Тарих

Шекті Тілеу батыр Айтұлы

Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша  елімізде көптеген іргелі шаралар сәтті ұйымдастырылып, игілікті істерге айналып жатыр. Бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, Қазақ елінің бұрынғы өткен әйгілі хандары, ел бастаған билері мен қол бастаған батырларына жасалған ескерткіш-кешендер ұрпаққа үлгі болып, айтарлықтай рухани тәрбие беруде, қазақ елінің тәуелсіздігінің нығаюы, өркениетті еркін дамуы мен әлеуетті болашағы үшін халықтың сенімділік сезімін көтере түсуде. Құдайға тәубә дейміз, қазақ елі қол бастаған батырлар мен ел бастаған билерге кенде болмаған. Солардың аса көрнектілерінің бірі — Шекті Тілеу батыр Айтұлы.

Туған қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігін, байырғы атамекені – ата- бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінің амандығы мен тұтастығын сақтау үшін қанын төгіп, жанын беріп күрескен асыл перзенті әрі батыр, әрі би, ірі қолбасшы Тілеу Айтұлы болатын. Ақтөбе аймағының қаһарман ұлы Шекті  Тілеу батыр Айтұлы әскери комиссариаты, елді жұмылдырушы қызмет жүйесі, соғыс қажетінің қару-жарақтары мен құрал-жабдықтарын жасайтын өндірісі, сарбаздардың тұрмыстық қажетін қамтамасыз ететін интенданттық қызмет жүйесі жоқ

XVII ғасырдағы Қазақ хандығы заманында жаумен шайқасты. Қазақ елінің батыс аймағынан екі мың шақырымдай қашықтықта жатқан оңтүстіктегі Сайрам, Түркістан аймақтарын басып алу үшін жоңғарлар қанды-қырғын соғыс ашып, ел тағдырына қасіретті қауіп төндіргенде ондаған мың қол жинап басқарып барды. Сайрам соғысына қатысып, сол замандағы Алаштың гимні болған “Кеудеңде болса егер шыбын жаның, Жоғалтпа жер бетінен Қазақ атын!” (Әйгілі Қожаберген жырау) деген ұранмен үш жыл бойы жан алысып-жан берісіп соғысқан еді. Ол туралы Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында (8-том, 631-бет, Алматы,2006 ж.) былай деп жазылған:

ТІЛЕУ  АЙТҰЛЫ (1630, қазіргі Ақтөбе обл. – 1684, Сайрам қ.) – би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді (шын аты-жөні Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі, сопы, діндар, Керейт руынан) пір сайлауға қатысқан (сөйлеп, ұсыныс жасаған). Тілеудің Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді балалары болған. 1681-84 жж. жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың  қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып, соғысқан. 1684 ж. Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болды. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар атындағы көше бар. Кіші жүздегі  рулы ел Тілеу есімімен аталады. “Тілеу-Қабақ” әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Тілеудің тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, саясаткер Марат Тәжин, т.б.»

Тілеу батыр туралы тарихи деректер бүкіл қазақ еліне белгілі. 2000 жылдың мамыр айында бір топ Тілеу баба ұрпақтары Түркістан қаласына барып баба рухына тағзым ету қажет деп шешті. Ұйымдастырылып жатқан шараларды Ақтөбе облысының  әкімі Аслан Есболайұлы Мусинге баяндадық. А. Е. Мусин біздің ниетімізді қолдап Түркістан қаласының әкіміне хат жазып беріп, осы өте маңызды рухани шараларды Түркістанға барып, баба ұрпақтарымен бірге өткізісіп қайту үшін облыстық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Асқар Шерияздановты жіберді.  Сол жылы тамыз айында Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында 200-дей ақтөбелік арнайы үш вагонмен Түркістан қаласына барып, Тілеу Баба рухына тағзым етіп, ас берді. Қазіргі Қазақ елінің абыройлы азаматы Аслан Есболайұлы Мусин өзінің Түркістан қаласының әкіміне жолдаған хатында “…өзі батыр, өзі би Тілеудің ондаған мың жасағымен Сайрам соғысына қатысып, ел тәуелсіздігі үшін қан майданда күресуі – біртұтас қазақтың бөлінбей, сыртқы жауға қарсы жұмылған елдігінің куәсі… Ұлы адамдардың рухтары кейінгіні жарылқап жүретіндігінің бір мысалы осы… Бабалар есімін құрмет тұтып, ізгілікті іске жетекші болған барлық азаматтарға, Түркістан қаласының басшылығына, мұражай қызметкерлеріне біз ерекше алғысымызды айтамыз…” деп шынайы жүрек сезімімен жазған еді.

