтың бір көрінісі — әлеуметтік көмек

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, 2018 жылы жалпы көлемі 169862,7 мың теңге болатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған 995 отбасындағы 4817 адамға тағайындалған. Сондай-ақ  556 отбасыға жалпы мөлшері 4489,0 мың теңгені құрайтын тұрғын үй көмегі көрсетіліпті.

Кез келген мемлекеттің құндылығы балалар мен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасынан айқындалады. Осы ретте қаланың әрбір азаматы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басты назарында. Біз бүгінде  әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жылдан-жылға жақсарту мақсатында жұмыстанып жатырмыз, — дейді бөлім басшысы.

Былтыр Жеңіс күніне орай 41 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне денсаулығын сауықтыру мақсатында әрқайсысына біржолғы 180000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген 979 азаматқа 60 000 теңгеден берілсе, өзге санаттардағы 547 азаматқа 35 000 теңге, ал 1941-1945 жылдары аралығында тылда жұмыс жасаған 3351 азаматқа 12 000 теңгеден біржолғы жәрдем беріліпті.

— Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлері де назардан тыс қалған жоқ. Барлығына 12 мың теңгеден бір реттік жәрдем көрсетілді. Қала бойынша олардың саны — 30. Сондай-ақ ауған соғысына қатысып қаза тапқан 55 жауынгердің  ата-аналары мен әйелдеріне де бір реттік жәрдемақы берілді, — дейді М.Тұрмағамбетова.

Бөлім басшысының айтуынша, қалада мүгедектермен де жүйелі жұмыс жүргізілуде. Олардың саны 2018 жылы қала бойынша 12160 адамды құраған. Оның 1956-сы — 16 жасқа дейінгі балалар.

— Өткен жылы 510 мүгедек кресло-арбалармен, 3391 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 559 адам көру кемістігін түзеуге арналған тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілсе, 398 адамға сурдо-техникалық құралдар, ал 2965 адамға міндетті гигиеналық құралдар табыс етілді. Денсаулығына байланысты 1115 адам санаторлы-курорттық емделуден өтті, — дейді ол.

Ал «Инватакси» қызметіне өткен жылы 39 039,0 мың теңге бөлінген. Оның 2 792,0 мың теңгесі республика бюджетінен, 32 249,6 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.

Үш бағыттың Ақтөбедегі үлесі

Жұмыссыздықты жою мақсатында елімізде 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарламаның өзге жобалардан артық тұстары көп. Бес жылға жоспарланған бағдарлама үш бағыт бойынша: қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы негізінде еңбек нарығын дамыту арқылы жүзеге асырылады.

— Бағдарламаның бірінші бағыты — қысқа мерзімді кәсіптік даярлауға 761 адамды бағыттау жоспарланып, нәтижесінде 938 адам еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қайта даярлау курсына бағытталды. Курсты аяқтаған 850 адамның 639-ы бүгінгі таңда жұмысқа орналасты. Мектеп оқушылары арасындағы түсіндірме жұмыстарынан соң қаланың 9 және 11-сыныпты бітірген 340 оқушысы еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік оқуға кірісті, — дейді бөлім басшысы.

Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша 166 адамға өз кәсібін ашып, кеңейтуге шағын несие беру жоспарланса, 18 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант беру көзделді.

— Бүгінгі таңда 124 бағдарлама қатысушысы жалпы сомасы 665,1 миллион теңге көлемінде шағын несие алды. Сондай-ақ өз ісін ашуға және дамытуға ниет білдірген 256 адамға жолдама берілді. Бұл бағытта да қаражат бөлініп, жұмыстар жасалып жатыр, — дейді ол.

Бөлім басшысы өз сөзінде бағдарламаның үшінші бағыты бойынша да бірқатар шаруалар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.

Мәселен үшінші бағыт шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына 245 адам бағытталған. Бүгінгі таңда олардың 95-і әлеуметтік жұмыс орнын аяқтаса, 84 адам жұмысқа орналасты.

— Ақтөбеде «Жастар практикасы» бойынша 869 түлек жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі таңда олардың 357-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ қаладағы қоғамдық жұмыстарға 1529 жұмыссыз бағытталды, — дейді ол.

Жүйелі жұмыстар жалғасы

Ақтөбеде еңбек нарығының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталып отыр. Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылға бекітілген кешенді жоспарға сәйкес 15681 адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Нәтижесінде 16975 адам жұмысқа орналасып, жоспар 108 пайызға орындалды.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында бос жұмыс орындары бойынша 18 жәрмеңке өткізілді. Оның — 10-ы кезекті болса, 8-і — мамандандырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жәрмеңкелер нәтижесінде 1470 адам жұмысқа орналасты.

