Мәдениет

Ән қалықтаған кеш

Бейсенбі күні Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Атамекен» аталар ансамблі мен «Асылым» әжелер ансамблінің «Ғасырлар үні — бабалар жолы» атты шығармашылық кеші өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Кеш «Атамекен» аталар ансамблінің орындауындағы Латиф Хамидидің «Отан» әнімен басталды.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ансамбль мүшелерін алғашқы ұйымдастырып отырған шығармашылық кешімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Бұл өмірде адамның өмірін ұзартатын оның өмірге деген құштарлығы, қозғалысы, көңіл күйі. Бүгін, міне, алдымызда тұрған аға-апаларымыз жаңа бастаманы қолға алып, өмірімізді ұзартайық, көңілімізді көтерейік, өнерімізді халыққа көрсетейік деген мақсатпен ансамбль құрып, алғашқы кештерін өткізіп жатыр. Бұл кісілердің барлығы — өнерге жақын адамдар. Бұл бастамаларыңыз — жастарға үлкен өнеге, үлгі.

Мемлекет басшысы айтқандай, біз осындай ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, қазақтың тарихын, төл өнерін дамытуымыз керек. Бұл бағытта сіздердің де қосар үлестеріңіз мол.

Облыс басшылығы атынан сіздерге, екі ұжымға ерекше ризашылығымызды білдіре отырып, шығармашылықтарыңызға табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деген облыс әкімі қос ансамбль мүшелерін алдағы уақытта  аудандарға шығып, өнер көрсетуге шақырды. Сондай-ақ олардың елді мекендерді аралап, концерт ұйымдастыруы үшін арнайы көлік берілетінін жеткізді.

Облыс әкімінің құттықтауынан кейін қос ансамбльге ықылас гүлі табысталды.

Бұдан кейін «Атамекен» аталар ансамблі мен «Асылым» әжелер ансамблі ортада Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», Базарбай Жұманиязовтың «Көп қарадым суретіңе», Ілия Жақановтың «Асылым», Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Әсет Бейсеуовтің «Сырласу вальсі», Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», т.б. әндерді орындап, жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында ансамбль мүшелері жеке-дара ән айтып, өнер көрсетті.

Сондай-ақ «Атамекен» аталар ансамблінің мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков пен Ақтөбе қалалық ардагерлер қоғамының төрағасы Ахат Мырзалин қос ансамбльді алғашқы концертімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

 Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button