Әкімдер есебі

Ұялы байланыс, мал ұрлығы және пойыз кестесі

Тұрғындарды осы мәселелер толғандырады

Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы және Мөңке би ауылдық округтерінде өз есебін берді. Үш ауылда да өткен жылы біраз ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Бірақ биылғы жылдың еншісіндегі мәселелер тұрғындарды алаңдатып отыр.

Жеке бастан гөрі ортақ проблемаларды алға тартқан жаңақоныстықтар ауылға ұялы телефон байланысының аса қажет екенін бірауыздан айтты. Күнара өтетін еңбекшілер пойызын тұрғындардың қатынасына ыңғайлап өзгертуін өтінді. Аққайтым ауылында жеке тұрғындар үшін мал жайылымы тарлық етіп тұр. Күнкөрісі төрт түлікке тәуелді ауылда мал ұрлығы тыйылмай отыр. Оған қоса ит-құстан келетін қауіп көп. Тіршіліктің көзі —  ауыз судың әр үйге кідіріссіз кіргенін қалайды.

Ал Есет Көтібарұлы ауылдық округінің тұрғындары үшін өткен жыл жайлылығымен есте қалыпты. «Жарық бар, газ, судың рахатын көріп отырмыз, еңселі Мәдениет үйіміз ауылдың көркі» деген ауыл тұрғындары облыс, аудан басшыларына шынайы алғыстарын жеткізді. Ауыл ақсақалы Жәрдемберген Піралин Отан үшін қан төккен майдангерлерімізге аллея жасалып, ескерткіш белгі орнатылуы керек» деген ұсынысын ортаға салды.

Мөңкебиліктер де өткен жылғы атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тарғын Әміралин жастарымыздың өткен тарихты білуі өте маңызды нәрсе екенін айта келе, бүгінгі күні мектептерде бұған дейін бар мұражайлардың жабылғанына қынжылды. «Себебі, ауылдық жерлерде өткен тарихымызды жинақтайтын бірден-бір орын — сол мектеп мұражайы еді», — деді.

Ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдаған аудан басшысы үш ауылдағы мәселенің барлығы да күн тәртібінде тұрғанын, әр ұсыныс кезең-кезеңімен іске асатынын сенімді түрде айтты. Өйткені екі жыл қатарынан ауданның бюджетіне 500 миллион теңге көлемінде кіріс кіргенін айтып, «Бұның барлығы аудандағы 50 мың халықтың еңбегі, яғни сіздердің арқаларыңыз», — деді.

Аудан басшысы бірлік пен тәртіп болған жерде қай істің де өз деңгейінде атқарылатынын айтты.

«Бұрын ұялы телефон байланысын орнату үшін бір елді мекенде 1000 тұрғын болу талабы қойылатын, биыл ол 500 тұрғынға түсті, енді жаңақоныстықтарға мүмкіндік бар. Ал еңбекшілер пойызының кестесі теміржол жұмысшыларына ыңғайлап жасалатын болады.

Мал ұрлығын жасағандарға кешірім жоқ. Олар тиісті жазасын алады. Ауданның малын басқа жерге сату дұрыс емес. Ауданда ет комбинаты бар, апта сайын жәрмеңке өткізіледі, мал етін сатуға жағдай жасалған, сондықтан өзіміз өсірген малдың өнімдерін өз жерімізге өткізген жөн. Ал аллея жасап, майдангерлерге ескерткіш-белгі орнату тәрбиелік мәні зор игі іс. Мен бұл істі ұйымдастыруды ауыл әкімдеріне тапсырамын», — деген аудан әкімі биыл да  көптеген игі істердің жүзеге асатынына тоқталды. Халықтық кеңсе ашылып, ардагерлер үйі бой көтереді. «Анаға тағзым» ғимаратын салу жоспарда бар, екі мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, біреуінің құрылысы басталады, тағы басқа нысандар іске қосылмақ.

Әр ауылдағы жиында аудан басшысы  Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өтетін шараларға  шалқарлықтар өз деңгейінде атсалысуы керектігін жеткізді.

Ақтөбе қаласының әкімі шалқарлықтарға орталықтан, Әлия Молдағұлова даңғылының маңынан жер берді, сол жерге өз қолтаңбамызды әйгілеп тұратын көркем дүние саламыз, бұл жауапты жұмысқа сіздерді қолдау көрсетеді деп сенемін», — деді.

 Қыдыралы  ӘЛИН,

Шалқар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button