Түркістан қаласы жұртшылығының және сонда барған ақтөбеліктердің қатысуымен Тілеу батыр Айтұлы туралы арнайы ғылыми-тағылымдық конференция өткізілді. Конференцияда Тілеу батыр Айтұлының және ол бастаған мыңдаған ақтөбеліктердің Сайрам соғысындағы жанқиярлық ерлігі туралы зерттеуші ғалым Жұбаназар Асанов өте маңызды да деректі баяндама жасады. Ал Қазақ Ұлттық ғылым академиясының президенті,Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, академик Мұрат Жұрынов өзінің сөзінде: “Ақтөбелік бауырлар! Сіздердің қасиетті де киелі Түркістанға келетіндеріңізді естіп, зор қуанышпен қарсы алып жатырмыз. Батырлар елінің азаматтары осылай жасаса игі деп риза болып отырмыз… Қалмақтар Жетісудан бастап, көзіне көрінгенді қырып-жоя отырып, Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ даласының батысынан қол бастап келген Тілеу бабамыз сіз-біз деп бөлінбей, елдің болашағы үшін соғыста шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқының болашағы не болар еді?… Тілеу батыр осы уақытқа дейін неге дұрыс бағасын алмай келді?… Қазақ елінің алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы ұрыста ерлік көрсетіп, қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде, мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені қалмақтардың қолында Сайрам кетсе , Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, Парсы еліне сіңіп кетер ме еді, кім білген? Қазақтың жеке-дара хандық құрып, халық болып отыруына, ерліктің, елдіктің туы көкке көтеріліп, жеңіске жетуіне, ұрпақтардың бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу атамыздың қосқан жанкешті ерлігі орасан… Осындай шешуші кезеңдерде батыс өңірдің халқы үлкен рөл атқарып, көзсіз батырлық көрсетіп отырды… Келешекте Тілеу батыр туралы мәліметтерді жинақтап, университеттің студенттеріне біліп жүретіндей, насихаттап жүретіндей жағдай жасаймыз. Еліңді сүйсең осы Тілеу батырдай сүй. Баласын да аямай, өзін де аямай қазақтың болашағы мен келешегін сақтап қалған батырдың өмірі жастарды тәрбиелеуде кең орын алатын, өнегелі үлгі болатын тұлға – осы Тілеу атамыз деп есептейміз. …Тілеу Түркістанды жан-тәнімен қорғады ғой. Біздің парызымыз – батырға өз орнын беру, атын шығарып, рухын көтеру. Біздің университет ұжымы Тілеу батыр туралы арнайы бағдарлама енгізіп, студенттерге дәріс беретін болады. Оған сеніңіздер… Ақтөбе жері – батырлар елі. Қазақтың болашағын сақтап қалуға жан аямай үлкен үлес қосқан қасиетті ел. Сіздердің Түркістанға осы келгендеріңіз айтып жүретін, күллі Қазақстанға үлгі болатын іс. Мысалы, Түркістанда бабасы жерленбеген қазақ жоқ. Бірақ сіздер сияқты қай жерден, қай елден, кімдер келіп жатыр. Мен әзірге білмеймін. Сіздерге үлкен рақмет! Облыс әкімі Аслан Мусиннің қабылдауында болдым, іскер басшы, зиялы азамат, осы сіздердің келістеріңіз Мусиннің рухани жоғары адам екенін көрсетеді. Міне, осындай басшылар тұрғанда, ақтөбеліктердің мерейі, әрине, үстем болады. Бұлардың бойында бабаларынан қалған қан бар. Осы істі бастап жүрген азаматтарымыздың рухының биіктігіне ризамыз. Тілеу батыр рухы асқақтай берсін!» — деп ерекше жүрекжарды көңілін білдірді. Түркістанда өткен конференцияға және  арнайы ұйымдастырылған басқа да шараларға қала әкімі мен оның орынбасары, академик Мұрат Жұрынов бастаған университет ғалымдары  қатысты. Конференцияның өту кезінде Түркістан қаласының әкімі мен Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінің “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директорына Ақтөбенің ардақты перзенті, ұзақ жылдар бойы облыстық партия комитетінің хатшысы болған, елге сыйлы азамат Кеңес Нокин мен Тілеу бабаның тікелей ұрпағы, шалқарлық абыройлы ақсақал Жүгініс Төлегенов Тілеу батыр Айтұлының Сайрам соғысына қол бастап кірер алдында Тәуке ханмен кездесу үшін Түркістан қаласына барған сәтінен көрініс картинасын тапсырды.

