Әдебиет

Жанар НҰРҒАЛИ

Ақтөбенің аспанынан тағы бір жұлдыз ақты. «Белгілі  журналист, талантты ақын Жанар Нұрғали дүниеден өтті…» — деген суық хабар  мәдени ортаны  есеңгіретіп кетті.

«Рухани дағдарыстан шығар жол біреу. Ол — адамды сүю. Біз, адамдар, бір-бірімізді адамша сүйе алмаймыз. Адамды сүйе алмаған Құдайды сүйе алмайды…» — деп еді Жанар жақында «Қазақ әдебиеті»  газетіне берген сұхбатында. Ешқашан ешкімді кінәламай, жайдары жымиып қойып жүре беретін оның болмысы мүлде бөлек еді. Өлеңдерінде де мөп-мөлдір тазалық бар-тын.

«Алтын орда»,  «Ақтөбе»  газеттерінде жұмыс істеп, кейін Астанаға қоныс аударған Жанар шығармашылыққа көбірек көңіл бөліп келе жатыр еді. Өлеңдері де тереңдей түскен. Бірақ күтпеген жерден қаза болды…

Бүгін Жанар өзінің  кіндік қаны тамған Ырғыз топырағына оранып, мәңгілік дамыл таппақ. Алла алдынан жарылқасын.

Біз ақынның отбасына, ағайын-туысына көңіл айта отырып, оның бір топ өлеңін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Жалғызбын…

Жоқты аңсап, барды сезінбей,

Арманның құрып ындыны.

Іздейді екем өзімдей,

Қиялы аппақ жындыны

Мойнымда тынбай сыңғыры,

Жазмыштың темір шылбыры.

Дүние кезіп кетсем бе,

Ойдырып тасқа табанды —

Ұға алмай өзің кеткенде,

Күнім де — айсыз қараңғы.

Тірілте алам ба өлеңмен,

Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..

Сарғайып сіңіп сағымға,

Жалғандық әнін салғыздың,

Мен үшін меңіреу жаныңда,

Қалмаса мейір — қар, мұзбын.

Көйлегін киген сан күздің,

Көлеңкесі жоқ жалғызбын…

Жан-дәруіш…

Жан-дәруіш, жабықтым,

Кейбір күнім — жылымық…

Күтпесе екен тамұқ-түн,

Сізді сүйем, Ұлылық!

 

Қайда бақыт — Ай керім?

Өмір — сұлу, арбайды үн…

Сізсіз, сірә, қайтемін?

Ана өмір — жан қайғым…

 

Өлеңімді мұңайтып,

Іздеп Жерден бір Бақыт…

Ай мен Күнге сыр айтып,

Қартаяды Уақыт.

 

…Құмға сіңіп кетерміз,

Жаралған соң құмнан біз…

Сізге қашан жетерміз,

Бір — Мәңгілік, бір — Жалғыз?!.

 

Түсінер сәтте мен сені,

Түсіне алмасам кеш, Адам.

Жер басып, есін жоғалтқан,

Өлеңші, мен бір есалаң.

Жалғыз-ақ арман естіден,

Қайткенде, қайтіп өш алам?!

 

Білетінім бе, екеу-ақ,

Өмірстан мен Көрстан.

Нешеме ойлар екі осы

Белдеуде ғана тоғысқан.

 

Естірек ем ғой, есімді,

Өмірстанда жоғалттым.

Құлай да сенген жандардың,

Сеніміне, бәлкім, оқ аттым.

 

Есіңді жи деп тақылдап,

Тіл, көмейім де құрғаған.

Құмырсқа-тірлік илеуге,

Ессіздігімнен шырмалам.

 

Жындыны, сірә, ана әлем,

Қимылынан-ақ ұғатын.

Мысқылдап қарап күле ме,

Үстіме құлап мына түн.

Жоғалма, жалғыз жүрегім,

Естіде кетіп мың ақың.

Бұлбұлдың әні

Ей, адам, бітсін, осымен,

Жетеді. Тойдым. Тойдырдың.

Адамдық қана тосып ем,

Жалғанға жанды ойдырдың.

 

Келіп жүр енді безінгім,

Сендік әлеммен қоштасып.

Бақыттырақтау кезімнің,

Арманыменен достасып.

 

Санаңда ғана жаңғырып,

Жоғалсам деймін жанардан.

Жеріңе кеппін қаңғырып,

Бұйырып уға балар дәм.

 

Кінәңді маған артпашы,

Жасырып қалып жақсымды.

Екінші әлемнің қақпасы —

Саған — мұң, маған бақ сынды.

 

Жетпейді мұңым, ап кетем,

Буымен Айға жаңбырдың.

Елегзір жырым, ақ көкем,

Қалғанын басқа қалдырдым.

Алып кетіңдер жұлдыздар,

Келмейді қайтып қаңғырғым.

Алып кетіңдер, жұлдыздар…

 

 

 

 АҒАҒА

Арман, үмітім биіктерге бір шарықтай алмай,

Өлеңім сиреп, жыр-дода топты жарып, тай алмай,

Барлық адамнан мейірім күтіп, жанарым жасып,

Көгімде менің қарлығаш жырлар қалықтай алмай,

Адалдық пенен жан биігі деп сарсылып жағым,

Мен ғана сорлы, өзгелер жүр деп барша ұғып жанын,

Көңілім менің адам пендеге сену дегеннен,

Беті қайтып қап, жүрегім жылап, жаншылып жаным,

Жүрген кезімде Сізге кезіктім.

Сізге кезіктім,

Алатаудан да биік еттіңіз аласармайтын,

Бұл өзі қандай биіктік, аға, тау аса алмайтын?!

Аспанға мені апарып қойдыңыз, сол жақта тұр деп,

Орынсыз ешкім саусағымен де жанаса алмайтын.

Жігер жаныдым, жылу ап ыстық мейіріңізден,

Бір жанашырлық сезілетіндей кей үніңізден.

Енді тек менің от болып жанып, жасымауыма,

Мендегі үміт пен Сіздің бір дархан пейіліңіз – дем.

 

САҒЫНДЫМ СІЗДІ…

(Ақын Жұматай Жақыпбаевқа)

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін.

Ләйладай қызды

Жүрегің, өпкен өлеңің…

 

Қояр ем бір гүл,

Алыс қой  сіздің  белес тым.

Оқыр ем  мың жыр,

Алматыда да емеспін.

 

Айналды-ау дертке,

Көрінбей көзге Ләйлаңыз,

Қараймын көкке,

Іздеп жүр ме деп айдан із.

 

Кеттіңіз ерте,

Өртеген сезім-мұңыңыз?!

Ләйладай ерке,

Соғып тұр жүрек-жырыңыз…

 

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін…

Сағындым сізді…

***

Ешкім де періште емес, жел де есірік,

Бәрінде де бір күйе — пендешілік.

Сен іздеген — жоқ мүлде, ал табылса,

Кетсін осы қазір-ақ жер тесіліп.

 

Өзім деме, ешкімге өліп-өшпе!

Нені іздейсің, жоққа не көзің өш пе?

Езілмесін бауырың, ертеңгі күн —

Еңіретіп кетер құр сезім-еспе.

 

Ұша ма үміт арманды енді айға алып?

Кеткен, сірә, сендік жоқ нөлге айналып.

Ішің жылап, көн, көнбе, өмір бойы,

Жер — сені, Сен жүресің Жерді айналып.

 

Міне, осылай жоғыңды таппағасын,

Періштелігін періште  сатпағасын,

Сөйтіп, бір күн көлеңке — жалғыздықпен,

Екінші бір әлемге аттанасың…

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button