Жаңалықтар

Ұжымдық келісімшарттың талаптары орындалды

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Капитал Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС басшылығымен және ұжымымен кездесті. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен ұжымдық келісімшарттардың орындалуы талқыланып, үшжақты меморандумға қол қойылды.

Жиынға сондай-ақ облыстық басқарма басшылары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен серіктестік жұмысшылары қатысты.

  • Өткен жылы облысымызда Мемлекет басшысының экономиканың даму қарқынын төмендетпеу, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді өткен жылдардан жоғары деңгейде ұстау жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалды. 2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы өңірімізде экономиканың даму қарқыны 5 пайыз болды. Бұған сіздердің де қосқан үлестеріңіз бар. Бүгінгі күні «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы — өңірдегі мұнай, газ өндіретін үлкен кәсіпорындардың бірі. Жалпы компанияның былтырғы көрсеткіштері жаман емес. Өкінішке қарай, өткен жылы әртүрлі себептерге байланысты өңірде мұнай мен газдың өндірілуі 2017 жылмен салыстырғанда біршама төмендеді. Ендігі міндетіміз — мұнай мен газдың өндірілуін жоғарылату, инвестиция көлемін арттыру. Ал жалақы мәселесіне келсек, «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы — өңірдегі жалақысы ең жоғары компаниялардың бірі. Сондықтан компания басшылығына осы орайда ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар компания былтыр Астана қаласының 20 жылдығына орай елордамызда тұрғызылған «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің құрылысына 20 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Сондай-ақ өткен жылы компания тарапынан көрсетілетін негізгі әлеуметтік міндеттер мен көмектер толығымен орындалды, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін жиында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Ринат Ізмұханбет өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылға арналған міндеттер туралы есеп берді.

Оның айтуынша, компания өткен жылы 591,2 мың тонна мұнай, 499,2 млн текше метр газ өндіріп, негізгі инвестиция көлемі 1 179,2 млн теңгені құраған. Ал биылғы жылы жоспар бойынша кәсіпорын 634,3 мың тонна мұнай, 633,5 млн текше метр газ өндірмек. Яғни өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы мұнай көлемі — 107,3 пайызға, газ 127,0 пайызға артады деп жоспарлануда.

  • Бүгінгі күні компанияда 569 адам жұмыс жасайды. Оның 24,2 пайызы әкімшілік-басқару бөлімінде қызмет етсе, 75,8 пайызы — өндірістік қызметкерлер. Өткен жылы серіктестікте ұжымдық келісімшарттың талаптары толығымен орындалды. Қызметкерлердің жалақысы уақтылы беріліп отырады. Атап айтсақ, былтыр қызметкерлердің жалақысы 10-15 пайызға көтерілсе, биыл да бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ өткен жылы компанияның жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру және мамандарды даярлауға арналған бағдарламасына сәйкес 572 жұмысшы жалпы мөлшері 83 миллион теңгеге оқу курсынан өтті. Ал мамандар арасындағы өзара кәсіби шеберлікті анықтау мақсатында өткен жылы компания басшылығы «Үздік маман-2018» байқауын өткізіп, нәтижесінде 7 номинация бойынша үздік мамандар марапатталды, — деді серіктестік басшысы.

Жиында сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Ғабит Әбілғазин баяндама жасап, кәсіподақ тарапынан жұмысшыларға көрсетілген қолдау мен атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі компания басшысына өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар қызметтің өзіндік құнын төмендетуді, компания жұмыстарында негізгі үлесті арттыруды, ұжымдық келісімшарттағы барлық талаптарды орындауды, сондай-ақ халықтың әлжуаз топтарын қолдап, оларға көмек көрсетуді тапсырды.

  • Биылғы жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Кеше Елбасымыз Жастар жылының ресми түрде ашылу салтанатында Үкіметке, басқа да мемлекеттік органдарға тапсырмалар берді. Алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына орай біздің өңірімізде жастарды баспанамен, жұмыспен қамту үшін барлық жағдай жасалуы керек. Осы бағытта компания өз үлесін қосуы керек. Сондай-ақ өткен жылы облысымызда қолға алынған «Бақытты бала» жобасы биыл да жалғасады. Аталған жоба аясында компания өткен жылдағыдай қайырымдылық іс-шараларына қатысып, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім балаларға қолдау көрсетуі керек. Сонымен қатар биылғы жылы біз Ақтөбе қаласының 150 жылдығын атап өтеміз. Бұған дейін айтқанымыздай, осыған орай қаламызда көптеген іс-шаралар өтеді. Ең бастысы, әрбір ақтөбелік қаламыздың мерейтойына осы шаһардың тұрғыны ретінде өз үлесін қосуы керек. Бұл шараға сіздердің компанияларыңыз да атсалысуы тиіс, — деді облыс басшысы.

Жиын соңында еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС басшылығы облыс әкімдігі және аймақтық кәсіподақ бірлестігімен үшжақты меморандумға қол қойды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button