Ұлы бабаға тағзым салтанатында Түркістан қаласындағы республикаға белгілі ақын Қаныбек Сарыбаев өзінің Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу батыр туралы “Түркістан – баба қала бәрімізге,

Емдейтін санамызды дәріміз де…

Ақиық Ақтөбенің шектілері

Түркістан – астанамыз деп біледі…

Қазаққа қалқан болған Тілеу-Қабақ –

Үш жүздің тарихында біреу ғана-ақ!

Тәукені Түркістанда хан көтерген,

Құлпыртып табанында кілем қабат.

Айқаста айрықтанып Сайрамдағы,

Адамның сұңқарына айналғаны.

Қасына Иассауидің жайғасыпты

Шектінің шексіз ойлы Пайғамбары! –

деген Тілеу батыр туралы өлеңін барынша тебіренген шабытпен оқып берді.

Ақтөбеден Түркістанға барған адамдар тобын жазбай және оларға Алматыдан, Астанадан, Атыраудан, Қызылордадан келіп қосылған Тілеу баба ұрпақтары Қожа Ахмет Иассауи мавзолейіне барып, аралап,барлық жағдаймен танысып, музейдегі ескерткіш тақтада жазылған сонда жерленгендер тізімінен Тілеу батыр, Жолдыаяқ батырлар есімдерін көріп, үлкен тебіреніс үстінде құран бағыштап, зиярат жасады. Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінен сыртқа шығар сәтте ойда жоқ, бізді таң қалдырған бір жайт болды. Біз ой-өрісі кең, білікті, сезімтал, бірақ ойындағысының бәрін шешіліп айта бермейтін адам деп жүретін Кенекең, Кеңес Нокин Кемейдолла Төлеубайға: “Кемейдулла, сенің ойыңа қазір не келіп тұр? Мен қайран қалып тұрмын. Біздің азаматтық санамыздың қалыптасуына, шынайы тарихымызды білуімізге, қазақ деген ел болғанымызды осы халықтың перзенті ретінде толық мәнінде сезінуімізге өткен бодандық, одан кейінгі тоталитарлық кезеңдерде қандай қатаң кедергілер, тосқауылдар қойылған. Мына жатқан бабаларымыздың — әйгілі хандардың, билер мен батырлардың халқына қанын да, жанын  да беріп, өмірін қиып жасаған қызметін дұрыс білмей, білгеніміздің өзін айта алмай өтіп барамыз ғой өмірден. Осы кезге дейін Мәскеудегі Ленин мавзолейінен артық ештеңе жоқ деп келдік қой. Ал біздің бабаларымыздың Түркістандағы мавзолейі одан төрт ғасыр бұрын салынған екен ғой. Қандай керемет мавзолей!  