Мәдениет

Айман МҰСАҚОЖАЕВА: Өнер адамының да өзіндік құпиясы болады

Жақында Ақтөбеде ҚР халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айман Мұсақожаеваның концерті өткен-ді. Биыл мерейлі жасқа толған атақты скрипкашымен сол кезде сұхбаттасып, одан шығармашылығы мен Қазақ ұлттық өнер университетіндегі ректорлық қызметі, сондай-ақ, сахна сыртындағы өмірі туралы сыр суыртпақтаған едік.

— Өзіңіз басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетіне — биыл 20 жыл. Айтулы датаны елордадағы оқу орны қалай атап өтті?

— Өте керемет. Астана қаласымен түйдей құрдас университеттің ашылғанына да көзді ашып-жұмғанша 20 жыл болыпты. Осы жылдардағы оқу орнының әр жетістігі, әрине, мен үшін қымбат. Өйткені сонау 1997 жылы Алматыдағы Республика сарайында  өткен концертіме қатысқан Елбасыға «жас дарындарға жоғары білім беретін академия ашу — арманым» деп бұйымтайымды жеткізгенде, ол кісі бұл бастамамды бірден қолдап, Сарыарқаның төсінде әсем, бірегей ғимаратты салуға септігін тигізген еді. Сондықтан менімен бірге «жасасып» келе жатқан Қазақ ұлттық өнер университетінің орны тым бөлек. Қазіргі таңда онда 2500-ден астам студент оқиды. Өзіміздің музыкаға ерекше қабілетті балаларға арналған мектеп пен  колледжіміз де бар. Басқасын былай қойғанда, 20 жылда халықаралық байқауларда лауреат атанған студенттеріміздің саны 500-ден асқанының өзі біздің университеттің деңгейін көрсететін сияқты. Сүндет Байғожин, Димаш Құдайберген, Оразбек Дүйсен, Владимир Де, Айша Досымова, Салта­нат Ахметова, Айгүл Ниязова бастаған талантты қыз-жігіттер — біздің түлектер. Және университет ұжымы олармен мақтанады.

Мерейтойымызды 18 мамыр күні бас қаладағы «Қазақстан» концерт залында атап өттік. Концертімізге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, бәрімізді құттықтап, әдемі тілегін жеткізді. Жұмысымызға оң баға берді. Одан артық не керек? Енді осы қарқыннан таймай, әрі қарай еңбек ете беру керек.

Жоғарыда аталған дата бар, Астананың 20 жылдығы мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жер-жерде концертімді өткізіп жүрмін. Бұған дейін Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларына гастрольдік сапармен барып-келіп, міне, енді ақтөбеліктермен қауышып отырмын. Осыдан кейін еліміздің басқа өңірлерін араламақ ойым бар.

— Биыл өзіңіздің де мерейтойыңыз ғой…

(Күліп). Иә, кезекті 18 жасқа толдық қой. Сіздің тұспалдап, нақты цифрды айтпағаныңызға риза болып отырмын. Газетке де осылай кетеді деп ойлаймын (күліп). Әйтпесе, кейбіреулер бар, жасыңды айтып «тақ еткізеді». Бұл тікелей эфирде болса, тіпті ыңғайсыз. Бізде әйелдің жасы мен баланың санын айтпайды ғой…

Көктем мезгілінде жаңа жасқа толдым. Әдеттегідей үйге туыстарым, жан достарым келіп, ақ тілектерін айтты. Дастарқан жайдым. Мерейтойыма орай үлкен шығармашылық кешімді алдағы уақытқа жоспарлап қойдым. Жыл соңына қарай немесе алдағы жылдың басында деп отырмын. Себебі биылдыққа бар күш, уақытты университеттің 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге арнадық.

— Сөзіңіз аузыңызда, қай туған күніңіз ерекше есіңізде қалды?

— Осыдан 4 жыл бұрын Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғанымда болар. Мен үшін одан асқан сыйлық жоқ. Жалпы, менің өнерімді сыйлап, әрдайым құрмет көрсетіп жүретін Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылығым шексіз.

— АҚШ-та, Еуропа елдерінде, жер-жерде шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Сізге көрермендердің қабылдауы жағынан айрықша әсер еткен концерт бар ма?

— Иә, көптеген елдерде концертім өтті. Бірақ, шыны керек, сіз айтқандай көрермендердің қабылдауы ерекше болған концертті тап басып айта алмайды екенмін. Әрқайсысы өзінше қызық.

Жеке басыма Мәскеу қаласында өтетін концерттерім үлкен жауапкершілік жүктейді. Қатты толқимын. Неге десеңіз, мен Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында оқыдым ғой. Ұстаздарымның дені сол жақта тұрады. Және олар концерттерімнен қалмауға тырысады. Өзіңді оқытқан, бағыт-бағдар берген адамдардың алдында өнер көрсету, меніңше, қашанда қиын.

