Жаңалықтар

«Қайырымдылық керуені» байқауына қатысыңыз!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы өз жалғасын табуда. Байқау шарттары туралы облыста жасақталған комиссия мүшелері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ақпараттық қолдаушысы «КТК» телеарнасы болып табылатын жобаның мақсаты — қайырымдылық идеяларды дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Өткен жылдың қарашасынан бастап биыл ақпанға дейінгі кезеңде еліміздің барлық өңірінде үміткерлерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Конкурс жеңімпаздарының есімдері ақпан айының соңында, яғни Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында белгілі болады, — деді комиссия мүшелерінің бірі, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлжан Сағындықова.

Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасованың айтуынша, лауреаттар бес аталым бойынша анықталады. Олар — халқымыздың салт-дәстүрлеріне байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған «Асар», білім беру, экология және көріктендіру салаларында туған өлкеге көмек көрсетіп жүрген жандарға бағытталған «Туған жер», ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқарып жүргендер үшін «Мейірім жолында», ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамдарға қолдау көрсету мақсатында «Батыл жүрек» және қайырымдылық тақырыбында қалам тербеп, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін «Қайырымдылық тарихы» аталымдары.

Конкурсқа кәсіпкерлік құрылымдары мен қайырымдылық қызметті мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс сияқты қолдау арқылы жүзеге асырып жүрген тұлғалар қатыстырылмайды, — деді С.Шынтасова.

Баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Купеновтың айтуынша, облыста қайырымдылық жасау мәдениеті жылдан-жылға дамып келеді.

— «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы осы мақсатты көздейді. Біз бұл конкурсты қолдаймыз. Сондықтан барлық ұйымдастырушылық, ақпараттық қолдау жұмыстарын көрсететін боламыз. Соңғы жылдары Ақтөбеде байқаудың бес аталымы негізінде көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, «Асар» номинациясы бойынша айтар болсам, қазір Ақтөбеде «Атамекен» аталар, «Асылым» әжелер ансамблі құрылып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттау бағытында жұмыстар атқарып жүр. Ансамбль мүшелері биылдан бастап аудандарға, оның ішінде шалғайдағы ауылдарға барып, жергілікті халықпен кездесіп, әңгімелесіп,  концерттік бағдарламаларын ұсынады. Сол сияқты, Ақтөбеде биыл үшінші жыл қатарынан «Туған жер» акциясы кең көлемде ұйымдастырылып жатыр. Былтыр 2 миллиард 800 миллион теңгеден астам қаражатқа 811 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобаның басты ерекшелігі — туған жерге  қолдау таныту. Сондықтан байқаудың «Туған жер» аталымына қатысудан ақтөбеліктер шет қалмайды деген сенімдеміз, — деген А.Купенов өз сөзінде Ақтөбеде еріктілер мәдениеті дамып, қоғамда мұндай ұйымдардың белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті. «Қазір Ақтөбеде еріктілер ұйымдары көптеп құрылып, нәтижелі жұмыстар  жасап жүр. Әсіресе, солардың қатарындағы «Үміт нұры», «Нұр шапағат», «Ақтөбе — қайырымды жандар мекені», «Дар» клубы секілді ұйымдардың жұмысын ерекше атауға болады», — деді басқарма өкілі.

Комиссия мүшелерінің бірі, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нүркееваның айтуынша, қайырымдылық кез келген қоғамның жетілуінде негізгі индикатор саналады. Ол Ақтөбе өңірінде бұл бағытта іс-шаралар өткізуге ерекше көңіл бөлінетінін де сөз арасында атап кетті.

Баспасөз мәслихатын өткізушілердің айтуынша, конкурсқа өтінім білдірушілердің жұмысы биыл 6 ақпанға дейін қабылданады. Үміткерлер қажетті материалдарды karavanaktobe@mail.ru  электронды поштасына жіберуіне болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button