Жаңалықтар

Аналар алқа тағынды

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында бір топ ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды.

Алдымен аналарға сәні мен салтанаты келіскен ғимарат іші таныстырылып, кейінғимараттың үшінші қабатында орналасқан «Әйел даңқы» залында шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.

Шараға көпбалалы аналармен қатар тыл ардагері Сәлима Оразбаева, облыстық мәслихаттың депутаты, әнші Светлана Айтбаева қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 28 желтоқсандағы №818 Жарлығына сәйкес Ақтөбе қаласындағы 15 көпбалалы ана мемлекеттік наградалармен, яғни «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталды.

Екі ана «Алтын алқа» тағынса, 13 адам «Күміс алқалы» болды.

Салтанатты жиында көпбалалы аналарды қала әкімі Ілияс Испанов құттықтады.

— Бала үшін қашан да ананың орны бөлек. Ана — отбасының ұйытқысы, берекесі. Бүгін сіздерді қуаныштарыңызбен құттықтау үшін «Анаға тағзым» орталығына шақыруымыз да тегіннен-тегін емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін орталықтың ашылуындағы негізгі мақсат та осы болатын. Қаламыздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында сіздерге риясыз күлкі мен бақыт тілеймін. Отбасыларыңыз аман болып, тәрбиелеп өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің бетке ұстар азаматтары мен азаматшалары болып өсуіне шын жүректен тілектеспін, — деген қала әкімі 15 көпбалалы анаға наградаларын табыстады.

Тұрсынай Берданова — «Алтын алқа» иегері. Жеті баланың анасы бүгінде Қандыағаш қаласында тұрады.

— Балаларымның үлкені 14-те, ал кішісі бір жарым жаста. Төрт балам мектепте оқиды. Жолдасым құрылыс саласында жұмыс жасайды. Өзім қазір бала күтімімен үйде отырмын. Бұған дейін Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұрғанбыз. «Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясымен Қандыағаш қаласынан екі бөлмелі пәтер алып берді. Бір айдан бері сонда тұрып жатырмыз, — деген Тұрсынай Берданова аналарға құрмет көрсетіп жатқан Елбасына, қалалық әкімдік өкілдеріне аналық алғысын білдірді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button