Әкімдер есебі

Міндеттер мен мүмкіндіктер

Ақтөбе қаласы іргесіндегі 2500-ден астам тұрғыны бар Өрлеу ауылында жергілікті тұрғындарды бірқатар әлеуметтік мәселелер алаңдатады. Бұл жайында қаланың Алматы ауданы әкімінің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму туралы тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтылды. Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, сондай-ақ коммуналдық мекеме басшыларымен қатар, Өрлеу, Қурайлы, Елек, Георгиевка ауылдарының тұрғындары қатысты.

Облыс орталығы өткен жылдың наурыз айында Астана және Алматы аудандарына бөлінген болатын. Алматы ауданына бұрынғы Қарғалы, Благодарный, Қурайлы ауылдық округтерінің аумақтары мен қаланың ескі бөлігі кірді. Аудан халқы 219 мың тұрғыннан асады.

Өткен аптадан бері қала аумағында аудан әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулерінің  өтіп жатқаны белгілі. Осындай есепті кездесу Өрлеу ауылындағы №57 орта мектеп ғимаратында өткізілді. Есептік кездесу барысында Алматы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Дарин 2018 жыл бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыты, ауыл шаруашылығы саласы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытындағы және әлеуметтік салада атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

Ол аудан құрылған сәттен бастап жүзеге асырылған инвестициялық жобалар, жаңадан ашылған жұмыс орындары туралы айтты.

— Бүгінде ауданда 12 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды. Өндірілген өнім өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі, қалғаны коммуналды базарлар мен басқа да сауда желілері арқылы халыққа сатылады, — деді Б.Дарин.

Ол өз баяндамасында аудан көлемінде инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Есепті кезең ішінде аудан бойынша 10 545 метр орталықтандырылған су құбыры жүргізіліпті. Мұндай жұмыстар Өрлеу, Қарғалы елді мекендері көшелерінде де жүзеге асырылған.

Тұрғын үй-коммуналдық бағыты бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, қаланың Алматы ауданы бойынша 10 автокөлік жолы күрделі жөндеуден өткізіліп, 7 аумаққа қиыршық тас төселген. Сол сияқты, есепті мерзім ішінде Алматы ауданы бойынша салынған жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы — 30 397 шаршы метр.

— Алматы ауданы аумағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары  сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 72,6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1 209 пәтер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама негізінде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында  195 мың шаршы метр, яғни 3108 пәтер беру жоспарлануда, — деді Бақұзақ Дарин.

Айта кету керек, былтыр Алматы ауданы бойынша жеке және заңды тұлғалардан 127 арыз-шағым түсіп, қаралған, тұрғындармен 20-дан астам кездесу өткізіліп, осының нәтижесінде тиісті жоспарлар құрылып, абаттандыру, инфрақұрылымдық және басқа да жұмыстар жүзеге асырылыпты.

Есептік кездесу кезінде жергілікті тұрғындар облыс, қала басшылары алдында бірқатар әлеуметтік мәселелерді айтты. Атап айтқанда, автокөлік жолдарын жөндеу, маршруттық автобустардың жұмыс сапасын көтеру, жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына беру, жергілікті дәріхана ашу, сумен жабдықтау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер көтерілді.

— Ауылымыздың шетінде су сору стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұрын ол жер қоқыс полигоны болатын. Зауыттан шыққан қалдықтар да осы жерге төгілетін. Қазір бұл аймақта шаруалар мал өсіріп отыр. Біз сараптама қорытындысын көрген жоқпыз. Сондықтан бұл аймақтың экологиялық қауіпсіз екеніне кім кепілдік береді? — деді ауыл тұрғыны Клара Айжарықова.

Кездесу кезінде Ілияс Испанов қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станса мен «Ақбұлақ» мекемесінің басшыларын орындарынан тұрғызғанымен, олар бұған қатысты жарытып ешнәрсе айта алмағандықтан, бұл мәселе қала әкімінің тікелей бақылауына алынатын болды.

