Денсаулық

Абайла, көктайғақ…

Аптаның алғашқы күндері төтенше жағдайлар департаменті ауа райының құбылуына байланысты тұрғындардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау үшін шұғыл шаралар алу туралы хабар таратты. Шұғыл ақпаратқа байланысты тиісті органдар қалың тұман мен көктайғақ салдарын жою мен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жоспарлы жұмыстарын атқарды.

Облыс орталығында да төпелей жауған жаңбыр мен айнадай жалтыраған мұз тұрғындарды әбігерге салды. Ауа температурасы жылы болғандықтан еріген қардың суы да қозғалысқа қиындық келтірді. Мысалы, Әбілқайыр хан даңғылындағы «Нұрдәулет» сауда орталығы аялдамасы тұсындағы кілкіген суға бірнеше жылдан бері көңіл аударар мекеме табылмай келеді.

Аптаның алғашқы күндері жергілікті ауруханалардың науқастарды қабылдау бөлімдері дәрігерлері де тыным тапқан жоқ. Көктайғақтың салдарынан аяқ-қолдары мен жамбастарын, білектерінің шабақ сүйектерін сындырып алғандарға жедел жағдайда көмек көрсетуге тура келді.

— Соңғы екі күнде көктайғақ «құрбандарының» саны тым көбейіп тұр. Орыстар айтатын «Сүріндім. Құладым. Көзімді ашсам — гипс» сөзінің де орайы келіп тұр. Аяқ-қолдарының буындарын шығарып алғандар көп әрі сүйектерін сындырып алғандар да бар. Сейсенбінің өзінде ғана біздің ауруханадан елуге тарта адам көмек сұрап келді. Бұл күні жедел жәрдем ауруханасы кезекшілік етпесе де, көмек сұрай келгендерді кері қайыруға қақымыз жоқ, — дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасы науқастарды қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Максим Сорокин.

Дәрігерлер аяқ-қолдарын зақымдап алғандарға көмек көрсетуге үлгермей жатыр. Тіпті, қаланың барлық жолдары арнайы қатырылған айнадай мұз айдындарынан кем емес. Алайда жарақаттанғандардың көпшілігі ауруханаға жатудан бас тартады екен.

Сейсенбі күні теміржол ауруханасына да көктайғақта сүрінген жетпіске жуық адам жеткізіліп, олардың жетеуі ғана аурухана төсегіне таңылған. Бұл туралы аталған аурухананың науқастарды қабылдау бөлімінің меңгерушісі Талшын Сәрсенбаева хабарлады.

Іс жүзінде қиын учаскелерге немесе аялдамаларға қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан себілетін тұз араластырылған құмның да пайдасы болмай отыр.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button