Мереке

Асқақтай бер, Астана!..

Қазақ елі дүниежүзіне сауын айтып, мемлекетіміздің Елордасы — Астана қаласының 12-інші туған күнін тойлап жатыр. Былтырдан бастап Қала күнi мерекесi мемлекеттiк мереке ретiнде атап өтіліп келеді. Яғни, биыл да Астана күні қарсаңында қазақ жұрты үш күн, яғни 4,5,6 маусым күндері демалатын болады.

Тұсауы кесілгеніне биыл 12-ақ жыл болған шаһар төрткүл дүниені тамсандырған тарихи құбылысқа айналып үлгерді.

Қазығын қағып, жаңа орда тіккен күн, Қазақ елінің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тарихи шешімі қабылданып, астанамыз Астана болған құтты күн — барша қазақтың қазан көтеріп, ат шаптыратын ұлттық тойы екендігі хақ.

Елорда той қамына әлдеқашан кірісті. Той бірнеше күнге, бірнеше түнге  жалғасады. Мерекелік іс-шаралар салтанатты түрде 4 шілде күні ашылады. Осы күні «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мемлекеттік туды 111 метр биіктікке көтеру салтанатты рәсімі өтеді. Бұл шара барысында Мемлекеттік туымыз Астананың барлық нүктесінен көрінеді.

… Бірақ мерекелік көңіл күйді қалыптастыратын мәдени шаралар маусымның аяғында-ақ басталып кетті. Дүбір-думанға толы Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен ат арытып келгендер көп. Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарлар осыны айғақтайды. Қараңыз…

«Хан шатыры» — әлемдегі ең үлкен кешендердің бірі!

5 шілде күні елордалықтар көптен күткен «Хан Шатыры» ойын-сауық орталығының ашылуы болады. Президент сарайынан бастау алған Бас қаланың ғажайып ғимараты Астана қаласының жаңа орталығының кіндігінде орналасқан.

Екі жүз метрлік әдемі ғимарат тек елордалықтардың ғана емес, Орта Азияның ойын-сауық орталығына айналары сөзсіз.

Нысан негізінен берік те тұрақты монолиттік металл қондырғылардан тұрады. Металл қондырғылардың жалпы салмағы 2 300 тонна, ал тұтас тұғырға қондырылатын шатырдың биіктігі 150 метр болады.

«Хан Шатыр» орталығының 110 мың шаршы метр аумақты құрайтын жабық алаңы алты қабаттан тұрады. Шыны шатырлы алып орталықтың астында отбасылық демалыстарды өткізуге арналған жүзу бассейні, аквапарк, жабық жағажай, гольф ойнайтын кіші алаң, кішігірім көлшік пен ботаникалық саябақ, сонымен бірге, концерт залдары мен  бес жұлдызды отель орналасқан.

«Хан Шатыры» әлемдегі ең үлкен нысандардың бірі болып есептеледі.

Ғимараттың  ашылу рәсімінде «Көшпелілер» театрландырылған қойылымы өтеді.

Сонымен қатар, ұлттық мәдени орталықтарының би ұжымдары мен балет әртістері дайындаған «Күн адамдары» би қойылымы ұсынылады. Бұдан соң мереке Мемлекеттік капелланың жиынтық хоры мен ойын-сауық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы шақырылған әлемге танымал орындаушы Андреа Бочеллидің концертімен жалғаспақ.

«Хан Шатыры» СОО ашылу рәсіміне қатысушылар «Алтын адамның» көрсетілімін де тамашалайтын болады.

«Азия жаңғырығы»

Астананың 12 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» Халықаралық цирк өнерінің фестивалі шерумен басталды. Шеруді пілдер бастады. Иә, кәдімгі пілдер. Олардың ізімен түйелер, аттар, тіпті арыстандар мен жолбарыстар да жүрді. Шеруді үрлемелі оркестр сүйемелдеді.

Тұран көшесінде орналасқан Цирк ғимаратынан басталған шеру Сарыарқа, Кенесары көшелерімен, Республика және Қабанбай батыр даңғылдарымен өтіп, қайтадан Циркке дейін жалғасты.

26 маусым мен 12 шілде аралығында өткізілетін фестивальға  әлемнің түрлі елдері мен қалаларынан, соның ішінде, Қытай, Ресей, Еуропа мен Африкадан үздік цирк әртістері келді.

Бағдарламада әуе гимнасттары, акробаттар, жонглерлер, сайқымазақтар бар, олармен бірге экзотикалық жануарлар – үнді пілдері, уссурий жолбарыстары, Африка арыстандары, түйелер, аттар мен есектер де өнер көрсетеді.

Әлемнің экшн-фильмдері — Астанада

27 маусым мен 1 шілде аралығында Астананың ерекше қуатпен өсуі мен оның әлемдегі танымалдығы жоғарылауының тағы бір дәлеліндей болған «ASTANA» экшн-фильмдердің халықаралық кинофестивалі өтті. «Bazelevs» компаниясы мен Астана әкімдігінің бірлескен бұл жобасы Астана күніне арналды.