Атамыз Тілеу батыр, баласы Жолдыаяқ батыр екеуі де осында жерленіпті. Бұл олардың елінің амандығы үшін құрбан еткен өмірінің өтеуі ғой! Алла тағаланың бұйырмысы шығар. Бұлардан басқа мұнда Ақтөбеден кім жатыр? Бұларды сонау мыңдаған шақырым жердегі Ақтөбеден осында қандай күш айдап әкелген және өздері ғана емес ондаған мың бауырларымыз келіп соғысқан. Әлгі “Отан үшін жан пида!” деген нағыз осы ғой. Осы сапарымыз өте мәнді болды деп ойлаймын. Ал мына түркістандық азаматтардың қабылдауы да, жасап жатқан қызметтері де, айтып жатқан сөздері де сондай риясыз, шынайы, жаныңды сүйсіндіреді» — деп көңіліндегі бар ойын ақтарыла айтыпты. Сонда Кемейдолла Төлеубайұлы оған: “Несін айтасыз, Кенеке, еш мүмкіндік болмады ғой. Біздің Тілеудің Тәңірберген деген аталығынан тарайтын Ыбыраш Карагулин деген ағамыз болатын, ертеректе орыс тілінде оқыған, заманына қарай сауатты, революционер атанған Әліби Жанкелдинмен мүдделес, қарулас серігі, кейін Алматыдағы Жамбыл атындағы филармония директоры болған еді. 1940 жылдардың аяғында сол ағамыз Шалқардағы бір кездесуде (ол колхоздың төрағасы болатын) өзінің Түркістан қаласына барғанын,  Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің шырақшысына жолыққанын, оның сонда жерленген Тілеу батырға қойылған құлпытасты көрсеткенін сол кездегі саясат ыңғайына қарай жан-жағына қарап алып, құпия хабар сияқты айтып еді. Ол кезде мен колхозда есепші болатынмын. Коммуниспін. Сол хабарды әрі қарай анықтай түсетіндей мүмкіндік болмады ғой. Әрине, өкінішті. Үлкендердің айтуынша Тілеу бабамыз өте ірі, алып тұлғалы, кез келген ат көтере алмайтын ауыр денелі, адамның сұңқары атанған аса сұлу, келбетті, елдің қамын ойлаған рухы биік, намысты адам болыпты. Ақылымен, қисынды да әділ билігімен, қайрат-жігері, батырлығымен, абырой-беделімен елге танылған Тілеу батыр Күлтөбеде жыл сайын өтетін елдік деңгейдегі жиналысқа әлденеше рет қатысқан, сөйлеп, ұсыныс жасап, елдік деңгейдегі жағдайлар бойынша шешім қабылдауға араласып жүрген, Әз Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан. Содан біздің елде “Атамыз Қара Тілеу Күлтөбеде сөз алған, Әз Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан” деген сөз қалған. Қорыта айтқанда Тілеу бабамыз Қазақ еліндегі жағдайлардан толық хабардар болып отырған екен», — деді.

Сол күні Түркістан қаласындағы Тілеу батыр және Жолдыаяқ батыр есімдері берілген көшенің салтанатты ашылуы өткізілді.

