Мереке

150 бала қала әкімінің шыршасынан сыйлық алды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 150 бала Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтан сыйлық алды. Шығармашылық академиясында өткен жаңажылдық шыршаға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер қатысты.

Олар ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған қойылымын тамашалап, Аяз ата мен Ақшақардың тілектерін тыңдады. Мерекелік көңіл күймен Доңыз жылын қарсы алды.

Балаларды шаһар басшысы Ілияс Испанов құттықтап, жаңа жылда жаңа табыс тіледі.

— Бүгінгі мерекеге ерекше дайындықпен келгендеріңіз байқалып тұр. Жаңа жылда оқуда озат болып, спортпен шұғылданып, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Күні кеше ғана Президент шыршасында Елбасымыз біздің болашағымыз — білімді, дені сау ұрпақтың қолында екендігін айта кеткен болатын. Сіздерге жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін мүмкіндік мол. Сондықтан жақсы білім алып, еңбек ету керек. Жаңа жылда әр отбасына жақсылық, мол табыс тілеймін,  — деді қала әкімі құттықтау сөзінде.

Мерекеге жиналғандар Шығармашылық акдемиясы ұжымының әзірлеген театрландырылған көрінісін, сондай-ақ қалалық мәдениет бөлімінің өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.

— Бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі немеремді тәрбиелеп отырмын. Осы орайда жергілікті билік өкілдеріне, қалалық білім бөліміне, сондай-ақ немерелерімнің оқитын мектеп ұжымына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Мені тек баспана мәселесі алаңдатады. Себебі бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрып келеміз. Бұл мәселе мен секілді зейнет жасындағы адамға қиындық туғызады, — дейді ата-аналардың бірі Ағила Ділмағамбетова.

Шара соңында қала әкімі І.Испанов балаларға тәтті сыйлықтар табыс етті.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Ағырыс Шагированың айтуынша, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала әкімінің қатысуымен барлығы 10 шырша мерекесі ұйымдастырылады. Онда 2 мыңға жуық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала қамтылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button