— Айман Қожабекқызы, соңғы уақытта экспериментальды музыканы ұсынатындар, яғни домбыра мен қобызда, болмаса скрипкамен қатар ойнайтындар көп. Ауызекі тілде оны «микс» деп те жүрміз. Бұған көзқарасыңыз қандай?

— Классикалық музыканың өкілі болғандықтан, мұндай бағыт бізге жат. Оны көбіне-көп ерекшеленгісі келетіндер жасайды деген ойдамын. Бұл — негізінен әуесқойларға тән. Арнаулы кеш болмаса, оны жалпы халықтың бәріне орындау да онша көп жобаға келмейді. Біз әлемдік композиторлардың әбден мойындалған, танымал туындыларын сахнаға «алып шығамыз». Мәселен, Брамс, Бетховен, Чайковский, басқа да композиторлардың шығармалары.

— Қазақстанда өзіңіз секілді әйгілі скрипкашылар көп — Марат Бисенғалиев, Жәмилә Серкебаева, Лана… Олармен шығармашылық тандем құру ойда жоқ па?

— Сіз айтқан кісілердің баршасы менің шәкірттерім ғой (күліп). Олармен бір концертте өнерімізді паш еткен кезіміз болған. Былтыр Тәуелсіздік күнінде Жәмиләмен дуэт болып әлемдік классиканы ұсынғанбыз. Бірақ ондай концерттердің көпшілігі теледидардан көрсетілмеген соң, жұртшылық бейхабар боп жатады. Жалпы алғанда, скрипкашылардың бір-бірімен байланысы жақсы.

— Тағы бір байқағаным, сіз отбасыңыз, балаларыңыз туралы ашылып айта бермейсіз. Бұл продюсер, пиар-менеджеріңіздің жоқтығын білдіре ме, әлде?..

— Меніңше, ол жайында айтудың қажеті жоқ. Жолдасым, балам бар. Екеуі де қаржыгер. Ал олардың нақты қай салада, кім боп жұмыс істейтінін айтып не қыламын? Менің сахнадан тыс уақытта қайда барып, немен шұғылданатыным ешкімге қызық болмауы керек деп есептеймін. Кейбіреулер сияқты өзімді олай жарнамалауға қарсымын.

Менің шығармашылығымды насихаттауға жауапты мамандар бар. Олар — халықаралық агенттік өкілдері. Солармен келісімшарт жасасып, шетелде өтетін барлық концерттерімді алдын ала пысықтаймыз. Осының өзі маған жетіп жатыр.

— Айман Мұсақожаеваның жолын кім қумақ?

— Мен сияқты қолына скрипканы ұстамаса да, музыкаға қызығатын кішкентай немерем бар. Ол қазірден-ақ өскенде танымал әнші болам деп отыр.

— Алда үлкен мерекелер келе жатыр…

— 16 желтоқсанда менде әдеттегідей концерт. Тәуелсіздік күніне арналған үлкен думанды кешке атсалысамын. Жаңа жылда да солай. Италия еліндегі «Рождество кештеріне» қатысамын деп уәде беріп қойғанмын.

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Айман Қожабекқызы Мұсақожаева 1958 жылы 15 наурызда Алматы қаласында дүниеге келді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры — атақты скрипкашы, Қазақстан Республикасының халық артисі, профессор.

К.Байсейітова атындығы республикалық музыка мектебінде профессор Н.М.Патрушеваның сыныбында, кейін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында КСРО халық артисі, профессор В.А.Климовтың сыныбында оқыған. 
А.Қ.Мұсақожаева — көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, олардың ішінде Югославияда өткен халықаралық конкурс (Белград, 1976), Н.Паганини атындағы халықаралық конкурс (Генуя, 1981), Жапонияда өткен халықаралық конкурс (Токио, 1983), Я.Сибелиус атындағы халықаралық конкурс (Хельсинки, 1985), П.И.Чайковский атындағы V
ΙΙΙ халықаралық конкурстар (Мәскеу, 1989) бар.         
1992 жылы ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі болды. Оркестрдің репертуарына классика мен қазіргі заман композиторларының шығармалары енген. Оркестр Ресей, Америка, Жапония, Германия, Австрия елдерінде концерттер қойып, өз жетістіктерін халықаралық деңгейде көрсете алды.
Музыка өнерінің биігінен көріне алған музыкант ҚР халық артисі (1986), Халықаралық шығармашылық академиясының академигі (1998), ЮНЕСКО-ның «Әлем артисі» құрметті атағын (1998) алды. 2000 жылы әдебиет, өнер және сәулет номинациясы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 2002 жылы ҚР меценаттар клубының шешімімен «Ақ алтын Тарлан» («Платиновый Тарлан») жүлдесін алды. 2002 жылы Айман Мұсақожаеваның есімі Кембридж университетінің жыл сайын жариялайтын «ХХ ғасырдың 2000 атақты музыканты» IBS Бүкіләлемдік Құрметті тізіміне еніп, өнердегі жетістіктері мен әлемдік музыка мәдениетіне жасаған қызметі үшін аталған орталықтың медалімен марапатталды.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button