Мәдениет

Аңсаған арманы — Қазанғапты жарыққа шығару еді…

Қазанғап күй мектебі дәстүрін жалғастырушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, күйші Бақыт Басығараевтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Қазанғап күйшінің бүкіл ғұмыры Арал жағалауында, Шалқар өңірінде өткені белгілі. Бақыт Басығараев та сол өңірде, балықшы шаңырағында дүниеге келіпті. Әкесі Шаңбатырдың ән салып, табан астында өлең шығаратын өнері болған. Болашақ күйшінің атының «Бақыт» қойылуы да тегіннен-тегін емес екен. Оның ағасы Үмбетайды кішкентай кезінде бірге ойнап жүрген ауыл балалары үнемі «Бақыт, Бақыт!» деп шақыратын көрінеді. Мұны естіген Шаңбатыр жақсы ырымға балап, Үмбетайдан кейін көрген ұл перзентіне «Бақыт» деген есім береді.

Ел ішін аштық жайлаған тұста, бұл шаңырақ та ауылдастарымен бірге Қарақалпақстандағы Мойнақ ауданына көшіп барыпты. Бақыт Басығараев осы ауданның Үшсай ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мектебінде оқыған. Ол кезде бұл ауылда күй тартыстары жиі өтіп тұрады екен.

Күйшінің баласы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ерсайын Басықараның деректері бойынша, Қазанғаптың Қартмұрат, Құрманбай, Тұрғанбай есімді туыстары мен Сарыкенже, Ақкенже деген қыздары осы Үшсай ауылында тұрған. Мұндағы күй тартыстарына жан-жақтан да күйшілер келетін болған. Тартысты ауыл жұрты тайлы-тұяғы қалмай тамашалайды. Ересектерге ілесіп, әрине, балалар да сол жақты жағалайды. Сол балалардың бірі болып өскен Бақыт домбыра тартуды өз бетінше үйренген. Әкесі Шаңбатыр баласының талабын қолдап, ағаштан домбыра шауып береді. Алғаш шерткен күйлерін ауылдағы Дәулеткелді, Әбдіғали, Қуаныш есімді домбырашылардан үйренген.

Сондай-ақ, кейіннен Жұмалы Ембергенов, Зәбира Әубәкірқызы, Биман Кенжебаев сынды домбырашылардан күйлер үйренген.

1990 жылдың 15 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде Бақыт Басығараев туралы «Қазанғап мектебінің қарлығашы» атты мақала жарық көрген. Мақала авторы, өнер зерттеушісі Өтеген Спанов — 1962-63 жылдары Қазанғап шығармашылығын зерттеу мақсатында Шалқар өңіріне келіп, Бақыт күйшімен кездесіп, сұхбаттасып, үнтаспаға біраз күйлер жазып алған адам. Осы мақалада автор Бақыт күйшінің өз аузынан мынадай деректер келтіреді: «Бұдан кейінгі менің домбырашылық өнеріме үлкен ықпал жасаған адам — Мойнақтағы Жұмалы Ембергенов деген домбырашы. Талай рет ізіне еріп, өнерін қызықтап, көптеген күйлерін ілдік. Ол заман Арал теңізінің кемеліндегі кезі. Әскерге алынған жастар Мойнақтан кеме арқылы Аралға келіп, сол жерден әскерге аттанатын. Жұмалыға осы екі аралықта домбыра ойнап, олардың көңілін көтеру тапсырылатын. Тамаша дәстүр еді…

Ендігі бір есімде қалған есім — Қазанғаптың қолынан талай күй үйренген, Новороссийск ауданы, Октябрь колхозында тұрған Зәбира Әубәкірқызы болды. 1946 жыл болатын. Қасымда Жәкеш атты туысқаным бар, үйіне келіп түстік. Зәбира апайдың жасы біразға келіп қалған екен. Шамалы уақыттан кейін Жәкеш Зәбира апайдан домбыра тартуын сұрады. Ол кісі көптен домбыра ұстамағанын айтып, сонда да болсын, Қазанғаптың біраз күйлерін тартып берді».