Тілеу батырдың зерделі ұрпақтарының асыл текті аталарын іздеп, ғасырлар қойнауындағы ерен ерліктің куәсі болған киелі Түркістанға баруы, аталар рухына тағзым етіп, құрбандық шалып, ас беруі, тарихтың өздеріне белгісіз болып келген жағдайларымен танысуы, Сайрамдағы қанды қырғын соғыс дегеннің не екенін біліп, мәні мен маңызын түсініп, жүрегімен сезінуі, өздеріне үлкен өмірлік сабақ, өзгелерге үлгі болды. Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Өскенбай Мәдиев айтқандай, Тілеу баба ұрпақтары да, түркістандықтар да бабалар рухын қалай қадірлеу керек екендігін жақсы сезініп, түсінді. Ал Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Түркістанның 1500 жылдық мерейлі салтанатын дайындап, өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы, зерделі азамат Асқар Әлихан мырза: “Сіздер, Тілеу батыр ұрпақтары, жалпы ақтөбеліктер киелі Түркістанның 1500 жылдық мерейлі тойы қарсаңында парасаттылықтың, біліктіліктің биік деңгейін көрсеттіңіздер. Бұл біздер білмеген, ойламаған, күтпеген жағдайлар. Сіздер киелі де қасиетті Түркістанның елдік мәртебесін, тіпті бүкіл түркілер әлемінің рухани астанасы мәртебесін бүкіл қазақ еліне түсіндіретіндей үлгі көрсеттіңіздер. Осындайда рухың арта түседі екен. Сайрам мен Түркістанның жоңғарлар шапқыншылығынан аман қалуындағы аруағыңнан айналайын әкелі-балалы Тілеу-Жолдыаяқ батырлардың, бүкіл 17 мың ақтөбелік сарбаздардың, бүкіл қасиетті Ақтөбе елінің қазақ халқының тағдыры үшін жасаған ерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны біз қазір, жайшылықта айтып тұрмыз ғой. Ал сол 1681-1684 жылдары 17 мың ақтөбеліктер келіп қорғамағанда Сайрам мен Түркістанның, қазақтың елі мен жерінің аман сақталып қалуы ұстараның жүзінде тұрғандай халде еді ғой. Ақтөбеліктердің сол жәрдемінің қадірін біздің бәріміз де, бүкіл қазақ елі де ұмытпауымыз керек. Сіздерге, қадірлі ақтөбеліктер, мың да бір рақмет», — деді.

Шын мәнінде толығырақ айтсақ, бірнеше жүздеген ақтөбеліктің арнайы келуіне барлық түркістандықтар өздерінің бағасы көтеріле түскендей болып қуанды, кәдімгідей садақа жасап, жеті шелпек таратып, біздің адамдарды бөліп-бөліп үйлеріне қонаққа шақырып, құрмет көрсетті. Біздер, осы ұсыныс хатқа қол қойған 15 адамның 9-ы, Тілеу батыр Айтұлының жанқиярлық ерлігіне байланысты Түркістанда өткен барлық тағзымды-тағылымдық шараларға бастан-аяқ қатысып, олардың рухани әсерін мерейлене сезініп, тебірене қабылдаған адамдармыз.

Сәл кейінірек сол Түркістандағы шараларды негізгі ұйымдастырушылардың бірі сол кездегі Шалқар ауданы әкімінің бірінші орынбасары Қанатбай Елеусізұлының “Егемен Қазақстан” газетінде (14.ХІ.2000 жыл) “Сайрам соғысының батыры” деген мақаласы жарияланды. Содан шағын үзіндіде былай делінеді: Ел аузында сақталған “Тілеу батыр” атты жырда Тілеудің хан сайлауына және Сайрам соғысына қатысуы туралы былай айтылады:

“…Үш ана Күлтөбеде жиналғанда,

Сөз тапқан атам Тілеу ойланбай-ақ.

Сайланған ханы Тәуке таққа отырып,

Үш ана тарқасады мақұлдап-ақ.

Адамның сұңқары деп атақ алған,

Бір қазақ Тілеудей-ақ жаратылмақ.

Атамыз Қара Тілеу бидің басы,

Замандасы Әз Тәуке хан қиялдасы.

Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп,

Сайрамды жермен жексен ойран етті.

Жан алып, жан беріскен осы ұрыста

Батыр Тілеу ат үстінде қапы кетті.

