Бірлік пен ынтымақтастық жолы

Бүгінгі күні елімізде мәртебелі міндет атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттары қатарында этносаясатты жүйелі түрде жүзеге асыру, Елбасы Жолдауларын, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жұртшылық арасында насихаттау және түсіндіру, сондай-ақ Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін кеңінен тарату жұмыстары қамтылған.
ҚР Президенті жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі бүгінде осы ауқымдағы іс-шаралардың ұйытқысына айналып отыр. Ал барлық өңірде облыс әкімі аппараттары жанынан жасақталған коммуналдық мемлекеттік мекемелер де бүгінде өз көштерін түзеп, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуда.
Біз облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Аймұрат Мәжікбаевпен сұхбаттасып, атқарып жатқан жұмыстары туралы білгенбіз.
— Ең алдымен өзіңіз қызмет атқаратын мекеменің қамтитын жұмыс аумағына тоқталып өтсеңіз.
— Негізінде біздің ұйымның қызметi этномәдени орталықтар арасындағы байланысты үйлестіріп, нығайтуға, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-әдiснамалық, сараптамалық зерттеу базасын құруға және дамытуға, Қазақстан халқын бiрiктiретiн фактор ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытуда жәрдем беруге, сондай-ақ қазақстандық этностардың этномәдени, тiлдiк ерекшелiктерiн сақтауға және дамытуға; жастар ортасында Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың мәдени дәстүрлерiне, тiлiне және құндылықтарына құрметпен және толерантты қарауды қалыптастыруға бағытталған.
Ал негізгі міндеттерімізге қазақстандық бірегейлік пен бірлікті азаматтық ұстанымды нығайту және дамыту, мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын нығайту жатады. Осы міндеттерге байланысты мекемеміздің құрылымында бірнеше бөлім қызмет етеді. Олар әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім, этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, сараптамалық-талдау, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру, әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын қамтиды.
— Жастарымызға жақсы жол көрсетуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының маңызы ерекше. Осы жобаны насихаттаудағы үлестеріңіз қандай?
— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру аясында біздің мекемеміз айтарлықтай жұмыстар атқарды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткізілген «Рухани жаңғыру — ұлттың ұлы мұраты» атты ғылыми-практикалық конференцияда көрме ұйымдастырдық.
Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында 4 жоғары және 9 арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездесу кештері ұйымдастырылып, оларға 1300-ге жуық адам қатысты. Облыс аудандарында «Елін сүйген азаматтар» тақырыбында жиын өткізілді. Кітапханалар мен мәдениет ошақтарындағы шараларға да жұртшылық кеңінен қамтылды.
— 2018 жыл — Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы жылы деп жарияланды. Біздің облысымызда көп болмағанмен өзбек ұлты өкілдері тұратынын және олардың ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейтінін ескерсек, сіздердің тарапыңыздан да белгілі бір жұмыстар атқарылған болар.
— Әрине. Аталған жыл аясында облысымызда «Тарихы тереңнен бастау алатын өзбек елі» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Бұл іс-шараға этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кеңес мүшелері, өзбектердің «Согдиана» ұлттық-мәдени орталығы бірлестігінің мүшелері, сонымен бірге Мәртөк ауданының Достық үйі жанындағы өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Қазақ-орыс халықаралық университетінің ғалымдары, студенттері, тарих пәні мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанда Өзбекстан жылының жариялануының өзі — бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құруының көрінісі. Кеш барысында кітап, қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды.
— Қазан айында елімізде Рухани келісім күні аталып өтілетіні белгілі. Биыл осы ауқымда қандай іс-шаралар атқардыңыздар?
— Бұл атаулы күнге біз жыл сайын мұқият дайындаламыз. Облыс көлемінде ұйымдастырылатын бағдарламаларға белсене қатысамыз. Биыл облыстық қарттар және мүгедектер интернат-үйінде қайырымдылық пен мейірімділікті негізгі арқау етіп ұстанған жиын өткіздік. Оған белсенді жастар, мұсылман діні өкілдері, шіркеу қызметкерлері қатысты. Біздер қарттар үйін мекен еткен қамкөңіл жандарға құттықтаулар жолдап, сыйлықтар табыс еттік, олардың алдында өнерпаздарымыз өз өнерлерін көрсетті.