Аштықта жан сауғалап, қыр асып, су асып кеткен жұрт кейін жағдай жақсарған шақта, шұбыра қайта көшіп келіп, атамекенмен қауышады. 1950-жылдардың басында Бақыт Басығараев Құландыдағы сегізжылдық мектепте бастауыш класс мұғалімі болып істеп, сонымен қатар, мектеп жанынан домбыра үйірмесін ұйымдастырады. Осы жылдары ол Қазанғаптың тікелей шәкірттерінің бірі — Қадірәлі Ержановтан көптеген күйлер үйреніп, оның батасын алады. Қадірәлі Ержанов жас Бақыттың күй тартқанын көріп, оны өзі қалап, жанына ерткен екен.

Міне, консерваторияда оқымаған Бақыт Басығараев өзінің табиғат берген талантын осындай мектептер арқылы ұштап, домбырашы, күйші ретінде үлкен биіктерді бағындырды. Ел арасына шығып, Қазанғап мұрасын зерттеушілер, насихаттаушылар арнайы іздеп келетін атақты шеберлердің біріне айналды. Өмір бойы өнерді серік еткенімен, ол кісі ауылда тұрып, газ саласында еңбек етіп, қарапайым ғұмыр кешкен.

Жоғарыда айтылған Өтеген Спанов өзінің Бақыт ағадан жазып алған күйлерін Ахмет Жұбановқа табыстайды. Күйлер жарыққа шықпай, біршама уақыт жатып қалады. Осыған байланысты Бақыт аға Қазанғап көлеңкеде қалып қоймай ма деп алаңдайтынын жеткізіп, Ахмет Жұбановқа хат жолдапты.

Ахмет Жұбанов өзінің жауабында былай депті:

«Қымбатты інім Бақыт! Октярь, ноябрь айларында творчестволық командировкамен Ленинградта болдым. Осыған орай сізге хатты кешігіңкірей жазып отырмын.

…Қазанғап көлеңкеде қалып қойған жоқ. 1958 жылы менің «Ғасырлар пернесі» атты кітабым шықты. Сол кітапта Қазанғапқа арналған үлкен тақырыпта бірнеше беттер бар. Оның күйлерін сахнада Рүстембек Омаров, Жәлекеш Айпақов орындап жүрген…

…Сіз әуелі өзіңіз жазыңыз. Егер жаза алмасаңыз, Академияға жіберіңіз. Күйдің кімнен, кім арқылы алынғаны туралы айтылуы керек. Ғылымда енді-енді көрініп келе жатқан жастар бар. Жақын арада өзіңіз аңсаған арман — Қазанғап туралы қомақты еңбектер жазылатыны анық. Домбыраңызды шынықтыра түсіңіз».

Соңына «Сәлеммен «А» деп», қол қойылыпты. Хат 1967 жылы жазылған.

Ерсайын Басықараның айтуынша, Қазанғап мұрасын зерттеушілермен бірлесе атқарған жұмыстардың ең нәтижелісі — 1978 жылы сол кездегі консерватория студенті Абдулхамит Райымбергеновпен кездесу болған.

— Абдулхамит Райымбергенов әкемді Ақтөбедегі музыкалық училищеде сабақ беретін белгілі ұстаз, өзінің әкесі Ысқақ Райымбергеновтің үйіне шақыртып алып, он шақты күн бірге болған. Ол күйшіден бірнеше күй үйреніп, оларды нотаға да түсірді. 1984 жылы «Қазанғап Ақжелең» атты үлкен жинақта осы күйлер бірінші рет жарық көрді. Бұл жинаққа Бақыт Басығараевтың орындауында жазып алынған «Күй шақырғыш Ақжелең», «Көкейге түскен Көкілжан», «Ысырма», «Қиту-қиту, қайт-қайт», «Шыныаяқ», «Балжан қатын», басқа да күйлер енген. Зерттеуші Абдулхамит Райымбергеновтің 1990 жылы шыққан «Күй қайнары» атты еңбегіне әкеміздің орындауындағы «Ноғайлының зары» атты халық күйі мен Боғданың «Жем суының тасқыны» атты күйі, осы шығармалардың шығу тарихтарымен қоса беріліпті. Сонымен бірге, әкемізден үйренген күйлерін Абдулхамит Райымбергенов

кейіннен консерватория түлектеріне, жас ұрпаққа жалғады, — дейді профессор Ерсайын Басықара.