Сарбаздары кеңесіп, ақылдасып,

Батыр- бидің сүйегін

Иассауи дүрбесіне табыс етті…

Сарышолақ шайыр:

Қалмақты мынау асырған,

Қазақ емей кім екен.

Қанжығалы Бөгенбай,

Дулығалы Тама Есет

Айтулы ердің бірі екен.

Әз Тәукені хан сайлап,

Сопы Әзизді пір қойған

Атам Тілеу би екен – деп жырлаған.

Тілеу батырдың күресі – жалпы қазақ елінің, арғы бабалардан қалған атамекен жерінің бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін ұйымдасқан  қанды-қырғын соғыс болатын. Нәтижесінде қазақ елі мен жері жоңғарлардың шапқыншылық үстемдігінен, басып алып, иеленуінен аман алып қалынды. Тілеу батыр Айтұлы Әз Тәукені хан сайлау, Сопы Әзизді пір сайлау сияқты жыл сайын Күлтөбеде өтетін, елдік деңгейдегі шешім қабылдайтын ірі жиналыстарға қатысып, сөйлеп, ұсыныс жасап, ел билігіне тікелей араласып жүрген айтулы тарихи тұлға, белгілі би әрі ірі қолбасшы. Сондықтан да Тілеу  батыр Айтұлының елдік мәртебесі сонау қияндағы Сайрамдағы қанды-қырғын соғыста опат болған кезінде сол замандағы Қазақ елінің даңқты 18 ханы, 10 биі, 23 батыры мен қатар Түркістандағы сән салтанаты ерекше Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде жерленуіне лайық деп мойындалуынан да анық көрінеді.

Ал облыс орталықтарында және Астанада ескерткіштері тұрған, аруақтарынан да, қасиеттерінен де айналайын,  Әбілқайыр хан да (1693 ж. туған), Абылай хан да (1711ж.), Кенесары хан да (1802ж.) ол заманда әлі дүниеге келген де жоқ еді. Қазақтың елі мен жерін соларға және басқа да хандарға аман-есен жеткізген де сол Тілеулер және сонымен замандас қазақтың басқа да батыр-билері мен одан да арғы бабалары болатын. Сондықтан қазақ елінің тағдыры үшін қанды қырғын соғыста өзінің де, баласының да өмірін құрбан еткен Тілеу батыр Айтұлына Ақтөбе қаласында ескерткіш орнатылса бабалар рухына адалдық, елге үлгі, тәрбиелік маңызы зор іс болар еді.

Құрметті ақтөбеліктер! Біз жеке адамдардың елі үшін ерлігін де, ерен еңбегін де бағалау, құрметтеу керек екенін  жақсы түсінеміз. Бірақ тұтас алғандағы Ақтөбе аймағынан 17 мың қол жинап, сонау мыңдаған шақырым қашықтықта оңтүстікте жатқан Сайрамдағы жоңғарлармен қанды-қырғын соғысқа бүкіл ақтөбеліктер ел болып сол кездегі көліктің ең шапшаң түрі атпен барып,  қазақтың елі мен жерін өз ықылас-ниеттерімен ұйымдасып, жұмыла қорғап соғысудың жөні бөлек.  Бұл жеке бір  адамның ғана ерлігі  емес, үш жыл бойы қанын төгіп, жанын беріп, соғысып  көрсеткен бүкіл ақтөбеліктер дейтін елдің ерлігі! Ал Тілеу батыр – соның ұйымдастырушы күрескер қолбасшысы. Әскери мамандардың айтуынша, бұл кешегі ұлы Отан соғысына қатысқан үлкен бір дивизияның  қолбасшысымен қатар басшылық дәрежесі. (Бірақ Отан соғысы кезіндегілердің әскери техникасы, басқа да атысатын қару-жарағы, тұрмыстық қамтылуы, тылдан майдан шебіне шұғыл жету мүмкіндігі бөлек еді ғой). Ел тағдырына қауіп төнген кезде әскери күштің маңызы арта түсетіні белгілі. Кешегі Отан соғысы кезінде Ақтөбеде құрылған 101- атқыштар бригадасының құрамында алты (6) мыңға жуық  адам болған екен. Ол Сайрам соғысына Тілеу батыр бастап барған ақтөбеліктерден үш еседей аз. Солай болғанмен соғыстағы жағдайдың қиындығынан болар, сол 101-ші бригаданың соғысқа әскери дайындығын байқау үшін КСРО-ның лауазымы ең жоғарылар делінетін әскери қолбасшыларының бірі К. Е. Ворошиловтың Ақтөбеге келгенін ел біледі.

