Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Қобда жағасындағы ескерткіштер

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Ерлердің артық данасы,

Артықша Қобылан ағасы,

Халықтың қорған-панасы.

Ешкіқырғансағасы,

Ұлы Қобда жағасы,

Адамнан жоқ жаласы,

Тоқсанға жасы келгенде,

Судан болды жаласы,

Қартайып жетті қазасы.

Діңкиіп тұрған Қара оба —

Тоқтарбай қарттың баласы

Ер Қобыланның моласы».

Бұл жолдар — «Қобыланды батыр» жырының халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннен жазып алынған нұсқасынан үзінді. Жырды ақынның хатшысы Ахмет Ескендіров 1940 жылы қағазға түсіріп, Қазақ КСР ҒА Орталық ғылыми кітапханасына тапсырған. Қолжазба 9,3 мың жолдан тұрады. Нұрпейіс ақын жырды 17 жасында Махуат жыраудан жаттаған.

Осылайша, ауыздан ауызға жыр арқылы тараған деректер де Тоқтарбайұлы Қобыланды батыр кесенесінің Қобда бойында болғанын айтады.

ХІХ ғасыр басындағы орыс саяхатшыларының жазбаларында Қобда өңірінде Қобыланды батыр кесенесінің болғаны, бірақ оның сақталмағаны, үйіндіге айналғаны жазылған. Тіпті сол үйінді қалпында да кесененің нақты орны ұмытылмай, ұрпақтар жадына біржола орнығып қалған.

2007 жылы Жиренқопадағы жермен-жексен болған көне кесене орнынажаңа кесене тұрғызылды. Қобыланды батыр мемориалдық кешені — «Киелі жерлер географиясы» жобасына Қобда өңірінен енген нысандардың бірі. Ол республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады.

Қобыланды батыр мемориалдық кешені

Зерттеушілер Қара Қыпшақ Қобыландының қиялдан туған бейне емес, тарихи тұлға екенін айтады. Деректерге сай, Қобыланды Тоқтарбайұлы — Алтын Орда ыдыраған алмағайып замандағы Әбілқайыр ханның (1412-1468 жж.) төбе биі, сонымен қатар бас батыры. Жалпы, тарихта бірнеше Қобыланды болғаны белгілі.

Қобыланды батыр кесенесі ХІХ ғасырға дейін құлап қалса да, оның жерленген орны жұрт беріге дейін зиярат еткен, даңқы алысқа жеткен жер болса керек. Оған дәлел —  өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында бұл жерді Ноэль Шаяхметов, Сайым Балмұханов сынды ғалымдардың арнайы іздеп келуі. Ноэль Шаяхметов жетекшілік еткен жұмыс тобы көнекөз қариялардың көрсетуі бойынша, Қобыланды батырдың сүйегін қазып, алып кеткен. Сүйек алдымен Алматыдағы Орталық музейдің антропология зертханасында сақталып, соңынан Шаяхметов оны Мәскеуге әкеткен. Сөйтіп, 2000-жылдардың басында ғана қайта табылған.

2004-2005 жылдары Қобыланды батыр жерленген қорымда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, археологтар бұл жерде бұрын үлкен кесене болғанын анықтады. Кесененің ұзындығы — 11,6 метр, ені 8,9 метр болған. Кесене орнынан табылған кірпіш қалдықтарына зерттеу жүргізген ғалымдар оларды ХIV-ХV ғасырларға жатқызды.

Осы тұста Шаяхметов Мәскеуге әкеткен батырдың сүйегі елге қайтарылып, зерттеу жүргізу үшін, академик Оразақ Смағұловқа табысталды.

2006 жылғы тамызда батырдың сүйегі қайтадан бұрынғы өз қабіріне жерленді. Ал 2007 жылы Жиренқопада батырға арнап тұрғызылған мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Батыр кесенесінің сәулетшісі — Бек Ибраев. Кесене дулыға тәріздес етіп салынған. Биіктігі — 17метр, диаметрі — 16 метр. Кесене жанына музей және қосымша қызмет бөлмелері бар арнайы ғимарат салынған. Сондай-ақ, жергілікті жұрт «Қобыландының меңгіртасы» атап кеткен қайрақ тас та осы жерде тұр.

