Мәдениет

«Шаттық» би ансамбліне — 5 жыл

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында және Балалар жылы аясында «Шаттық» би ансамблінің мерейтойлық есеп беру концерті өтті.

«Шаттық» би ансамблі осыдан 5 жыл бұрын Қазанғап атындағы өнер мектебінің жанынан құрылды. Бүгінде 3-25 жас аралығындағы 100-ден аса бүлдіршін мен жас өнерпаз би әлемінің қыр-сырын үйренуде. Би ұжымы еліміздің түкпір-түкпірінде және әлемнің Ресей, Болгария, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Шараның ашылуында би ансамблінің көркемдік жетекшісі Әсел Иманғазинаға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың атынан және облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның атынан Алғыс хат пен ықылас гүлі тарту етілді.

— Би — халқымыздың ежелден келе жатқан өнері. Бұл, әрине, зор шеберлікті талап етеді. Осы ретте қазақ халқының би өнерін насихаттап, мәдениетіміздің дамуына үлес қосып жүрген би ұжымының жетекшісі Әсел Алматайқызына ризашылығымызды білдіреміз, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова құттықтау сөзінде.

Екі жарым сағатқа созылған кеш барысында ұлттық, эстрадалық, заманауи жанрда 33 би сахналанды. Көрермендер дарынды ұл-қыздардың өнеріне тәнті болды.

— Бүгінде бүлдіршіндердің болашағы баянды, ертеңі бақытқа толы болуы үшін оларға барлық жағдай жасалуда. Би ұжымы алғашында Қазанғап атындағы өнер мектебінің жанынан құрылса, бүгінде өз алдына жеке студия болып ашылды. Өзіміз тәрбиелеп жатқан бишілер қазақтың халық билерін жетік меңгеріп, ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосатын өз ісінің шеберлері болса деген тілекпен еңбек етіп жатырмыз. Балаларымыз да үмітімізді ақтап келеді, — дейді би ұжымының жетекшісі Ә.Иманғазина.

Концертке Алға және Жайсаң балалар үйлерінің 42 тәрбиеленушісі шақырылды. Шара соңында оларға «Шаттық» би студиясының атынан естелік сыйлықтар берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Байқау

ГИТАРАМЕН ӘН ШЫРҚАДЫ

Ақтөбеде республикалық «Шырқа, гитара!» байқауы қорытындыланды. Сазды сайысқа жерлестерімізден бөлек, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының ұзын саны 20 өнерпазы қатысты.

Алты ішекті аспапты асынғандардың бәйгесі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының концерт залында өтті. Ұйымдастырушы — облыстық халық шығармашылығы орталығы.

Классикалық туындылар ғана емес, халық һәм авторлық әндер орындалған байқауда гитарашылардың аяқ алысын облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ләйла Омарова, «Інжу» халықтық вокалдық тобының жетекшісі Наталья Фоменко, жоғарыда аталған орталықтың көркемдік жетекшісі

Жеңісбек Қалқабеков, «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов, «Ақтөбе» вокалдық-аспаптық ансамблінің жетекшісі Надырғали Ниязов бағалады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша «Шырқа, гитара!»байқауында I орынды батысқазақстандық Қадырболат Едіров жеңіп алды. Ал II орынға ақтөбеліктер Берік Бекболат  пен ҚуанЖаңбырбаев ие болды. Жүлделі III орынды ақтөбелік дуэт Жалғас Жәмиев пен Жұлдыз Сахиева, түркістандық Аңсар Жорақұлов, жамбылдық Ермахан Сегізбаев пен Нарғұлан Оспановтар өзара бөлісті.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button