Елге қауіп төндірген сол Сайрам соғысында мыңдаған ақтөбелік, оларды басқарып барған Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болған. Тілеу батырдың Қазақ елінің амандығы үшін жанқиярлық ерлігі ұрпақ тәрбиесі үшін өшпес үлгі!

Ізгі ниетпен қолдау көрсетуді сұраушылар:

  1. Пана Әлиұлы Оралбаев– республикаға ерекше еңбегі сіңген

зейнеткер

  1. Жұбаназар Асанов – филология ғылымдарының докторы,

профессор

  1. Төлебай Құрманалин – республикаға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген

қайраткер

  1. Ниетжан Берікұлы – педагог ғалым, профессор
  2. Үкітай Серікбайұлы Байжомартов– экономист ғалым,

профессор

  1. Зәкіратдин Байдосұлы Байдосов– тарихшы ғалым, профессор, Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер
  2. Кемейдулла Төлеубайұлы – Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер
  3. Сматулла  Молдашұлы Беркімбаев– республикаға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер
  4. Идош Асқар – республикаға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер

журналист

  1. Өтеміс Әкімов – республикаға ерекше еңбегі сіңген

зейнеткер

  1. Әліби Қойлыбаев – республикаға ерекше еңбегі сіңген

зейнеткер

  1. Сағынтай Әлімбетов – бейнелеу өнерінің профессоры
  2. Жолдыбай Түменов – республикаға ерекше еңбегі сіңген

зейнеткер

  1. Шәймерден Мәуметов – республикаға ерекше еңбегі сіңген

зейнеткер

  1. Еркінбек Шүйінішбайұлы Елғонды – Ақтөбе теміржол дистанциясының директоры

***

Мұхит сал мұрасы — диссертациялық тақырыптың арқауы

Мәңгілік қатып-семіп қалған ештеңе жоқ. Дүние үнемі өзгеріс үстінде. Сондай процесс тәуелсіз Қазақ мемлекетінің білім беру мен ғылымы саласында да жүріп жатыр.

Білімі мен ғылымы бізден көш озық батыстың талабында диссертант бір тақырыпты ескі тәртіптегі біздегідей жеті-он жылға созып, уақытты бос өткізбейді, бұл — оларға жат. Ғылыми зерттеу жүргізу үшін ізденуші өз мамандығын жоғары оқу орнынан кейін магистратурада жалғастырып, терең білім алуы тиіс. Әлемдік білім беру, ғылым жүйесіне негізделгендіктен, магистрге бұдан кейін шетелдік докторантураға түсуге, ондағы жоғары оқу орындарында, т.б. қызмет етуге еш кедергі қойылмайды. Ал ғылыми дәрежелерді берудегі бұрынғы кеңестік үрдіс қаласақ та, қаламасақ та енді шектеледі. Бұл 2010 жылы 12 наурызда 72 мемлекеттің қатысуымен Болония келісімінде заңдастырылып бекітілді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Қазақстанның батыс аймағындағы іргелі оқу орындарының бірі — ғұлама ғалым, академик, қоғам қайраткері Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде бұдан екі жыл бұрын түрлі мамандықтар бойынша магистратура бөлімі ашылған еді. Аталған білім шаңырағындағы жаңашыл істің алғашқы оң нәтижелері көрінді.