Бақыт Басығараев қай жерде де домбырасын қолға алғанда, алдымен «Күй шақырғыш Ақжелеңді» тартатын болған. 1989 жылы оның орындауындағы күйлер топтастырылып, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың алғы сөзімен «Ақжелең» деген атпен күйтабақ шығарылған. Күйші Бақыт Басығараев 1970-жылдары облыстық радиоға, телеарнаға шақыртылып, күйлер тартса, 80-жылдары Қазақ радиосы мен Қазақстан телеарнасы шақырып, хабарға түсірген. Ол Ақтөбеде, Алматыда өткен дәстүрлі музыка өнеріне арналған көптеген фестивальдар, форумдар мен концерттерге қатысып, өмірінің соңына дейін сахнадан түспей, Қазанғап мұрасын насихаттады. 1998 жылы облыстық мәдениет басқармасының ұсынуымен оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Ал 2000 жылы Алматыда өткен Түркістанның 1500 жылдық мерекесіне арналған дәстүрлі музыка фестивалінде оған арнайы тағайындалған Бас жүлде берілді.

Бақыт Басығараевтың репертуарында Қазанғап шығармаларынан бөлек, халық күйлері, Үсен төренің, Қадірәлі Ержановтың, т.б. күйлері болған. Ал оның өз туындылары — «Толқында» және «Аман, қосым аман болсын, Аманғосым, аман бол!» күйлері.

«Толқында» күйінің шығуына өз тағдыры себепкер болған. Бала күнінде ол балықшы әкесі Шаңбатырмен бірге теңізге шығып, жағадан 30 шақырымдай әрі кеткенде, дауылға ұрынып, қайық батып-шығып, әкесі арпалыса жүріп, жағаға әзер жетеді. Осылай бір ажалдан аман қалғанын кейін әкесінің аузынан сан рет естіген екен. Бір жағынан, «Толқында» күйін ол өзін ажалдан аман алып қалған әке аруағына арнап шығарған.

Ал «Аман, қосым аман болсын, Аманғосым, аман бол!» күйі 1979 жылы шыққан. Бұл жыл — Халықаралық балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты өткен шаралардың бірінен күйші қатты толқып шыққан болса керек, өзінің отбасына (қосым дегені — отбасы) және перзенттеріне (Аманғос —  перзентерінің бірінің аты) арнап күй шығарады.

Өмірінің соңғы екі жылында Ақтөбедегі музыкалық колледж директоры Владимир Фоменконың шақыртуымен осы оқу орнында Қазанғап күйлерінен дәріс берген. Ал өмірінің соңғы күндері Алматы қаласында өтті. Бұл 2001 жылдың сәуір айы еді. Күйші алдымен Алматыда өткен баласының шығармашылық кешіне қатысады, одан кейін Францияға, Парижге ұшып, сол жақта өтетін мәдени шаралардың бірінде өнер көрсетеді деп жоспарланған еді. Париж сапары алдында, 18 сәуір күні  кенеттен жүрегі тоқтап, бақиға аттанып кете барды…

Ғұмыр бойы Қазанғап мұрасын тірнектеп жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізген Бақыт Басығараевтың өзі өмірден өткенмен, еңбегі тіпті де зая кеткен жоқ. Бұл сөзіміздің бір ғана дәлелі — өткен жылы ұлттық арна ұйымдастырған «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасында ақтөбелік Ардақ Елеусіздің «Ең үздік күйші» атағын жеңіп алуы. Ардақ — Бақыт күйшінің баласы Еділ Басығараевтың шәкірті, яғни Қазанғап бабамыздан бері үзілмей келе жатқан мектептің дарынды жас өкілі.  Осы жобадағы жеңісіне орай Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» орталығында ұйымдастырған шығармашылық кешін Ардақ нақ Бақыт аға сынды «Күй шақырғыш Ақжелеңмен» бастаған еді.

Бақыт Басығараевтың ісі осылай жалғасып жатыр.

Ал қараша айында Ақтөбеде Бақыт Басығараевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ақжелең» атты республикалық күйшілер байқауы өтеді деп жоспарланып отыр.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button