Мереке

Ардагерлер жаңа ғимараттарды аралады

Сейсенбі күні бір топ ардагерге Ақтөбе қаласында экскурсия ұйымдастырылып, артынша дастарқан жайылды. Мақсат — Жаңа жыл мерекесі қарсаңында құрметті демалыстағы ата-әжелерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау.

Мемлекеттік, соның ішінде басшылық қызметтерді атқарған 30-дан астам зейнеткер алдымен соңғы жылдары шаһарда бой көтерген ғимараттарды аралады. Айталық, олар мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған Теннис орталығы, Тарихи-өлкетану музейі, Мұз сарайы, Балаларды оңалту орталығы, Жедел жәрдем станциясы, «Анаға тағзым» орталығына барып, ондағы қызметкерлермен сөйлесті, аталған нысандардың материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ, жаңадан тұрғызылған көпірлерге де соғып, көлік кептелісін азайту мақсатында қолға алынған шараларға қанық болды. Бірер жылдықта пайдалануға берілген орталықтармен танысып, экскурсияға қатысқандардың бірі Серік Ботағарин:

— Осындай ғимараттардың ашылғаны жөнінде хабарды баспасөз беттерінен білеміз ғой. Бірақ көпшілігіміздің жолымыз түсіп, өз көзімізбен көрмегеніміз хақ. Жаңа жыл қарсаңында қаладағы мәдени-әлеуметтік нысандарды көрсетіп, Ақтөбенің жаңа тынысымен таныстырған ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ризамыз, — дейді ол.

Ал түске жақын Ақтөбедегі мейрамханалардың бірінде қарияларға мерекелік дастарқан жайылып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

— Атқарылып жатқан жұмыстар, тапсырылған ғимараттар, барлығы халық үшін жасалып жатыр. Елбасының өзі: «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен — Ақтөбе» деген болатын. Біздің мақсат — Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындап, халықтың тұрмысын жақсарту.

Биыл облыс экономикасының даму қарқыны 5 пайызды құрады. Бұл осындай уақытта жаман көрсеткіш емес. Мұнда сіздердің де үлкен үлестеріңіз бар. Өйткені экономика даму үшін елде тұрақтылық болуы керек. Ол үшін елдің арасында алдымен ауызбіршілік, ынтымақ болуы тиіс. Соның бәрін жасап, ұйымдастырып отырған — ақсақалдар. Ауданға шығып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген сіздерге ризашылығымыз шексіз.

Біз, қазақтар, үлкенді тыңдаймыз. Бүгінге дейін атқарған еңбектеріңізге рақмет айтамыз. Барлықтарыңызға амандық, мол табыс тілейміз! Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! — деп лебізін білдірді  Бердібек Машбекұлы.

Кездесу барысында Сапар Сағынтаев, Келдібай Еспағамбетов, Борис Петухов, Валентина Мыслина, т.б. сөз алып, замандастары атынан жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button