Мәдениет

Мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті

Жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Анаға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығында облыстың мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.

Жаңа жыл қарсаңында өткен кездесу барысында бірқатар мәдениет саласының қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

— Санаулы күндерден кейін 2018 жыл тарихтың қойнауына кетіп, жаңа 2019 жылды қарсы алғалы отырмыз. Өтіп бара жатқан ит жылы еліміз үшін де Ақтөбе облысы үшін де жаман жыл болмады. Ең негізгісі — халықтың ішінде тыныштық, тұрақтылық бар.

Өтіп бара жатқан жыл ішінде Ақтөбе өңірінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қаңтар айынан бастап, бүгінгі күнге дейін 12 ай бойы күн демей, түн демей халықтың көңілін көтеріп, түрлі шаралар өткізген — біздің мәдениет саласының қызметкерлері екенін жақсы білеміз. Астананың 20 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырып, «Бейбітшілік қабырғасының» ашылуында да үлкен еңбек етті. Сіздердің сол жасаған еңбектеріңізге алғыс айту мақсатында бүгін бас қосып отырмыз. 

Біз барымызша өңірдің мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайтсақ деп жұмыс жасап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда да біршама мәдениет орындары пайдалануға берілді. Ендігі жерде солардың барлығы халық игілігі үшін жұмыс жасауы керек.

Алға қойған көптеген жоспарлар бар. Бірігіп жұмыс жасаған жағдайда ғана нәтиже болады, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Шара барысында жоғары көрсеткіштері үшін мәдениет пен өнер саласындағы 9 ұжым мен 14 қызметкер Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар мәдениет мекемелері мен ұйымдары да марапатқа ие болды. Бұдан өзге, 9 кітапханашыға «Кітапхана ісінің ардагері» және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясова мәдениет саласының қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Ақтөбенің күннен күнге гүлденуі үшін еңбек етіп жатқан облыс әкіміне өз ризашылығын білдірді.

— Айналайын, Бердібек, мен арманыма жеткен адаммын. Өзіңіздің бастамаңызбен Ақтөбеде бүгінде бұрын-соңды түсімізге де кірмеген қанша ғимарат бой көтерді. Біз 30 жыл бойы армандаған музей ғимаратын салып бердіңіз. Барлығы үшін рақмет! Дегенмен Ақтөбеде әлі сіз атқарар жұмыстар жетерлік. Бүгінгі таңда облыстық драма театры да көне ғимараттардың бірінде отыр…Тағы бір айтарым, бірер жылда Кеңес Одағының Батыры Әлияның туғанына 100 жыл толады. Соған орай Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне жаңа ғимарат салуға ықпал етсеңіз, тіпті керемет болар еді, — деді

Облыс әкімі:

Ұсынысыңыз өте орынды. Драма театрға қатысты айтар болсақ, қазір құжаттар дайындалып жатыр. Амандық болса келер жылы облыстық драма театр ғимараты күрделі жөндеуден өтетін болады. Ал Әлия музейіне қатысты ойыңызды амандық болса міндетті түрде жүзеге асыратын боламыз», — деп жауап қайырды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста барлығы 490 мәдениет мекемесі мен архив болса, оның 478-і мемлекеттік меншігінде.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button