Мереке

Жыл иелерінен жылы лебіздер

Доңыз жылы — ит жылынан кейін, тышқан жылының алдында келетін жыл санаудың және жыл қайырудың соңғы жылы.

Қазақ жалпы жылдың қай-қайсысынан да жақсылық күткен. Өтіп бара жатқан ит жылын — игілікті жыл десе, келе жатқан доңыз жылын — дүниелі жыл деседі. Доңыз жылы тарихта қашан да жайлы, тыныштық жылы болып келген.

«Келер жыл дүниелі, дүбірлі той жылы болсын» дей келе, жылдағы дәстүр бойынша жыл иелерінің лебізін білген едік.

Мархабат…

«ДОҢЫЗ — ЖАЙЛЫЛЫҚ ЖЫЛЫ»

Гүлсім МАҒАМБЕТОВА, зейнеткер:

1947 жылдың 13 қазанында дүниеге келіппін. Алла қуат берсе, 72-ге аяқ басқалы отырмын. Келер 2019 жыл өзімнің жылым екен. Жыл санаудың соңғы жылы — доңыз жылына отбасыммен аман жеткеніме шүкіршілік етемін.

Доңыз жылы мен ес білгелі, ел үшін тыныш, қалыпты өтіп келеді. Сондай-ақ бұл жылғылардың ырысы қашан да мол. Келер жылда елімізде бейбітшілік болсын. Еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жүрген Елбасымыз аман болсын.

Бірнеше мүшелді өткіздім ғой, бір байқағаным — доңыз жылы шаңырақ көтеретіндер көбейіп, елімізде бала туу көрсеткішіне оң әсерін тигізеді. Өзім үш ұлдың анасымын. Үш келінім бар. Амандық болса, келер жылы тұңғыш немерем үлкен өмірге қадам басып, мектеп бітіреді. Алдағы сынағынан аман-есен өтіп, доңыз жылында сәттілік серік болуын тілеймін.

Өтіп бара жатқан ит жылын халқымыз тыныш, табысты аяқтады. Келер доңыз жылының да халқымыз үшін берер сыйы мол болғай!

«ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕМІН…»

Балдырған ОРАЗМАҒАМБЕТОВА, кәсіпкер:

— Әр жыл иесі өз жылынан ерекше үміт күтетіні түсінікті. Мен де Алланың шапағатынан үнемі үміт күтетін жандардың бірімін. 1959 жылы, яғни доңыз жылында дүниеге келіппін.

Өтіп бара жатқан ит жылы мен үшін де, менің отбасым үшін жаман жыл болмады. Шүкір, игілікті жылдың бірі болды. Келер доңыз жылынан да үмітіміз көп. Доңыз жылының да ілгері басу жылы болатынын сенімді түрде айта аламын. Бастысы —еліміз аман, жұртымыз тыныш, отбасымыз бүтін болсын.

Білетінім, доңыз өте табанды, еңбекқор жануар ретінде сипатталады. Ертеректе үлкендер еңбекқорлық — доңыз жылғылардың басты ерекшелігі деп айтып отыратын.Осы қасиетті өзімнен де байқаймын. «Еңбек — түбі береке» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Өйткені еңбек еткен адам, қашанда нанның ең тәттісін жейді.

«БІЗГЕ ӘРКЕЗ АРҚА СҮЙЕУГЕ БОЛАДЫ»

Жанат АБИЛОВА, М.Оспанов атындағы БҚММУ-нің аға оқытушысы:

— 1971 жылдың мамыр айында батырлар мекені Қобда жерінде дүниеге келіппін. Жыл санауы бойынша келе жатқан доңыз жылы — менің жылым. Жалпы,  жаңа жыл бала кезімнен асыға күтетін сүйікті мерекелерімнің бірі. Бұл мерекені үнемі отбасымызбен бірге тойлаймыз.

Өтіп бара жатқан ит жылы біздің еліміз үшін де, Ақтөбе облысы үшін де, біздің отбасымыз үшін де жағымды жаңалықтарға толы жыл болды. Құтты мекен Ақтөбеміз жаңарған үстіне жаңарып, түрлі ғимараттар салынды. Республикалық деңгейде Аналар слеті өтіп, «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Алда келе жатқан доңыз жылы да ит секілді салмақты жануар. Демек, бұл жыл да тыныш, қалыпты өтеді деуге негіз бар.

Мойындау керек, біздің халқымыз доңызды аса жарата қоймайды.  Дегенмен жыл санаудың ішіне қосқанына қарағанда, оның да бір жақсы қыры болып тұрған секілді. Ертеректе бір мақаладан доңыздың әлемдегі ең ақылды 10 жануардың қатарына кіретіндігі жайында оқығам. Оның миы 3 жастағы нәресте баланың ақыл деңгейіне сәйкес келеді екен.

