Жаңалықтар

Әрбір жасқа тұлға деп қарауымыз керек

Кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық топ мүшелерінің басқосуы өткізілді. Жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерімен кездесу мәселесі талқыланды.

Ақпараттық топтар құрамында облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қаламгерлер, еңбек ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

М.Тоқжанов ақпараттық топ мүшелеріне Елбасы Жолдауларын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, басқа да маңызды құжаттарды тұрғындарға түсіндіру мақсатында өткен жылы жақсы жұмыс жасалғандығын айтып, алғысын білдірді. Сондай-ақ алдағы міндеттерге де тоқталды. Ол міндет — Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған тақырыптарды талқылау, осы мақаладан туындайтын міндеттерді жастармен бірге саралау.

— Кеше ғана Елбасының қатысуымен Астанада форум өткізіліп, Жастар жылы ресми бастауын алған болатын. Осы жиында Елбасы атаулы жылдың басталуына старт беріп, Жастар жылы аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Ақпараттық топ мүшелері жастармен жиі кездесуі керек. Қазір жастардың көзқарасы басқаша, олардың құндылықтары өзгеше, көше тәрбиесіне көбірек көңіл бөлетіндер бар. Сондықтан, Елбасы мақаласында айтылғандай,  ұлттық құндылықтарымызды, төл тарихымызды білетін, бағалайтын, мақтан ететін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін сіздер секілді қоғамда сыйлы азаматтар жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерімен жиі кездесіп, пікірлескендері дұрыс, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық топ мүшелері былтыр Елбасы Жолдауы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған мәселелерді халық арасында насихаттау мақсатында 1200-ден астам кездесу өткізген.

— Биыл да осы қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. Облыста алты жоғары оқу орны, 24 орта арнаулы оқу орындары бар. Осы оқу орындарында әртүрлі салада еңбек еткен ардақты, тәжірибелі ардагерлеріміздің көмегімен жастармен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Б.Елеусінова.

Жиынға қатысқан Амангелді Айталы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Алтай Тайжанов, Нұртаза Абдоллаев, Көшкінбай Ахметов, Келдібай Еспағамбетов, Серік Ботағарин сынды әр салада еңбек етіп жүрген аға буын өкілдерімен бірге үкіметтік емес ұйым мүшелері де өз пікірлерін білдірді. Басқосуға қатысушылардың дені жастармен кездесудің формасын өзгерту қажеттігін бірауыздан айтты.

Профессор, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаевтың айтуынша, бұл шаралар тиімді болуы үшін бұрынғыдай 20-30 минуттық ұзын-шұбақ баяндамалар оқылатын стандартты кездесулерден бас тарту керек. Мұндай жиындар пікірталас түрінде өткізілуі тиіс.

— Елімізде 14-29 жас аралығында 5 миллионға жуық жас бар. Біз осы жастарға ақыл үйретеміз, бірақ олар біздің ақылымызға мұқтаж ба? Біз әлі күнге дейін жастарға жоғарыдан қарап, оларға үйрету керек деген психологиядан арыла алмай жүрміз. Жастар өсіп келе жатыр, он жылдан кейін олар билікке келеді. Он жылдан кейін қоғам уақытпен бірге өзгереді. Сонда жастардың бойында қандай қасиет болуы керек? Біздің зерттеуіміз бойынша, жастардың 15-17 пайызы білімді, білікті жастар, олар Қазақстан үшін, оның болашағы үшін өздерінің жауапты екендіктерін түсінеді. Біз, аға буын өкілдері, сары уайымға салына бермей, жастардың жақсылықтарын көре білуіміз керек. Оларды болашақты билейтін, басқаратын ұрпақ келе жатыр деп бағалауымыз керек, әрқайсысына тұлға деп,  сыйластықпен қарауымыз қажет. Жастармен кездескенде де оларды толғандыратын тақырыптарын зерттеп, сол тақырыптарға орай сөз арнауымыз керек. Сонда ғана біз жастарға әсер ете аламыз, сол кезде ғана бұл шаралар тиімді болады, — деді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы. Ғалым билік өкілдеріне облыстағы 14-29 жас аралығындағы жастардың демографиялық картасын жасауды ұсынды.

Жиынға қатысқан аға буын өкілдерінің әрқайсысы ұсыныстарын айтты. Белгілі қаламгер Мейірхан Ақдәулетұлының айтуынша, жастар ғана емес, жалпы тұрғындар арасында әдебиетті көбірек насихаттау қажет. «Рухани жаңғырудың төресі — әдебиетті оқу», — деді ол.

Жиын соңында М.Тоқжанов оқу орындарында аға буын өкілдерімен бірге әртүрлі салаларда  жетістікке жетіп жүрген жастармен, спортшылармен де жиірек кездесу өткізу қажеттігін айтты. Жоспар бойынша 30 қаңтар мен 1 ақпан күндері облыстық ақпараттық топ мүшелері Ақтөбе қаласындағы 30 оқу орнында кездесулер ұйымдастырмақ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button