Жаңалықтар

Қолайлы бағдарлама арқылы пәтер ал!

Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы аясында әр отбасының баспана алуына мүмкіндігі бар. Қазіргі күні облыста 25 құрылыс компаниясы коммерциялық мақсатта көп қабатты тұрғын үй салумен айналысады. Негізгі құрылыс жұмыстары Батыс-2 ауданында жүріп жатыр. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры  кезінде құрылысты аралатқан Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ұшқын Мыңбаев тұрғындардың пәтерге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіріп берді.

Қаланың Болашақ ауданындағы «Болашақ премиум» тұрғын үй кешенін аралаған БАҚ өкілдері бұл жерде «Гранд Комплекс» ЖШС салып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйді көрді. Үйде 192 пәтер бар. Бір шаршы метрінің құны 150 мың теңгеден басталады. «Ақтөбе хром қосындылар» зауытында жұмыс істейтін жас маман Еркебұлан Байметов осы үйден үш бөлмелі пәтер алыпты.

— Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. «7-20-25» бағдарламасы шыққан кезде мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырыстық. Әйелім екеуіміз ойлана келе осы үйден үш бөлмелі пәтер алуды көздедік. Есептеп көрсек, айына 30-35 мың теңгеден 25 жыл  несие төлейді екенбіз. Бұл біз үшін тиімді болды. Қазір құжаттарын реттеп жатырмыз, — дейді Еркебұлан.

Жалпы аталған бағдарлама бойынша пәтердің бір шаршы метрі 140-160 мың теңге көлемінде болады. «Нұр Ақтөбе» ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер бұрын тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылатын болса, қазір оларды «7-20-25» бағдарламасы арқылы алуға болады.

— Бағдарлама екінші деңгейдегі сегіз банк арқылы жүзеге асырылады. Жеке меншігінде үйі жоқ әрбір азамат осы бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізуіне болады. Ол үшін пәтер құнының жиырма пайыз мөлшеріндегі бастапқы жарнасын жинауы тиіс. Мәселен,  бір бөлмелі пәтердің құны

5-6 миллион теңге болса, тұрғын 1 миллион теңгені бастапқы жарна ретінде банкке салады. Ал қалған қаржыны банк арқылы 25 жылға 30-35 мың теңгеден төлеп отырады. Пәтер жалдап жүрген отбасылар осы мүмкіндікті пайдаланып қалғаны жөн.  Қазір бағдарламаның тиімділігін халыққа кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы да таратылып, халық жиі шоғырланатын жерлерде кездесулер өткізілуде. Жалпы биыл 2250 пәтер тапсыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Нұр Ақтөбе» ауданында  1341 пәтері бар 27 үш қабатты  және 1767 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Қазірдің өзінде 468 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылуға дайын тұр. Осы үйлерден баспана аламын деген азаматтар халық кеңсесіне келіп, кеңес алуларына болады. Бұл жердегі мамандар жан-жақты түсіндіріп береді, — деді қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаев.

Ал батыс өңірі бойынша жұмыс істейтін  «Баспана» ипотекалық ұйымының директоры Гүлнара Дабылованың айтуынша, баспана алар кезде бұрынғыдай азаматтың жекеменшігінде үйі болғаны тексерілмейді. Егер сіздің дәл қазіргі күні меншігіңізде  үйіңіз болмаса, жеті пайыздық үстемемен 25 жылға дейін несиеге баспана алуға мүмкіндігіңіз бар.

Баспасөз турына қатысушылар Батыс-2 ауданында «Батыс премиум», «Жібек жолы» тұрғын үй кешендерін аралап көрді. «Батыс премиум» кешеніндегі үйлердің кейбіреулері жиһазбен жабдықталған. Ас үй, қонақ бөлме мен жатын бөлмелеріне талғамға  сай жиһаз қойылып, тіпті теледидар мен тоңазытқышқа дейін орнатылған. Мәселен, бұндай пәтерді алған отбасы үйге қажетті жиһаз аламын деп әуре болмайды. Жиһаздың ақысын пәтердің құнына қосып төлейді.

— Ипотекалық несиесі бар азаматтарға банк қосымша несие бере бермейді. Сондықтан отбасылар үй салушы компаниямен келісіп, қандай жиһаз қажет екенін айтып, орнатып алса, оның құнын пәтердің құнына қосып өтейді. Бұл да тұрғындар үшін тағы бір мүмкіндік, — деді Ұшқын Мыңбаев.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button