Жалпы, доңыз жылғыларға әркез арқа сүйеуге болады. Олар жақсы серіктес. Аз сөйлеп, кез келген мәселені ақылмен шешетін жандар. Бұл жылғылар ұрыс-керіс дегенді онша ұнатпайды. Біреуге ренжіп қалса да, тез қайтатын жандар. Бұл мінезді мен өзімнің доңыз жылғы қатарластарымнан да, өзімнен де көремін. 

«БАРЛЫҒЫ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ»

Қуанышбек СЕРІКЖАНОВ, Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылының әкімі:

— 1983 жылы, яғни доңыз жылында дүниеге келіппін. Өмірден көрген-түйгенім бойынша, доңыз жылы туғандар еңбекқор болып келетін сияқты. Олар жолы болғыштар қатарынан емес. Барлық жетістікке өздерінің таза еңбегімен жетеді. Дегенмен, доңыз жылы туғандардың ырыс-несібесі қашан да мол болады.

Өтіп бара жатқан 2018 жыл еліміз үшін игілікті, табысты жыл болды. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты ел рухын көтерген мақаласы жарияланып, біз кім екенімізді таныдық. Ал Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауы ертеңіне алаңдаған жандарға үміт сыйлағандай.

Бұның барлығы мемлекеттік қызметші ретінде де,еліміздің азаматы ретінде де мені қуантады.

Жасап жатқан жұмысым, қызметім халықпен тығыз байланысты болғандықтан, мен көпшіліктің көңілін табуды басты міндет санаймын. Жаңа жыл — жастықтың, жақсылықтың мерекесі. Бұл жыл да баршамызға табыс әкелсін!

«МЕРЕЙІМІЗДІ ТАСЫСАТЫН ЖЫЛ БОЛСЫН!»

Нысанбек АЙДАРБЕКОВ, спортшы:

— Жаңа жыл мен үшін өткенді саралап, алға жоспар құратын кезең. Бала кезіңде бұл мереке қарсаңында Аяз атадан сыйлық күтіп, өз арман-тілектеріңді ақ параққа түсіресің. Ал есейе келе сол арман-тілектеріңнің орындалуы үшін жаңа жоспар құрасың. Мен Жаңа жылды сол үшін күтемін..

1995 жылы дүниеге келгенмін. Келер 2019 жыл, бұйырса менің жылым болғалы тұр. Өтіп бара жатқан ит жылы да мен үшін сәтті жылдың бірі болды. Вьетнамда өткен паратхэквондо спортынан Азия чемпионатына қатысып, 3-орын иелендім. Алдағы жылы да түрлі деңгейде өтетін жарыс көп. Доңыз жылы да мерейімізді тасытып, көк туымызды биікте желбірететін дүбірлі той жылы болатынына сенімім зор.  Амандық болса, биыл өз басым бар күш-жігерімізді жинап, 2020 жылы өтетін олимпиада ойындарына лицензия алу үшін еңбек ететін боламын.

Әр жыл иесінде өз жылына тән бір қасиет болады деп еститінмін. Доңыз — аса жағдай талғамайтын, еңбекқор жануар. Мен өз жылымның осы бір ерекше қасиетін бойыма дарытқанмын.

«ЖАҢА ЖЫЛ — БІЗДІҢ МЕРЕКЕ»

Шұғыла ЕСЕНГЕЛДІ, Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің 6 «ә» сынып оқушысы:

— Жаңа жыл — қуанышқа толы, сиқырлы мерекелердің бірі. Бұл мерекені, әсіресе, балалар қауымы асыға күтеміз. Аяз атаға хат жазып, арман-тілектерімізді топтастыратын мейрам. Алдағы жылы, яғни 2019 жыл менің жылым. Өз жылымнан жақсы жаңалықтар күтемін. Жоспарларым көп. Доңыз жылының стихиясы — су. Алдағы жылдан бастап бұйырса жүзуді үйренгім келеді.

Өтіп бара жатқан ит жылы да мен үшін сәтті жылдардың бірі болды. Көптеген облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болдым.

Анамның айтуынша, доңыз жылында сараңдық танытуға болмайды екен. Сондай-ақ жаңажылдық сыйлық таңдағанда да ең тиімдісін таңдау керек. Қазір анама өз қолымнан сыйлық дайындап жатырмын. Бұйырса әдемі шәлі тоқып сыйлағым келеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button