— 2018 жылы қала бойынша тіркелген жұмыссыз азаматтардың саны 1493 адамды құраған. Ал Жаңа жылдағы көрсеткіш — 1427 адам. Жұмыссыздықтың алдын алу жұмыстары әлі де жалғаса беретін болады. Бұл мақсатта да біздің бөлім тарапынан мектеп және колледж оқушыларымен түрлі кездесулер мен түсіндірме жұмыстарын өткізу жоспарланып отыр. Аталған шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп өткізетін боламыз, — дейді Мақпал Тұрмағамбетова.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бүгінде 19 қызмет түрі көрсетілсе, оның 6 түрі «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Бөлім басшысы берген мәліметке сәйкес, 2018 жылы 41 807 қызмет түрі ұсынылған. Оның 5892-сі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, ал 23 661-і «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы орындалды.

Сондай-ақ Жастар жылы аясында қаланың жұмыссыз жастары үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, жұмыспен қамту бөлімінен тек жастарды қабылдайтын арнайы кабинет ашылмақ.

— Жастардан бөлек, түзету мекемесінде отырған азаматтардың жұмысқа орналасу мәселесі де біздің назарымызда болады. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 33-қадамы осы бас бостандығынан айыру орнынан босаған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған. Осы ретте біздің мекеме қызметкерлері түзету мекемелерінде «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Аталған шара барысында бостандыққа шыққан азаматтармен қатар, жазасын өтеушілердің де мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауаптар алуға мүмкіндігі бар, —  дейді Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

ҚАЛА ТАРИХЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ

  • 1918 жылы 8-27 қаңтарда Ақтөбеде Кеңес үкіметі орнады.

19 маусымда «Актюбинский вестник» газетінің бірінші номері шықты.

23 маусымда Ақтөбенің қоршалу жағдайы хабарланды.

  • 1919 жылы 8 ақпанда Ақтөбеге қызылдардың әскери ұшқышы А.Шавров ұшып келді.

23-25 ақпанда Ақтөбеге ақ казактар басып кірді.

28 ақпандақалаға П.А.Кобозев бастаған алғашқы қызыл әскер эшелоны келді.

  • 1922 жылы педагогикалық техникум ашылды.
  • 1923 жылы облыстың мемлекеттік архиві құрылды.
  • 1924 жылы ақпанда партиялық клубтар мен Маркс, Лениннің ғылыми еңбектерін қазақша оқытатын үйірмелер пайда болды.
  • 1925 жылы желтоқсанда Қ.Жұбановтың ұйымдастыруымен Ақтөбеде жастар «Еңлік-Кебек» пьесасын қойды.
  • 1926 жылы мамырда Ақтөбе педагогикалық училищесі ашылды.
  • 1927 жылы алғашқы қалалық көлік-автобус қызметі іске қосылды.
  • 1928 жылы 17 қаңтарда Ақтөбе округі құрылды.
  • 1929 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
  • 1932 жылы 10 наурызда Ақтөбе облысы құрылды. Облыс орталығы — Ақтөбе қаласы.
  • 1932 жылы тамызда теміржол транспорты техникумы ашылды.
  • 1934 жылы желтоқсанда мұғалімдер институты ашылды.
  • 1935 жылы екі жылдық медициналық училище ашылды.
  • 1937 жылы Ақтөбе №1 қалалық аурухана ғимараты салынды. Сонымен бірге екі қабатты үйлер, емхана, мектептер салына бастады.
  • 1939 жылықалада 49 мың тұрғын болды.
  • 1940 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты салына бастады. Қалада 140 орындық 2 балабақша болды.
  • 1941 жылы 74-теңіз атқыштар бригадасы жасақталды. Днепропетровскіден «Большевик» артелі (Сельмаш) көшірілді. Автожөндеу, кірпіш, сырлыбояу зауыттары іске қосылды. Маусымда 312-атқыштар дивизиясы құрылды.
  • 1942 жылы 101-ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Госпиталь ашылды, авиажөндеу зауыты іске қосылды.
  • 1942 жылы 7 мамырда Мәскеу рентгенаппаратура зауыты көшіріліп, кейін Актюбрентген зауыты болды.
  • 1943 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші өндірістік өнімі – металл шығарылды. Ақтөбе қалалық кітапханасы ашылды.
  • 1943 жылы Ақтөбе жылу орталығы бірінші өндірістік тоқ берді.
  • 1945 жылы пединститутқа Н.Байғанин есімі берілді, 1958 жылы таратылды. 1966 жылы 2 маусымнан қайта ашылды.
  • 1946-1947 оқу жылында қалада 3 жұмысшы жастар мектебінде 294 адам оқыды.
  • 1946 жылы қалада 3 бюджеттік, 8 ведомстволық кітапхана жұмыс істеді, 12591 кітап болды.
  • 1947 жылы теміржолшылар клубында 7 үйірме, 132 өнерпаз болды.
  • 1948 жылы Ақтөбеде 6180 радио нүктесі болды.
  • 1948 жылы Ақтөбе облыстық методикалық кабинеті негізінде мұғалімдердің білімін жетілдіру институты ашылды.

Л.НҰРКЕЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button