Жастар

Дипломмен ауылға барған Дана

Мемлекет басымдық беріп отырған «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы елді мекендердегі маман тапшылығын жоюға бағытталған. Бүгінгі күні облыстың ауыл-аймақтарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласында жас мамандар абыройлы қызмет етіп жүр. Олар бүгінде ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуда. Сондай жас мамандардың бірі —  Тамды ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Дана Нұржанова.

Дана — Әйтеке би ауданы Милы елді мекенінің перзенті. 9-сыныпқа дейін ауылдағы орта мектепте білім алған ол жоғары сыныптарды Алға қаласында оқыды. 2010 жылы орта мектепті аяқтаған соң М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсті. Аталған оқу орнын 2017 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша бітірді. Одан кейін жас маман «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында жолдамамен Алға ауданына келіп, аудандық орталық аурухана басшылығының ұйғарымымен Тамды селолық округіне жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызметке орналасты. Тамды елді мекенінде дәрігер болып еңбек еткеніне 1,5 жылдан асқан Дана бүгінде ауыл халқына беделді, сыйлы.

Өткен жылы Дана бағдарлама аясында бір реттік көтермеақы мен 3,6 млн теңгеге үстемесіз несие алып, үй сатып алыпты. Қазір Дана сол үйде ата-анасымен тұрып жатыр.

Мен отбасында жалғыз баламын. Сондықтан осы ауылға ата-анам да көшіп келді. Өз еркіммен осы ауданды таңдап, бағдарлама аясында дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа орналастым. Қазір амбулаторияда 7 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы желтоқсан айында ауылдық дәрігерлік амбулаториямыз күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бүгінде амбулаториямыз жарық, жайлы, ғимаратқа су, көгілдір отын келіп тұр. Күндізгі стационар да жұмыс жасайды. Науқастар күндіз емдеу мекемесінде емін қабылдап, дәрі-дәрмегін алып кетеді. Тамды ауылы облыс орталығына да, аудан орталығына да жақын. Екі мыңға жуық тұрғыны бар, — дейді жас дәрігер.

Дана басында бейтаныс ауылға қызметке келгенде біраз қиындықтар болғанын айтады. Дегенмен қасындағы әріптестері мен ауыл тұрғындарының қолдауымен жас дәрігер өз жұмысына да, ортасына да тез сіңіседі. Бүгінде бір ауылдың дәрігері болып отырған Дана болашақта тәжірибе жинақтап, медицинаның белгілі бір саласын таңдап, оқуын жалғастырмақ.

Әңгіме арасында жас маманнан «Неге өз ауылыңа емес, басқа ауылға бардың?» — деп сұрағанымызда:

Милы — кішкентай ғана ауыл. Онда тек фельдшерлік пункт қана бар, дәрігерлік амбулатория жоқ. Жұмысқа орналасу үшін маған Әйтеке би ауданының орталығына бару керек болды. Сол себепті қалаға жақын әрі отбасылық жағдайыма байланысты Алға ауданын таңдадым. Осы ауылға келіп, қызмет етіп жатқаныма еш өкінбеймін. Ауылдың тұрғындары өте жақсы, қарапайым. Ал туған жерім болса, ол жаққа да болашақта өз үлесімді қосамын, — дейді жас маман.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Өткен жылы «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша 460 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша былтыр 603 маман бағдарлама аясында қызметке орналастырылған. Өткен жылы 603 маманға 634 633,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие берілген.

Бағдарлама аясында жас мамандарды жұмыспен қамтыған аудандардың ішінде Темір ауданы алғашқы орында тұр. Бүгінде ауданда 64 маман қызмет жасап жатыр. Одан кейін Алға ауданы — екінші орында. (57 адам). Ал үшінші орында — Әйтеке би ауданы (53 адам). Сондай-ақ өткен жылы Ақтөбе қаласының аудандарына барлығы 109 маман еңбекке орналастырылған.

Дана Нұржанова бүгінде дәрігерлік амбулаторияда таңертеңгі 8.00-ден түскі 13.00-ге дейін тұрғындарға қабылдау өткізсе, түстен кейін науқастардың үйін аралап, қарияларға, балаларға көмек көрсетеді. Кей кездері ол шақырту түссе, күн-түн демей, ауырған тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп, ем жасайды. Өз мамандығын ерекше қадірлейтін жас қай уақытта да халықтың игілігіне қызмет етуге дайын.

  • Өзім сияқты жастарға айтарым: қолда бар мүмкіндікті пайдаланыңыздар, ауылға барып еңбек етіңіздер! Қазіргі таңда жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Қалада баспанасыз жүрген жастар ауыл-елді мекендерге барып, баспаналы болып, қызмет етсе, одан артық не керек?! Сондықтан «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға барып, қызмет жасап, туған жердің көркеюіне үлес қосыңыздар. Жастар үшін маңыздысы атақ пен абырой емес, ең маңыздысы, болашаққа деген сенім мен елге деген құрмет, — дейді Дана Нұржанова.

Айта кету керек, бүгінде аталған бағдарлама аясында Алға ауданында білім беру, денсаулық, мәдениет салаларында елуден астам жас еңбек етуде.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button