Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде көтерме базар көбейеді

Баға

Облыста 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына бағаны тұрақтандыру әрі оның негізсіз өсуіне жол бермеу ісінде жергілікті билік тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі биыл Ақтөбе қаласында тағы екі көтерме базар ашылмақ. Бұл өз кезегінде нарықта бәсекелестік ортаны қалыптастырып, өнім сапасын арттыруға әрі бағаны тұрақтандыру бағытында жасалып жатқан шара.

Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда Ақтөбеде қырыққабат ең арзан бағада сатылып жатыр. Өнімнің орташа бағасы — 62 теңге. Мамандардың айтуынша, бұл  ең төменгі баға көрсеткіші. Пияз бағасы бойынша Ақтөбе Қарағандыдан кейінгі төменгі баға көрсеткішін ұстап тұр.

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлер бөлімінің бас маманы Қайрат Есенжолов былтыр ақпан айынан бері Ақтөбеде әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің саны 33-тен 19-ға қысқартылғанын, бүгінгі күні осындай тауарлардың бағасын реттеу мен тұрақтандыру мақсатында нақты шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Картоп және көкөніс өнімдерінің ішінде пияз, сәбіз, қырыққабаттың бағасына реттеу жүргізіп, мониторингке аламыз. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілгесін, аптасына бір рет «Анвар», «Дина» секілді ірі сауда желілері мен 41-разъездегі көтерме базардағы тауар бағаларына мониторинг жасалады, — деді ол.

Павлодардың сәбізі, тараздың пиязы

Соңғы жүргізілген мониторинге сәйкес, облыс орталығындағы көтерме базарда картоп 60-65 теңге аралығында сатылып жатыр. Яғни, тұрғындарға 60 теңгеден сатылып жатқан картоп Ақтөбеге Ресей Федерациясының Орынбор облысынан тасымалданады. Сонымен қатар көтерме базарда келісі 65 теңгеден саудаланып жатқан да картоп бар. Өнімнің бұл түрі Ақтөбеге Батыс Қазақстан облысының Орал қаласынан жеткізіліп жатқан көрінеді. «Қазіргі таңда Ақтөбеге картоп осы екі аймақтан тасымалданып жатыр.

Көтерме базардағы орындарды жалға алушылар картопқа бар-жоғы 5 теңге үстемеақы қосып отыр. Яғни, облысқа Ресейден тасымалданатын картоптың бағасы 55 теңгеден жеткізіледі. Бұл жерде саудагерлер бұл өнімге қосымша 5 теңге ғана қосып отыр. Ал сәбіз Павлодар қаласынан жеткізіліп жатыр. Бүгінгі күні көтерме базардағы сәбіздің бір келісі 65-70 теңге аралығында сатылуда. Пияз Тараздан тасылады. Пияздың көтерме бағасы 40-45 теңге аралығында сатылады. Әзірге қырыққабат қана өзімізде өсіріліп, тұтынушыларға жергілікті өнім сатылып жатыр. Көтерме базарға қырыққабат Алға ауданынан және жергілікті тауар өндірушілерден жеткізіледі. Оның  бағасы — 70 теңге. Ақтөбеге сырттан қырыққабат әкелінбейді», — дейді Қ.Есенжолов.

Мамандардың айтуынша, мониторингке сәйкес «Анвар», «Дина» сауда желілерінде картоптың бағасы 75-85 теңге аралығында сатылып жатыр.

Бұл жерде картоптың сапасына ерекше мән беріліп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, қаладағы осындай ірі сауда желілері көкөніс өнімдерін көтерме сауда базардан қосымша құн салығынсыз алады. Сондықтан бөлшек саудада ірі сауда орындары қосымша құн салығы үшін өнімге 12 пайыз үстемеақы қосады. Сондай-ақ, қалалық әкімдік пен ірі сауда желілері басшылары арасындағы меморандумға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға  10-15 пайызға дейін үстемеақы және қосылады. Бұл — меморандум талабына сәйкес жүргізіліп отырған шара.  Бүгінгі күні тараптар арасындағы келісімге байланысты, әлеуметтік маңыздағы кейбір азық-түлік бағасына 15 пайызға дейін үстемеақы қосуға рұқсат бар. Себебі, мұндай сауда орындарында сөредегі тауар таза болуы керек. Сондықтан тазартудан өткізіледі. Соның бірі — қырыққабат. Көтерме базардан сатып алған кезде қаптағы қырыққабаттың келісі бөлек болғанмен, тазартудан өткізілгесін  бұл тауар салмақ жоғалтады. Осының барлығы ескеріледі, — деген бас маман бүгінгі күні қаладағы сауда орындарында пияздың келісі 63 теңгеден, ал қырыққабат бөлшек саудада 75 теңгеден сатылып жатқанын айтты.