Жастардың сый-құрметіне, өнерлеріне тәнті болған қариялар өздерінің жандарына жақын ескі әндерді қосыла шырқады, қошеметтерін де аяған жоқ. Біз бұл маңызды шараны облыстық діни істер басқармасымен, «Жарық» ақпараттық орталығымен бірлесіп өткіздік.
— Сіздер қандай да іс-шараларды «Қоғамдық келісім» үйінде орналасқан ұлттық-мәдени орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста бірігіп атқаратындарыңызды байқап жүрміз. Енді осы ынтымақтастық жөнінде айта кетсеңіз.
— Биылғы 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Достығымыз жарасқан» атты үлкен концерт ұйымдастырдық. Оған түрлі этномәдени бірлестіктері өкілдерінің халықтық ән-би ансамбльдері, нақтылап айтсақ, «Фаильхен» неміс хоры, «Оксана» украин бірлестігінің «Барбинок» үлгілі балалар шығармашылық ұжымы, «Язгы моннар» татар-башқұрт халық ансамблі, «Коляда» славян шығармашылық ансамблі, кәрістердің «Чхинсон» халық ансамблі өз өнерлерімен қатысты.
Одан кейін «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігі «Ана туралы сөз» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда басты тақырып ретінде ұлттық батырлар Рауф Кутуев, Ғайнан Құрмашев, Мұса Жәлел секілді дара тұлғалардың аналары туралы айтылды. Сондай-ақ Мұса Жәлел өлеңдері оқылды.
Астана қаласының 20 жылдығына арналып өткізілген «Спорт — денсаулық кепілі» атты волейболдан спорт турнирінің мақсаты — жастардың патриотизмін қалыптастыру, дене шынықтыру мен спорттың ролін арттыру, сондай-ақ жастарды спорттың осы түріне тарту болды. Оған төрт ұлттық орталықтың өкілдері қатысты. Олардың арасынан әзірбайжан қауымдастығы бірлестігінің «Торнадо» командасы жеңімпаз атанды.
Ұлттық-мәдени орталықтар өз жұмыстары барысында мемлекеттік тілдің өркендеуіне, күнделікті қарым-қатынаста кеңінен қолданылуына жеткілікті мән береді. Олардың концерттік бағдарламаларында қазақ әндері жиі айтылады. Мәселен, «Фаильхен» неміс хоры «Күміс құман-ай» әнін нәшіне келтіре орындаса, кәрістің «Ариран» вокалды тобы «Бір бала» әнін репертуарына тұрақты енгізген. Сондай-ақ, «Армандастар», «Сарыжайлау», «Наурыз келді» деп аталатын әсем әуендер сахналардан жұртшылық талғамына ұсынылып тұрады.
Биылғы жазда «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігі «Татар қызы-2018» республикалық байқауын өткізді. Оған Қазақстанда тұратын татар этносының қыздары қатысты. Бірнеше кезеңнен тұратын сайыста арулар өз ұлттарының салт-дәстүрлерін, тілін қалай білетіндіктерін көрсетті, сондай-ақ ұлттық тағамдарын ұсынып, қолөнер туындыларын көрсетті. Ақтөбе қаласынан қатысқан Эльмира Ядгарова байқау жеңімпазы атанды.
— «Қоғамдық келісім» мекемесі басқа да шараларға қатыса ма? Мәселен, қайырымдылық көрсету, мұқтаж жандарға көмектесу деген секілді…
— Қайырымдылық — біз ұстанған асыл мұраттардың бірі. Сондықтан да өз жұмысымызда ол жағын ескеріп отырамыз. Жақында ғана Ақтөбедеі «Бәйтерек» мейрамханасында «Мұқтаж жандарға қол созайық» атты алғашқы қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Мақсатымыз — адамдардың ауыртпалығын бөлісіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созу.
Жәрмеңке барысында осында келген жұртшылыққа қазақ, түрік, кәріс, өзбек ұлттарының тағамдары сатылып, аукциондар ұйымдастырылды. Сахнада қаладағы белгілі өнер ұжымдары мүшелері ән шырқап, түрлі әуендерді ойнатты.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