Бүгінде Өрлеу ауылы маңында  5 карьер бар. Жергілікті тұрғындар жаз айларында осы карьерден көтерілетін шаңның ауылды басып, қолқаны қабатынын айтты. Әсіресе, карьерге қатынайтын жүк көліктері жолды бұзып, қатынасты қиындатып отырған көрінеді.

— Біз карьерді кірпіш зауыты үшін ашқанбыз. Мұндағы жұмыстарды мердігер компаниялар аяқсыз қалдырған. Біз мердігерлердің ісін сотқа бердік. Себебі олар өз жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс. Бүгінгі күні Өрлеу ауылына баратын жолдың сметалық құжаттары дайын. Алдағы уақытта ауыл ішіне «Ақылды қала» жобасы аясында бір бақылау қондырғысын орнатпақпыз. Бұл өз кезегінде жол салу ісін қадағалауға әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталмақ, — деді І.Испанов.

Ал ауыл тұрғыны Индира Ықтиярова балалар ойын алаңының талапқа сай еместігін айтып: «Балалардың ойын алаңы қорымға жақын маңда салынған. Аты болғанымен, ойын алаңының ішінде балаларды қызықтыратын ешқандай құрылғы жоқ», — деген оның сауалына шаһар басшысы:

— Ойын алаңының бейіт маңында болуы дұрыс емес. Көктем шығысымен мен сіздерге келемін, сосын барлығымыз бірігіп ойын алаңы болатын жерді бірге таңдап, жасақтайтын боламыз. Қажетті құрылғылармен қамтамасыз етеміз, — деді.

Кездесу барысында көтерілген мәселелердің барлығына да толық жауап берілді.

Тұрғындар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осындай халықпен кездесулер ақтөбеліктердің өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Біз сіздерді толғандыратын мәселелер жайында білеміз. Әрине, оларды бірден шешу мүмкін емес. Бірақ кезең-кезеңімен және жүйелі түрде шешіледі, — деген Бердібек Сапарбаев қалаға жақын орналасқан Өрлеу ауылының болашағы зор екенін айта келе, алдағы уақытта бұл елді мекен маңында атқарылатын жобаларға да тоқталып өтті.  Соның бірі ұзындығы 18 шақырымдық шаңғы тебетін алаң жүзеге асырылмақшы.

Облыс әкімі абаттандыру, санитарлық тазалау, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына баса назар аударды. Ол бұл проблемалардың шешімі екі жаңа аудандық әкімдіктердің бірінші кезектегі міндеттері болып табылатынын атап өтті. Дегенмен тұрғындар да бірыңғай тұтынушылық мінезден арылуы тиіс. Мысалы, ауылда жасыл желек жоқтың қасы. Егер тұрғындар тілек білдірсе, әкімшілік көшеттер тауып беретіні даусыз . Сондай-ақ облыс басшысы тәрбие мәселесін назардан тыс қалдырмау қажеттігіне де тоқталды. Әсіресе, ауыл ақсақалдары жергілікті жастарды ізгі істерге жетелеуі қажет. Ал жастар спорттық және мәдени шаралардың маңында көбірек жүргені жөн болар еді. Мысалы, мектепте акт залы да, спорт залы да бар, жастар осыны тұрақты пайдалана білуі керек қой.

Өз сөзінде облыс басшысы Ақтөбе қаласының 150 жылдығында әрбір тұрғын туған қаласын тәртіпке келтіруге атсалысуы керек екенін де айтты.

Сенбіліктер өткіземіз, бірақ оған қатысып жатқандар аз. Ал Отанға деген махаббат өз үйіңнен, өз аулаңнан басталады. Тазалық пен тәртіп әрқайсысымызға байланысты. Біз өз өлкемізге, өз жерімізге қамқор болуымыз керек. Бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзін қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button