Қорға 1500 тонна картоп түседі

Қ.Есенжоловтың айтуынша, басқа кезеңдерге қарағанда қыркүйек, қазан айлары картоп және көкөніске бағаның түсу уақыты саналады. Сондықтан қазіргі таңда облыста өнімнің бұл түрлері ең арзан бағада сатылып жатыр.  «Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстық тұрақтандыру қорына биыл жылдағыдан кең көлемде картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сақтауды жоспарлап отырмыз. Қорға 2018-2019 жылдарға  1500 тонна картоп, 200 тонна пияз, 100 тонна сәбіз және 80 тоннадай қырыққабат сақталады.  Өңірлік тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссияның шешімімен, қорға негізінен жергілікті өнім өндірушілердің тауарын сақтауға ерекше басымдық беріліп отыр. Сол себепті, осы кезеңдер үшін «Пригородный» серіктестігімен арада келісім жасалды. Нәтижесінде аталған серіктестік қорға 500 тонна картоп жеткізбек. Сол сияқты облыстағы «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрақтандыру қорына биыл 1000 тоннаға жуық картоп түсіруге дайын. Бүгінгі күні бұл серіктестіктің Қарғалы ауданында картоп өсіру мақсатында алқабы бар. «АкТеппен» де келісімшарт жасалды.  Бір айта кетерлігі,  жылдағыға қарағанда биыл тұрақтандыру қорына салынатын картоп мөлшері 100 тоннаға көбейеді. Ал қалған көкөніс өнімдері жылдағы деңгейде түсіріледі», — деді ол.

Қорда сақталатын азық-түлік өнімдерінің бағасы арнайы комиссияның шешімімен белгіленіп, қыс айларында сауда орындарына шығарылады. Тұрғындардың бір ескеретіні, қордағы өнім Ақтөбе қаласындағы шағын әлеуметтік дүкендер мен коммуналдық базарларда ғана сатылады.  Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 22 коммуналдық шағын базар бар. Олар тұрғындар көп шоғырланған жерлерде орналастырылған. Атап айтсақ, қаланың 11, 12-шағын аудандарымен қатар, Жаңақоныс, Ақжар-2, Благодар, Кірпішті  секілді елді мекендерде де ашылыпты. Сол сияқты, облыс орталығында 3 әлеуметтік дүкеннің бірі «Табыс» коммуналдық базарының ішінде орналасса, «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 шағын аудандарында тұратын халыққа ыңғайлы етіп ашылған мұндай сауда орындарынан арзан бағасына өнім алуға болады.  «Соңғы жылдары қаламызда мұндай коммуналдық базарлардың саны артып келеді. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде бар-жоғы 10 коммуналдық базар болды. Сондықтан жыл сайын тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер жергілікті тұрғындарға желтоқсан айының соңы, қаңтардан бастап сатылымға шығарылып жүр», — дейді мамандар.

 «Көкөністер мен жемістер әлемі» ашылады

Миллиондар қаласына айналуға талпынып жатқан Ақтөбеде әзірге бар-жоғы бір ғана көтерме базар бар. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен реттеуде бір ғана көтерме базардың ықпалы жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті билік облыс орталығында көтерме базарлардың санын көбейтуді қолға алған.

Жақын аралықта Ақтөбе қаласында қосымша бір көтерме базар ашылады. Жаңа базарда көкөніс өнімдерімен қоса, азық-түліктің басқа да түрлері сатылатын болады.  Қазіргі таңда базардың құрылысы 90 пайызға аяқталды. Жаңа базарда 30-ға тарта павильон болады. Бұл өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға әрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен мүмкіндік береді. Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданында бой көтеріп жатқан жаңа көтерме базарда келер жылы 300 тоннаға дейінгі сыйымдылықта картоп және көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма салынбақ. Сол сияқты, Ақтөбенің Нокин және Әкімжанов көшелерінің қиылысында да «Көкөністер мен жемістер әлемі» атты көтерме базары биыл қазан айынының аяғы болмаса қарашаның басында пайдалануға берілмек. Қазіргі күні бұл базардың құрылысы 95 пайызға аяқталды. Аталған көтерме базарларда жергілікті өнім түрлерін сатуға басымдық берілмек. Қаламызда осындай көтерме базарлардың көбеюі нарықта бәсекелестікті қалыптастыруға әрі өнім сапасын арттырып, бағаны тұрақтандыруға әрі түсіруге өз ықпалын тигізбек. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласы бойынша бір көтерме базары болса, енді биылдан бастап осындай үш базар жұмыс жасайды. Әрине, жергілікті билік тарапынан бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу ісі қатаң бақылауда тұр, — дейді Қайрат Есенжолов.

Жыл сайын облыс көлемінде, оның ішінде Ақтөбе қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр. Мұндай шара биыл да кең көлемде өткізіліп жатыр. Әр сенбіге жоспарланған жәрмеңкеге келушілер қатары да көбейген.

P.S. Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатовтың айтуынша, бүгінгі күні жергілікті тауар өндірушілер көкөніс өнімдерін жинап үлгерген. Тек қырыққабат ғана бәрінен кейін жиналады. Бүгінгі күні шаруалар бұл жұмысқа да кіріскен. Қазір «Пригородный», «Еламан-2014» серіктестіктері иелігіндегі көкөніс сақтау қоймаларына өнімдер түсіріліп жатыр. «Еламан-2014» серіктестігінде картоп және көкөніс өнімдері еуростандарт негізінде сақталады. Бұл серіктестік биыл қойманы қайта жаңартудан өткізіпті.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button