Абат-Байтақ кесенесі

Абат-Байтақ кесенесі — ХIV-ХV ғасырлардан қалған сәулет ескерткіші, қазақ халқы ежелден киелі санаған қасиетті жер. Бұл ескерткіш туралы деректер ХVІІІ ғасырдан бергі жазбалардан кездескенмен, мұнда кімнің жерленгені туралы әңгімеге әлі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Кеңес заманында кесенеде әйгілі Асан Қайғы бабамыздың баласы Абат батыр жерленген деген аңызға көбірек ден қойылды. Сонымен қатар, бұл жерде Жошы хан әулетінен шыққан Байтақ есімді әулие жерленген деген сөз де бар. Жалпы, соңғы уақытта бірқатар зерттеушілер бұл жерде билеуші, яғни Жошы әулетінің өкілдері жерленген деген тұжырымды алға тартып отыр. Өйткені, орта ғасырларда мұндай зәулім кесенелер, негізінен, билеуші әулет өкілдеріне арнап салынған.

Абат-Байтақ кесенесі Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай Бесқопа жазығында тұр. Кесене айналасы — әртүрлі ғасырлардан қалған құлпытастарға толы қалың қорым. Ескерткіштің бастапқы биіктігі 16 метр, беріге дейін 14,5 метр биіктікте сақталған. Күйдірілген кірпіштен салыныпты. Кесене туралы алғашқы деректі патша шенеунігі Петр Рычков (1712-1777 жж.) қалдырған. Рычков — Орынбордың ең бірінші губернаторы Иван Неплюевтің оң қолы болған адам.

ХХ ғасыр басында Жозеф Кастанье «Қырғыз даласында өлгендерге қойылған құлпытас» атты еңбегінде Абат-Байтақтың суретін берген. Кесене туралы ХХ ғасыр ортасындағы Г.Герасимов, А. Пугаченкова, М. Меңдіқұловтардың еңбектерінде де айтылады.

1979-1980 жылдары бұл жерде Серік Әжіғалиев басшылық еткен шағын экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізді. С.Әжіғалиев кесенені жобалануы жағынан порталды-күмбезді құрылысқа жатқызады, сондай-ақ, ол осы кесене туралы ел аузындағы аңыздарды да жазып алған.

2004-2006 жылдардағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға орта ғасырлық технология бойынша әзірленген кірпіштер пайдаланылған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2006 жылдың соңында аяқталды.

Абат-Байтақ — «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары» санаты бойынша діни және ғибадат орындары қатарында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген нысандардың бірі.

Бисен хазірет мешіті

Бисен хазірет мешіті Қобда ауданындағы Жаманкөл жайлауында орналасқан. Бұл ғимарат ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында тұрғызылыпты. Шатыры мен есік-терезелерінің жоқтығы болмаса, қабырғалары бүгінге дейін бүп-бүтін сақталған…

Ұзындығы — 15 метр, ені 8 метр болатын мешіт құрылысына әйгілі Бірман шебер басшылық еткен деседі. 10 терезесі, 1 үлкен есігі бар, екі бөлмелі мешіт болған. Бұқара, Стамбул қалаларынан білім алып келген Бисен хазірет бұл мешітті 16 жыл ұстап, шәкірттер тәрбиелеген. Кеңес заманында «Жарық» кеңшарының астық, тұқым сақтайтын қоймасы есебінде пайдаланылған. Кейін қараусыз қалып, әлдекімдересік-терезелерін бұзып әкеткен.

Бисен Абдоллаұлы 1878 жылы Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. 15 жасында оқу іздеп, Бұқараға аттанып, одан әрі Стамбулда оқып, елге 23 жасында оралған.

1928 жылы Бисен хазіреттің басына қуғынға ұшырау қаупі төнеді. Сол тұстағы ауылдық кеңестің хатшысы Сұлтан Бимағанбетовтің алдын ала ескертуі бойынша, хазірет өз отбасымен тез жиналып, түн ішінде Башқұртстан жаққа көшіп кетеді. 1951 жылы туыстарымен, бала-шағасымен бірге Орынбор облысының Ақбұлақ ауданына қоныс аударған. Бірақ осы жерде өкімет құрығына ілігіп, «халық жауы» деген үкіммен Иркутск жағына айдалады. Бала-шағасы артында қалыпты. Дегенмен, 1954 жылы Сталин өлгеннен кейін, саяси тұтқындарға кеңшілік жасала бастады. 1956 жылы Бисен хазірет те ақталып, жақындарымен қайта қауышады. Ал 1963 жылы, 85 жасында елге оралып, «туған жердің топырағын бір иіскесем» деген арманына жетеді.1969 жылы дүниеден өткен.Өзінің өсиеті бойынша ұрпақтары оны Құмсай елді мекеніндегі «Бірман шебер» атанған Бірмағамбет Көшімқұлұлы жатқан қорымға жерлеген.

Бисен хазіреттің Иркутскіде айдауда жүргенде күнделік түрінде жазған бес беттік жазбасы және 1956 жылы ақталып, түрмеден шыққанда берілген төлқұжаты облыстық «Руханият» музейінде сақтаулы тұр. Ал Бисен хазірет мешіті жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енді.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button