Фестиваль барысында көрсетілген фильмдер қазір әлемде сұранысқа ие болып отырған ең таңдаулы туындылар. Ресми бағдарламадан тыс АҚШ, Еуропа, Азия мен ТМД елдерінің 20-ға тарта толықметражды ойын картиналары көрсетілді.

Ұйымдастырушылар Республика астанасына әлем киносының жұлдыздарын, белгілі актерлер мен режиссерларды, мәдениет пен өнер қайраткерлерін, продюссерлер мен әлеуетті инвесторларды жинап, қазақстандықтарға нағыз кино мерекесін сыйлады.

Астанада төселген қызыл жолақ Канн мен Берлинде, Голливуд пен Венецияда жайылған жолақтан кем түскен жоқ. Астанадағы «қызыл жолмен» аты әлемге жайылып кеткен «Властелин колец», «Влюбленный Шекспир», «Убить Билла», «Английский пациент», «Криминальное чтиво», «Фаренгейт 9/11» секілді фильмдердің продюсері  Харви Вайнштейн, «Ерекше оқиға» номинациясы бойынша өзі жайлы түсірілген деректі фильмді таныстыруға келген әйгілі боксшы Майк Тайсон, Швециядан келген сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Дольф Лунгрен, екі дүркін «Оскар» сыйлығына ие болған американдық актриса Хилари Суонк, Оңтүстік африкандық продюсер, актер және режиссер Шарлото Коплей, қытайлық режиссер, шығыс жекпе-жегі жөніндегі фильмдерде төбелес сәттерін қоюшы Юэнь Ву-Пин, сондай-ақ Владимир Машков, Андрей Чернышов, Екатерина Редникова, Дмитрий Певцов және Дмитрий Харатьян секілді орыс жұлдыздары, басқа да әлем таныған кино майталмандары жүріп өтті.

«Астана-Арқау»

Ертең, 3 шілде күні К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында, сонымен бірге астаналық саябақта «Астана – Арқау» түркі музыкасының фестивалі басталады.

Оған әртүрлі тарихи жанрларда шығатын әлемге белгілі артистер қатысады. Жоғары бағаланатын және Батыс пен Шығыс тыңдаушыларын таң қалдыратын шамандық ән орындау, шаңқобызға арналған виртуоздық құрылымдар, көмеймен ән салу, эпикалық және аспаптық құрылымдар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің әуен сарыны орындалады.

Бұл мереке биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана

Ертең сонымен қатар Астаналық саябақта «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі басталады.

Астананың 10 жылдығында бірінші рет ұйымдастырылған бұл фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарының есінен кетпестей әдемі мерекеге айналған-тұғын. Содан бері ол жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Биыл фестиваль бағдарламасына «Көне қала — Бұзоқ», «Қымыз орталығы», «Әзіл-оспақ сайысы», «Алтыбақан» аясындағы жастар кеші» және басқа да жаңа мерекелік шаралар қосылды.

Фестивальға келген қала қонақтары мен тұрғындар көшпелі мәдениеттің туындыларымен, ұлттық бұйымдармен танысып, саятшылық өнердің қыр-сырына үңіліп, цирк әртістерінің қойылымдарын тамашалай алады.

Хан шатыры секілді ғып салынған сахналық алаңда дәулескер күйшілер түрік әуендерін күмбірлетіп, «Көшпенділер көкжиегі» деген атпен ақындар айтысы өтеді.

Астананың жас келбеті

Шілде айының 4-6 күндері «Бәйтерек» кешенінің алаңында және Есіл өзенінің жағалауында «Астана және Президент» фотокөрмесі мен Қазақстан суретшілерінің «Астананың жас келбеті» плэнері өтеді.

1997 жылдың 6-шы шілдесі күні Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы алғаш рет мәлімдеген болатын. Ал ҚР президентінің «Ақмолаға Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесін беру туралы» Жарлығы 1997 жылдың 10-шы желтоқсанында шықты.

Көрменің басты мақсаты — фотоматериалдар құралдары арқылы хронологиялық тәртіпте ел Президенті туралы, оның әлемдік саяси кеңістіктегі қалыптасуы мен рөлі және астананың дамуы туралы баяндау.

Қала тұрғындары мен қонақтары қылқалам шеберлерінің шығармашылық жұмыстарының қалай туатынын өз көзімен көруге мүмкіндік беретін плэнер өткізіледі. Тілек білдірушілер көркем суреттерді жасауға да қатыса алады.

Театр апталығы

Астананың 12 жылдығына ел театрлары мен құттықтап, қонақ боп келетін өзге елдің театр ұжымдары үлкен мереке ұйымдастыруды қолға алды. Қазір өткізіліп жатқан «Театр апталығы» фестивалі кеше Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыкалық-драма театрының екі бөлімнен тұратын М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен басталды.

Ал бүгін Ұлттық опера және балет театры Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының актерлері Шәмші Қалдаяқовтың тағдырынан сыр шертетін «Сыған серенадасы» поэтикалық музыкалық драмасын ұсынады.

