Жаңалықтар

Азық-түлік бағасы бақылауда ма?

Тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалы атқарушы биліктің тұрақты бақылауында. Әсіресе, бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасын назарда ұстау маңызды.

Тұтынушылар нарығында бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысында облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, тиісті органдардың аталған бағыттағы жұмыстары нәтижелі болуы керектігіне тоқталды.

Облыс орталығының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының ағымдағы жағдайы және қаңтар айында күтілетін тұтыну бағалары индексі туралы Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Қуантайұлы баяндап берді.

Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың 19 түрінің 17-ісі бойынша баға республикалық орта көрсеткіштен төмен. Жергілікті сауда орындарында бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, сиыр еті, күнбағыс майы, тауық еті, пияз бен тұз салыстырмалы түрде төменгі бағамен сатылады. Бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар аясында азық-түлік түрлерінің жетпестігі мен бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Осы бағытта Ақтөбе қалалық әкімшілігі 31 кәсіпорынмен 16 меморандумға қол қойды.

Ақтөбе қаласында кеңінен қанат жайған супермаркеттер желісі сауда үстемесін

10 пайыздан асырмай, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауда. Бұл ретте «Анвар», «Дина» сауда желілері, сондай-ақ «Сапа маркет» супермаркеті өзгелерге үлгі көрсетуде.

«Жаңа Әлжан ұн комбинаты», «Ақтөбе-нан», «Рамазан», «Айс плюс», «Тау» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ бірқатар жылыжайлар, ет өндірушілер Ақтөбе тұрғындарын бірінші кезекте өз өнімдерімен қамтамасыз етуге міндеттемелер қабылдады.

Ал қаладағы негізгі сауда базарлары өз кезегінде жалға алушылар үшін бағаны көтермей, облыстың тауар өндірушілеріне сауда орындарын басымдықпен ұсынуды жүзеге асыруда.

Ақтөбе қалалық әкімшілігі аптасына бір рет сауда орындарындағы әлеуметті маңызды тауарлар бағасына мониторинг жүргізіп тұрады.

Өткен жылы тұрақтандыру қорына 1500 тонна картоп, 80 тонна қырыққабат, 100 тонна сәбіз, 200 тонна пияз салынған. Биылғы 1 қаңтардан бастап бұл өнімдер 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесімен «Табыс» коммуналдық базарында, шағын базарлар желісінде, әлеуметтік павильондарда сатылуда.

Жиында бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Ақтөбе облысы монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ерғалиев айтты.

— Жалпы алғанда азық-түлік өнімдерін өткізу нарығындағы ахуал салыстырмалы түрде алғанда тұрақты, бүгінгі күні дабыл қағарлықтай жағдайға жол беріліп отырған жоқ,— деді ол. — Өткен жылдың қараша айында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы әріптестерімізбен бірлесіп осы үш өңірдегі бірқатар компаниялардың қант бағасын белгілеуге байланысты келісімдеріне тексеру жүргіздік.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев өз сөзін өткен жыл қорытындысы бойынша орындаушылық тәртіп мәселесіне арнады.

Былтыр тұтыну нарығында бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың жеті мәжілісі өткізіліп, бірқатар мемлекеттік органдарға, сонымен бірге тиісті кәсіпорындарға тапсырмалар берілген. «Анвар», «Дина» сауда желілері басшылығы мемлекеттік мерекелерді өткізу аясында жыл бойы қала тұрғындары үшін акциялар ұйымдастырып, жеңілдіктер жасағаны атап өтілді.

Бағаны тұрақтандыруға байланысты мәселе талқыланғанда аудандарда азық-түлік бағасына талдау жүргізіле бермейтіні сыналды. Баға мониторингін ұсынғанның өзінде азық-түлік бағасының көтерілу себептері көрсетілмейді.

— Көктемге қарай бірқатар азық-түлік өнімдерінің, оның ішінде көкөністің бағасы көтерілуі мүмкін. Сондықтан, бір жағынан, тұрақтандыру қорының мүмкіндігін пайдаланып, екінші жағынан, оңтүстік өңірлермен байланыс орнатып, осы мәселені ескеру қажет, — деді жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button