Ақтөбе — 150

Балалар кинотеатрға шақырылды

Ақтөбедегі «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығындағы «Кинопарк» кинотеатрында жетім және ата-ана қамқорлығынан тыс қалған 150 бала тегін фильм тамашалады. Бұл шараны Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «150 игі іс» акциясы аясында Ақтөбе қалалық мәслихаты, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен қаланың Астана ауданының әкімдігі  ұйымдастырды.

Кинотеатрға келген балаларға тегін попкорн, тәтті сусындар таратылды. Қолдарына бір-бір құтыны ұстаған балалар танымал «Гринч» балалар мультфильмін көрді.

— Кино — адамдарды бір-біріне жақындастырады. Махаббат, мейірімділік, бір-біріне құрмет көрсету, аяушылық сезімдерінің барлығы фильмде жақсы көрсетілген. Осы арқылы балаларды бауырмалдыққа, үлкенді сыйлауға тәрбиелейміз. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер, іскер азаматтар  осындай балаларды көркем фильмдерге апарып, оларға жақсы көңіл күй сыйласа, кейінгілерге үлгі болады. Биыл Ақтөбе қаласына 150 жыл толады. Айтулы шараға әр тұрғын өз үлесін қосса деген ұсынысымыз бар, — деді қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова.

Жалпы бұндай акцияны  танымал қазақстандық кинорежиссер Тимур Бекмамбетов  және «Асыл бала» қоғамдық қоры бастады. Игі шара қазір жер-жерде жалғасын тауып жатыр. «Ақтөбе Кинопарк» ЖШС-ның басшылығы да бастаманы қолдап, фильмді тегін көруге мүмкіндік жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button