Ақтөбе — 150

Ақтөбе тарихының кейбір беттерінен…

1913 жылы Ақтөбеде«Актюбинский городской вестник»әдеби-шаруашылық журналы жарық көрген. Оның редакторы, әрі журналисі, әрі баспагері Ақтөбе бекінісінің алғашқы тұрғындарының бірі Василий Иванович Мощенский болған. «В.Мощенский қазақ тілін үйреніп, еркін меңгерген. Ол — демократиялық жолмен сайланған алғашқы қала басшысы. Алғашқы баспагер. Алғашқы журналист. Ақтөбе қаласының алғашқы жылнамашысы және тарихшысы. Қалалық бау-бақша кооперативінің алғашқы басшысы және ұйымдастырушысы. Сондықтан Мощенский туралы естеліктерден революцияға дейінгі Ақтөбе тарихын бөліп айтуға болмайды», — деп жазады Е.Потудина/Мощенский «Город.Годы.Люди.Жизнь» кітабында.

Журналдың бірінші номері 1913 жылы шыққан. Онда облыс орталығының сол кездегі пайда болуы, қалыптасуы, тарихи дамуы туралы мақалалар жарияланған. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында журналдың 1913-1914 жылдары шыққан бірнеше саны сақталған. Небары 300 данамен тараған басылымға 25-30 адам жазылып, алып тұрған екен.

1913-1914 жылдары 24 рет шыққан журнал алдына ағартушылық мақсатты қойған.Онда шаруашылықты жүргізу, көшелерді жарықтандыру, жол салу, саябақтар мен гүлзарлар салу, орман, егін шаруашылығы, халықты сауаттандыру мәселелері туралы жазылған.

Журналдың редакторы, баспагері, таратушысы, журналисі, репортері, публицисі — бір ғана адам — Василий Иванович Мощенскийдің өзі болған.1912 жылы өңір губернаторына әдеби-шаруашылық журнал ашу туралы ұсынысын жолдаған. Губернатордың тапсырмасы бойынша Мощенскийді Орынборға шақыртқан арнайы тапсырмалар жөніндегі уәкіл Иоселианиұзақ келіссөзден кейін журнал шығаруға рұқсат еткен. 1913 жылы журналдың алғашқы санын өз қаржысына шығарған Мощенский 300 дана басылымның тек 40 данасын сатып, қалғанын тегін таратқан. Журнал соңғы, 24-інші санына дейін 300 данамен жарық көрген және дені тегін таратылған. Ондағы мақалалардың 90 пайызын Мощенскийдің өзі жазған. Этникалық мәселелерді жазғанда ұлтаралық татулыққа мән берген. Қазақ тілін еркін меңгерген ол көшпелі халықтың салт-дәстүрін де жақсы білген.

Журналдың 1914 жылдың 19 маусымындағы 17-санында 1880-1913 жылдардағы халық санының өсуі туралы жазған: «1880 жылы Ақтөбеде 409 адам тұрды, 1885 жылы — 1969 адам, 1890 жылы — 2143 адам, 1895 жылы — 3495 адам, 1900 жылы — 6804 адам, 1910 жылы 11790 адам, 1913 жылы 14122 адам тұрды. Үйлерге келетін болсақ, 1880 жылы Ақтөбеде 38 ағаш, 38 саман үй болатын болса, 1913 жылы 1380 үй болды», — деп жазды ол.

Ақтөбеде білім саласына да мән берілген. Журналдың 1914 жылғы 18-санындағы мақалада көрсетілгендей, ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында Ақтөбе уезінде  21 училище жұмыс істеген. Ең бірінші оқу орны — 1981 жылы Бөрте болысында ашылып, 1984 жылы Ақтөбе бекінісіне көшірілген орыс-қырғыз екі кластық училищесі. Уездік қалаларда қырғыз балаларына арналған жатақханасы бар мектептер ашу туралы шешім қабылданған. Осы училищелерді бақылау үшін 1879 жылы инспектор қызметі тағайындалып, оған Ыбырай Алтынсарин бекітілген. 1908-1912 жылдар аралығында Ақтөбе уезінде 103 бастауыш мектеп ашылған.

 Сағыныш Төремұратова, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты қызметкері.

(Ескерту: «Ақтөбе» газетінің биылғы 4-санында «Үш ғасырдың куәсі» атты мақалада «Можайский» деген сөз «Мощенский» деп оқылсын-ред.).

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button