Мемлекеттік грант иегері Бөрібай Кәртен 6N 0117 — Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің магистратурасын үздік — қызыл дипломмен тәмамдады. Сонымен қатар «Халық ақыны Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасындағы дүниетанымдық сипат» атты диссертациялық еңбегін ғылыми мәжілісте сәтті қорғап шықты.

Номадалық мәдениеттің синкреттік тұлғасының бірі — Мұхит сал Мералыұлы (1841-1918) еді. Есімі мектеп оқулықтарына енген. Оның әншілік дәстүрі негізінде жоғары оқу орындарынан жастар білім алып шығуда. Алайда Мұхит салдың шығармашылығын тек музыкалық тұрғыдан қарастыру басым. Поэзиялық мұраларындағы ойлау формаларының дүниетанымдық, тәрбиелік сипаттары терең таразыланып оқытылмайды. Сондықтан бұған тіл-әдебиет ғылымы тарапынан нұсқа-жол көрсетілуі қажеттілік. Себебі, сөз өнерін насихаттауда, дамытуда халық композиторларының орны айрықша. Олар әнші-орындаушы болуларымен қатар лирик ақындар да еді. Адамның нәзік сезімін, жан сырын шығармаларына негізгі арқау қылды. Олай болса, әдебиетіміздің өткен жолын тану үшін халық әнші-композиторларының туындыларын да саралауға тиіспіз.

Зерттеуші Кәртен Бөрібайдың «Халық ақыны Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасындағы дүниетанымдық сипат» атты тақырыпта көтерген мәселесі өзінің зәрулігімен құнды. Өйткені халық композиторлары Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Балуан Шолақ, т.б. мұралары жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізіліп, ал солармен тұстас, дәрежесі тең Мұхит салдың шығармалары назардан тыс қалған. Осы жайттарды ескеріп, оның қазақ әдебиеті тарихынан алар орнын дәлелдеу үшін зерттеуші ақын еңбектерін таразылаған.

Сондай-ақ ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші, этнограф, педагог, ақын Ғарифолла Құрманғалиевтың халық шығармаларын, Мұхит сал мұраларын кейінге сабақтастырудағы қызметін де жақсы талдап көрсеткен.

Мұхит сал Мералыұлының еңбектеріне әдеби тұрғыдан алғаш рет зерттеу жүргізуші  Б. Кәртен ақын қолданған сөздердің, тіркестердің мағыналарын талдап, салдың өзіндік тілдік стилін, шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін терең саралаған. Сол арқылы қазақ әдебиеті тарихында атқарған қызметін дәлелдеп шыққан.

Б. Кәртен көп ізденген. Бұған пайдаланылған дерек көздерінің молдығы нақты дәлел бола алады. Бұл ретте ол А. Затаевич, А. Жұбанов, Б. Ерзакович, 3. Қабдолов, Ә.Қоңыратбаев, А. Сейдімбеков, Р. Сыздықова, Қ. Жұмалиев сияқты ғалымдардың пікірлерін өзінің тұжырымдарына ғылыми дәйек ретінде орнымен қолдана білген.

Бөрібай Кәртеннің 6N 0117 — Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындаған «Халық ақыны Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасындағы дүниетанымдық сипат» атты диссертациялық еңбегі — сапалы, тиянақты орындалған жұмыс. Оның мазмұны, ғылыми деңгейі, рәсімделуі, жаңалықтары, қорғауға ұсынылған тұжырымдары, нәтижелері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылыми дәрежелер беру ережелерінің талаптарына толық сәйкес келеді.

Ғылыми-педагогикалық бағыттағы Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі Бөрібай Кәртеннің «Халық ақыны Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасындағы дүниетанымдық сипат» атты зерттеуі тың жаңалығымен фольклортану саласына қосылған, этномәдени танымдығы мол, көңіл толатын жақсы еңбек.

Жұбаназар Асанов.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button