Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандар шығаратын өнімдер: тапсырыс пен сұраныс

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестіктерінің оқу-өндірістік кәсіпорындарында тапсырыстарды орналастыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Шараға өнеркәсіптік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері және қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Жиында алдымен сөз алған Қайрат Бекенов бүгінгі шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, яғни қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетіп, тапсырыстар орналастыру мәселесін шешу үшін ұйымдастырылып жатқанын айтты.

— Жақында Ақтөбеде облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге арналған «Біз біргеміз!» атты үлкен шара өткені белгілі. Жиында мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, олар жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер өздері өндіретін өнімдердің көрмесін ұйымдастырды. Көрме жұмысымен танысқаннан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл көрменің нәтижесі болуы керектігін баса айтып, мүмкіндігі шектеулі жандардың өнімдеріне деген сұранысты арттыруға, оларға қолдау көрсетуге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Соған байланысты біз бірнеше қоғамдық бірлестіктермен кездесіп, олардың жұмысына талдау жасадық. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестіктерінің ірі компаниялармен бірлесіп жасап жатқан жұмыстарының нәтижелі екенін көз жеткіздік. Талдау нәтижесі көрсеткендей, бұл бірлестіктердің шығарған өнімдерін тек ірі компаниялар ғана емес, сондай-ақ орта компанияларда пайдалануға болады, — деді Қайрат Бекенов.

Жиында «Қазақ саңыраулар қоғамы» ұйымы оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Людмила Казанец аталған мекеменің жұмысын баяндады. Бүгінде мұнда 65 адам еңбек етеді. Тігін цехындағылардың басым бөлігі — жарымжан жандар.

Людмила Казанецтің айтуынша, тігін цехында шығарылатын тауарлар өте сапалы. Онда негізінен тапсырысқа байланысты арнайы киімдердің барлық түрлері өндіріледі.  Сондай-ақ, төсек жабдықтар тігіледі. Ол өз сөзінде өнімдерді өткізуде кейбір кәсіпорындар тарапынан қолдау болмай жатқанын жеткізді.

Шара барысында «Пандус-ОК» ЖШС жетекшісі Шахан Жолдасбаев та сөз алып, серіктестік өндіретін өнімдер туралы айтты. Шахан 2014 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алған. Сол кезден бастап аталған серіктестік  Ақтөбе қаласында пандустар салу бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Қазір облыс орталығындағы бірнеше құрылыс компанияларымен бірлесіп жұмыс жасап жатыр.

— Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Соған байланысты 150 жобаны бірлесіп жүзеге асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді, — деді Шахан Жолдасбаев.

Басқосу кезінде өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің басшылары оқу-өндірістік кәсіпорындардың жағдайы туралы жан-жақты әңгімелеп, шешілмей жүрген мәселелерін ашық айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестіктердің тапсырыстарын орналастыру бойынша кәсіпорындардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button