3-4 шілде күндері Бейбітшілік пен келісім Сарайында Қазақстанда алғаш рет музыкалы-поэтикалық «Тентек» спектаклі көрсетіледі. Басты рөлде — Ресейдің халық әртісі, театр және кино актері Сергей Безруков. Бұл спектакльдің ерекшелігі сол, Есениннің поэзиясы рок-құрылымдармен, жалынды тангомен, сыршыл балладалармен, балеттік монологтармен берілген.

Скрипканың бекзадасы

Өнер әлемінде «срипканың бекздасы» атанып кеткен Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры, профессор Айман Мұсақожаева классикалық музыканы бағалайтындарға өнердің жауһарынан шашу шашты.

Ал ертең, 3 шілде күні Конгресс-Холлда композитор Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кеші өтеді. Кеш қонақтарының арасында Иосиф Кобзон, Стас Пьеха, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева сынды Қазақстан мен Ресей эстрадасының жұлдыздары, Астана қаласы мемлекеттік филормониясының Симфониялық оркестрі, Астана қаласы К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының артистері болады.

Николь Генри және Кимберли Дэвистің Астанаға сыйы

Астананың дәл туған күні — 6 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында американдық танымал орындаушылар Николь Генри мен Кимберли Дэвистің джаз кеші өтеді.

Мерекелік концерт аясында классикалық, қазіргі заманғы музыка, фольклор, рок және басқа да бағыттағы музыка жанрлары ұсынылмақ.

Асығың алшысынан түссін!..

Астана күні ұлттық мерекесінің қарсаңында  «Алтын сақа» ұлттық асық ату ойыны бойынша ІІ Ашық қалалық турнир өткізіледі.

Турнирді өткізу аясында қатысушылар мен көрермендер арасында асық ату ойыны бойынша әдістеме құралы таратылады.

Астана тұрғындары мен қала қонақтары Қазақстанның спорттық жылнамасында екінші рет өткізіліп жатқан осы нағыз халықтық ойынды көзімен көре алады.

Есіл ағады…

4-6 шілде күндері әдеттегідей Есіл өзенінің жағалауында астаналықтардың сүйікті бағдарламасына айналып үлгерген «Река звука» классикалық музыка кеші өтеді. Үш күн бойы ай астында өтетін «Река звука» аспапты әуен кешінің биылғы жаңалығы —  аспан аясындағы балет биі.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының Симфониялық оркестрі мен балет труппасы кеш қонақтарына өз өнерлерін паш етеді. Бірінші күні тұрғындар «Аққу көлі», 5 шілде күні «Жизель», келесі күні «Бақшасарай  фонтаны» балетін көре алады.

P.S.

Айбынды Астанамыздың туған күніне арналған мерекелік шаралардың бұл тек бір бөлігі ғана. Бұдан өзге де талай мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп жатыр.

Жоғарыда аталған мәдени шаралардан басқа «Толқындар әуені» классикалық музыка фестивальдары, дәстүрге айналған шаралардың тағы бірі —  «урбандық мәдениет» фестивалі,  жас қаламен бірге өсіп келе жатқан жеткіншектерге арналған «Астанадағы балалар аралы» атты шаралар ұйымдастырылып жатыр. Өңірлерден келетін үздік брейк-данс ұжымдары, паркур бойынша үздік командалар, сонымен бірге скейтбординг пен роллингтің хас шеберлері қатысатын «Эсктрим толқыны» шоу қойылымдары, ұлттық спорт ойындары да өткізіледі.

«Астана» ұлттық велокомандасының көшбасшылары Александр Винокуров пен Альберто Контадордың қатысуымен Астана Кубогы үшін бұқаралық веложарыс ұйымдастырылады.
Көше мәдениеті сайыстарына арналған «International street dance session» in Astana» шоуы, «Аспаздардың шеберлігі – сүйікті қалаға» атты аспаздық жәрмеңке

өткізіледі.

Кітап және поэзия мерекесінде халқымыздың ақын-жазушыларының шығармашылығы кеңінен насихатталып, Алаштың үш арысы — С.Сейфуллин, І.Жансүгіров пен Б.Майлиннің өмір жолдарынан үзінді қойылымдар көрсетіледі.

Астананың туған күніне есімдері әлемге мәшһүр өнер саңлақтарын Игорь Крутойдың рояльда сүйемелдеуінде посткеңестік кеңістіктегі ең танымал орындаушылардың бірі Александр Серов пен орыс баритоны, опера жұлдызы Дмитрий Хворостовский, сонымен қатар опера әншісі Андреа Бочелли, атақты ресейлік пианист Денис Мацуевтер концерт бермек.

Тойдың шырқау шыңы — Астананың дәл туған күні, 6 шілдеде «Астана-Арена» алаңында отандық және әлемдік өнер жауһарларының қатысуымен «Асқақтай бер, Астана!» концерті болады.

Интернет және Астана қаласы әкімі баспасөз қызметінің материалдары негізінде дайындалды.

Бетті әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button