Мереке

Ғажайып мереке. жаңажылдық сый…

Әр мерекеде адамдар бір-біріне сыйлық жасап, осылайша, өзара арадағы сыйластықты арттыратыны бар. Ал Жаңа жылдағы тарту-таралғының жөні тіптен бөлек. Өйткені, қанша кішкентайлардың мейрамы десек те, әрқайсысымыз желтоқсанның 31-і күні бір ғажайыпты күтетініміз рас…

Осы орайда біз әртүрлі салада еңбек етіп жүрген ақтөбеліктерді әңгімеге тартып,  оларға төмендегідей сауалдарды қойғанбыз:

  1. Есіңізде қалған жаңажылдық сыйлық бар ма?
  2. Өзіңіз Жаңа жылда әдетте кімге, қандай сый жасайсыз? «Осыны табыстаса екен…» дейтіндей армандап жүрген сыйлығыңыз қайсы?
  3. Мерекелік тілек.

 «Жаңа жыл түні үйленуге ұсыныс жасаған»

Бибігүл БИМАНОВА,

«Ақтөбе» телеарнасының шеф-редакторы:

— Біз — өнерлі отбасымыз. Романтикалық көңіл күйді өте жақсы көреміз. Осыдан 15 жыл бұрын, жолдасыммен қыз-жігіт болып араласып жүргенде де ол маған Жаңа жыл түнінде тосын сый жасаған. Дәл 31 желтоқсанда Аймұрат әңгімесін төтесінен бастап: «Осылай жүре береміз бе, Жарық қыз? Үйленейік!» — деп өмірлік жары болуыма ұсыныс білдірді. Бұл алтыннан да, көз қызықтырар жақұттан да мың есе бағалы сөз еді. Жаңа жыл мерекесіндегі ең бағалы сыйлық мен үшін сол болды.

Өзім жылда қос ұлым мен қызыма сыйлық дайындаймын. Және үлкендерден бұрын, балалар алғанын ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Әрі кішкентайлардың қуанған сәтін көруден асқан бақыт жоқ қой! Әр жылда қайталанбағанды, есінде қалатындай заттарды сыйлағанды тәуір көремін. Бұл шаруаға да үлкен шығармашылық көзқараспен қараймын (күліп).

Басқалар секілді өзім де осынау мерекеде сыйлық күтетінімді жасырмаймын. Ол

рухани мәні терең, мазмұнға бай, мәңгі есте қалатын сыйлық болса, тіпті жақсы. Мәселен, саған арнап жазылған өлең, ән ешуақытта ұмытылмайды…

Жаңа жыл —  жаңа идеялардың бастамасы. Алдағы 2019 жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл да болса, Жаңа жылдың жасампаздық пен жаңалыққа толы жыл болатынын білдірсе керек. Бір тілерім, Доңыз жылы тек күнтізбеге ғана емес, көңілімізге де өзгеріс әкелсін! Мейірім шуағы мейлінше төгіліп, әр үйде бөбектің үні естілсін!

 Қарындастарына — бір қорап тәтті

 Арман САҒЫНБАЕВ,

Аударыспақтан Азия чемпионы:

— Есіңізде қалған жаңажылдық сыйлық дейсіз бе? 16 жасымда, Жаңа жылда ата-анам шауып бара жатқан бір топ аттың суреті бейнеленген картинаны сыйға тартқан. Өзім ат спортына қызыққандықтан, осы бір тарту көңілімде жылы естелік болып сақталып қалды.

Үйдегі Нұрбибі, Гүлнұр қарындастарыма міндетті түрде сыйлық әзірлеймін. Олар әзірге кішкентай болғандықтан, жылда сол тәтті толы қорапты ұсынамын ғой.

Өзіме келсек, әрине, армандап жүрген сыйлығым бар. Мысалы, «Мерседес» маркалы көлік мінгім келеді. Ғаламторда соны ұтысқа салатын ойын ұйымдастырылып жатыр, үміттілердің бірімін. Кім біледі, жолым болып қалар…

Барша жерлестеріме денсаулық, бақыт, табыс тілеймін. Қолға алған істеріңіз сәтті жүзеге ассын!

