Ақтөбе — 95

«Кедейден» көш түзеген басылым

Оқырман ойы

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерекесі туралы сөз болғанда айтылмай қалмауы тиіс бір әңгіме ойға оралады.

1930 жылы Ақтөбе округі ажыратылғанда «Кедей» газеті екі ауданға — Ырғыз бен Темірге бөлінеді. Ал бұрынғы «Кедей» енді «Алға» атауымен шыға бастайды.

Осындай ретпен Ырғызда ашылған «Шаруа тілі» газетінің редакторлығына Қазыбек Әзірмәмбетов тағайындалады. Алты жыл бойы осы атауын ұстанған басылым жиырма жылдай «Колхозшы», одан беріректе «Ленин туы», ал 1965 жылғы 1 шілдеден «Ырғыз» атын иемденіп, өзіндік бағдар-ұстанымы бар газетке айналды.

Осы ізбен қарағанда біздің аудандық газетіміздің түп тарихы «Кедейге» барып тіреледі. Оның үстіне кезінде облыстың партия органдарында басшылық қызметтерде болған, облыстық газетте қызмет атқарған Кәрім Ержанов «Шаруа тілінің» қалыптасып кетуіне қолдай көмегін көрсеткен. Ол жергілікті баспахана жұмысының қалыптасуын қолға алып, газетке ауыл тілшілерін тарту бағытында еңбек етеді. Өзі де сол уақыттың көкейкесті мәселелерін көтеруге білек сыбана кірісіп, өткір сын мақалалар да жазады.

Осындай ағалар салған жақсы жолды, игі дәстүрлерді жалғастыруға біз де азды-көпті атсалыстық. Менің негізгі мамандығым мұғалім. Дегенмен, аудандық «Ырғыз» газетінде біраз уақыт жұмыс істеп, журналистиканың қазанында қайнадық. Реті келген тұста облыстық газетке де мақалаларымызды жолдап тұрушы едік.

2006 жылдан біздің аудандық газетіміздің облыстық «Ақтөбе» газетінің қосымшасы ретінде шығарылуы шығармашылық ұжымның жұмысына көп пайдасын тигізді. Газеттің сапалы басылуы қамтамасыз етілді, облыстық газет қызметкерлерімен байланысымыз нығая түсті, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды.

Ырғыз — тарихы бай, өткенінің өнегесі мол, табиғаты да өзгеше мекен. Бұл өңірден қазақтың талай дара тұлғалары өсіп шықты. Олардың тағылымы, халыққа жасаған пайдасы, азаматтық келбеті туралы облыстық «Ақтөбе» газеті ұдайы жазып келеді.

Қорытып айтқанда, өңіріміздің шежіресіне айналған байырғы басылымның мерейтойы қарсаңындағы қолға алынып жатқан шаралардың 95 жылдық тарихты тағы бір ой сүзгісінен өткізуге бағытталғанын біліп отырмыз. Мұны дұрыс деп ойлаймыз.

Кенжеқара ЖҰБАЙҰЛЫ,

ардагер журналист.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button