Ақтөбе — 150

Қаладағы алғашқы мешіт

1869 жылы Елек өзенінің сол жағасында бой көтерген Ақтөбе әскери бекінісінде тұратын мұсылмандар қауымын жергілікті қазақтардан бөлек татар көпестері мен дін өкілдері құраған еді. Бекіністің шығыс бөлігіндегі төбелі-ойлы ауданы татар көпестерінің шоғырланған жері болғандықтан Татар слабодкасы аталған. Дәл осы жамағат уезд басшысы подполковник П.Сунгуровтың кезінде (1880-1885 жж.) қалада мешіт тұрғызу туралы мәселенің шешілуін сұраған екен. Алайда қаладағы мұсылмандардың саны аз болып, уездік қазына қаржысы да жетпегендіктен іс шешілмей, қала басшысы Сұлтан Сейдалиннің кезінде (1892-1893 жж.) тағы талқыланады.

Ақыры іс шешілмегендіктен 1900 жылы қаладағы барлық мұсылмандар кеңесе келе, өз қаражаттарын ортаға салып, мешіт құрылысын бастауды жөн көреді. Кіші Құрылтайда ақсақалдар Үлкен төбенің шығыс жақ етегіндегі алаңқайды таңдап, ақша жинау үшін қайырымдылық қорын ұйымдастырады. Түрлі қиындықтар мен 1901 жылғы аштыққа қарамастан қала мұсылмандары бастаған игі іс сол жылдың жаз айында мешіт іргетасын қалаумен басталып 1903 жылы жаз мезгілінде аяқталады. Халық боп көтерген кешенде мешіт, алыстан келген меймандарға арналған қонақүй, азаншы үйі, намаз оқуға арналған жазғы алаң, мал байлайтын орын мен тастан қаланған құдықболды. Жаңа мешітте алғашқы намаз 1904 жылы оқылды.

Ал осы Ақтөбе қаласындағы алғашқы мешітті көтеріп, ұрпақтың рухани кемелденуіне үлес қосқан азаматтар кімдер болды екен? Жергілікті тұрғын, көнекөз қария Арыстан атаның айтуынша, татар көпесі Шахбулатбай Джабаров, оның орынборлық досы Махмутбай Ибрагимов, С.Алюков, Х.Губайдуллин, А.Хусаинов, Ф.Забиров, М.Далатказин, А.Абдрашитов, Г.Сагадеев, Ахмет Садыков, Арынғазы сұлтан әулетінің өкілі Мырзақай Ғаббасов, Ибрагим мен қобдалық Табын руының өкілдері, мешіттің алғашқы имамы Ибрагим Мажитов, алғашқы азаншысы Ғарифолла Януаров, шебер Вали Усманов атты жандар еді. Сонымен бірге мешіт құрылысының аяқталуына ақша бөліп зор үлес қосқан 1892 жылы Орынбордан көшіп келген ақтөбелік алғашқы молда Ахмет Фазыл Құрбанаев (1934 жылы қайтыс болған) туралы да айтқанымыз жөн. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архив сайтында 1925 жылдын 7-ақпанынан бастап қалалық мешіттің жанынан 4 кластық балалар діни мектебі болғаны туралы мәлімет бар, онда татар слабодкасының молдасы Нуриахмет Ишмиев пен Гарифулла Януаров ұстаздық еткен.

Л.НҮРКЕЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат және экологияны ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button