«Мен — үйдің «Аяз атасымын»

 Айгүл ОРАЗАЛИНА,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы:

 — Менің ойымша бала кезде алынған сыйлықтар бәрінен де ыстық болады. Мысалы, 1994-1995 жылдары пошта арқылы жеткізілген «мұзкәмпиттерді» әлі күнге ұмытпаймын. Әтеш, қоян, жылқы, басқа да жануарлардың бейнесі түріндегі тәттілерді Жаңа жылда әкем әрқайсымызға жеке-жеке табыстайтын. Оның дәмі таңдайымнан кетпейді… Жаңажылдық сыйлық ретінде соны алғанша асығатынбыз. Одан бөлек, ғажайып мерекені тойлап жатқанымызда әкемнің қуыршақ беріп, қуантқаны бар.

Шынымды айтсам, әулеттің «Аяз атасы» өзіммін (күліп). Бауырларымның балалары нені армандап жүр, соның бәрін аса ыждаһаттылықпен хат қылып жазғызып аламын да, Жаңа жыл түнінде «Аяз атаның қолы тимей, мен арқылы  беріп жіберді» деп табыстай қоямын. Сосын олардың хаттарын міндетті түрде сақтап қоямын, кейін есейгенде өздеріне беремін деген ой ғой. Жылда солай.

Жасыратыны жоқ, қазіргі балалардың талғамы жоғары, сұранысы мықты. Сондықтан кейде сыйлық аларда анам қаржылай көмектесіп жатады. Бірақ негізінен өзім әрекет етемін.

Әр адамның арманы болады, әрине. Мен де сыйлыққа автокөлік мінгім келеді. Оны енді Аяз ата бере қоймас (күліп). Жолдасыма айттым ғой…

Кейбіреулер бұл мерекені «мұсылман халқына жат, біздікі емес» деп жатады. Меніңше, мереке бәріне ортақ. Оны бөліп-жарудың, жақсылықты «жатырқаудың» қажеті жоқ. Ең алдымен газет оқырмандарына амандық тілеймін. Жаңа жылда жас отбасылар баспаналы болып, әр үйден сәбидің үні естілсін! Бойдақтар отау тігіп, ойлаған арман-тілектеріміз орындалсын! Ал әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін!

Арманы — автокөлік

Аружан РАМАЗАНОВА,

«Аққу» би ансамблінің әртісі:

—   Бүгінге дейін есімде қалған жаңажылдық сыйлық жоқ екен… Жұрт қатарлы жылда тәтті, гүл алғандықтан болар. 2015 жылды ұжымымызбен Дубай қаласында қарсы алғанбыз. Сол жерде ірі байқауға қатысқан едік. Мен үшін сол сапарым Жаңа жылдағы үлкен сыйлық болды.

Әдетте ата-анама, апайларыма сыйлық беремін. Көбінесе ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті тауарларды тарту еткенді жөн санаймын.

Ешкімнен бәлендей сыйлық күтпеймін. Десе де, бір арманым — көлік алу. Егер біреу сыйлап жатса, қолын қақпаймын…

Әр отбасыға қуаныш тілеймін! Жаңа жыл жақсылықтарымен жарылқасын!

P.S. Қым-қуыт тіршілік, жұмысбастылық, әрі-беріден соң әрқайсысымыздың

бітпейтін шаруамызға қарамастан, жылда «қабаттасып» келетін әр мереке, соның ішінде Жаңа жыл бір-бірімізді бір сәтке болса да қуантуға себеп екені анық. Ал оның басты сәні — сыйлықтың орны айрықша. Бір-бірімізді түрлі тартулармен қуантып, мерейімізді асырғанға не жетсін?! Шариғаттың өзінде де сыйлық жасау сауапты іс екені баса айтылады. Бұл — сіз екі дүниедегілерді де разы қыласыз деген сөз…

Жаңа жыл құтты болсын! Әр шаңыраққа мол шаттық тілейміз!

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button