Мәдениет

Өнер мен өнеге

Мерей

Ақтөбе гуманитарлық колледжінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның құрметті профессоры, дирижер, композитор Қайырғали Қожанбаевтың 80 жасқа толуына орай «Ұстаздардың ұстазы» атты кеш ұйымдастырылды.

Кеш шымылдығы колледж оқушыларынан құрылған домбырашылар ансамблінің орындауындағы Қайырғали Қожанбаевтың «Арнау» күйімен түрілді. Шарада композитордың өмір жолы, өнері, атқарған қызметі, Ақтөбе шаһары мәдениетінің көтерілуіне қосқан үлесі туралы кеңінен баяндалды.

Қайырғали Қожанбаев өзінің ұстазы Ахмет Жұбанов туралы естеліктерімен бөлісті. Бүгінде композитордың республикаға танымал шәкірттері, тамырын тереңге тартқан «Әлия гүлі» ансамблі, өз жүрегінен шыққан 50-ден аса әні мен 20-ға тарта күйі, оркестрге лайықтаған шығармалары халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүр.

Кеште колледждің музыкалық білім беру мамандығының оқушылары Мәди Әбдіғаппар, Бақдәулет Ізбасқанов және Серікболсын Зарлықовтар Б.Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Ақтөбе вальсі», А.Жаймағамбетованың сөзіне жазылған «Ризамын тағдырға», С.Жұмағұловтың сөзіне жазылған «Аралтоғай вальсі» әндерін  нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ колледж оқушысы Қайыржан Нұртай орындаған М.Құрманалиннің сөзіне жазылған «Гүлдәурен» әнін көрермендер қосыла шырқады. Кеш барысында композитордың әндерімен қатар күйлері де орындалды.

Қ.Қожанбаевты колледж әкімдігі мерейлі 80 жасымен құттықтап, бір топ шәкірттері ұстаздың адамгершілік қасиеттерін үлгі ететінін мақтана айтты.

Кеш соңы колледж оқушыларының орындауындағы композитордың Ж.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қазақстан» әнімен аяқталды.

Осылайша, ұлағатты ұстазбен өткен рухани кеш, кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол мәнде өтті.

Г.ЖИЕНҚҰЛОВА,

Ақтөбе гуманитарлық

колледжі директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

А.ҚАРҒАБАЕВА,

мәдениет және саз бөлімінің

оқытушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button