Басты жаңалықтар

Мұғалжарлықтар ұйымдастырған мереке

Туған жерім нұрлы елім

Өткен сенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта «Туған жерім нұрлы елім» акциясы аясында Мұғалжар ауданының күндері қорытындыланды. Ауа райының суықтығына қарамастан, бұл күні гала-концертке жиналғандар саны көп болды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқарушы билік өкілдері қатысты.

Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Мұғалжар ауданы күндері бағдарламасы өткен жұма күні тазалық акциясынан басталды. Ғ.Жұбанова көшесінде бір топ жас «Таза өлке» ұранымен аумақтағы арықтарды күл-қоқыстан тазартып, жол бойындағы бағаналарды сырлады. Сондай-ақ, 50 терек екті. Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледж бен Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжінің оқушылары, «Коммуналшы» мекемесінің және қала әкімшілігінің қызметкерлері қатысқан шараның нәтижесінде 24 тонна қоқыс сыртқа шығарылды.

«Дені саудың — тәні сау». Мұғалжарлық дәрігерлер Халыққа қызмет көрсету орталығында тегін медициналық қызмет көрсетіп, келушілердің қан қысымын, бойы мен салмағын өлшеді. Ақ халаттылар 300-ден астам адамды қабылдады.

Ал «Үміт» балалар үйінде «Жүректен — жүрекке» атты қайырымдылық акциясы өтті. Қамкөңіл кішкентайлардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған мекемеге сый-сияпаттарын жасаса, Жем қалалық №3 аула клубының өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Сондай-ақ, сол күні облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген 20 сәбидің әрқайсысына бесік сыйға тартылды. Бұл — Астана қаласының 20 жылдығы аясында қолға алынған бастама.

— Баланы бесікке бөлеу — қазақ халқына тән салт-дәстүр. Ол — киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бұл акцияның мақсаты — аналар мен балаларға құрмет көрсету. Бала — біздің болашағымыз. Өмірге келген сəбилеріңіздің дені сау болып, үлкен азамат болып өссін. Бұл шара

облыстағы «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр, — деп лебізін білдірді аудан əкімі Ербол Данағұлов.

Одан соң Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы Аманжол Адаев жиналғандарға ақ батасын берді.

Жастарға да көңіл бөлініп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жастар — жаңғыру жаршысы» атты кездесу өткізілді. Оған аталған жоғары оқу орнында білім алып жатқан мұғалжарлық студенттер шақырылды. Жүздесуде өлкенің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтылып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берілді. Соңында 6 жасқа

20 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталып, белсенділік танытқан 5 студент Алғыс хатпен марапатталды. Мұнымен бірге, келер жылы қолына дипломын алғалы отырған 5 қыз-жігітке мамандықтары бойынша Мұғалжар ауданынан жұмыспен қамтылатындығын растайтын куәліктер берілді.

Өткен жұма күні Жұбановтар шығармашылығына арналған «Саз әлемінің сардары» атты байқау, Мұғалжар аудандық халықтық театр сахналаған «Ойраны шыққан отбасы» қойылымы да ұсынылды. Соңғысы бүгінгі күні әлем бойынша өткір мәселеге айналып отырған діни радикалды топтарға қарсы күрес тақырыбын қамтиды. Пьесадағы оқиға қарапайым отбасындағы күтпеген өзгерістер мен кенеттен туындаған қиындықтар жөнінде өрбиді. Қойылымның негізгі мақсаты —жастарды кейіпкерлердің тағдырын қайталамауға, ата-баба дәстүрімен жүруге шақыру.  Спектакльдің режиссері — Айнагүл Мусина, ал сценарийін жазған Жұбаныш Көшербаев.

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында шаһардың ескі бөлігінде орналасқан  «Ретро» саябағында музыкалық кеш өтті. Аудандық Мəдениет үйінің қызметкері Нұрланбек Бүркіттің жетекшілігімен халықтық «Жасын» вокалдық ансамблі көрермендерге 1980-1990 жылдардағы əндерді орындап, ерекше көңіл күй сыйлады. Оралмас шақтарын — жастық кезін еске алып, шат-шадыман болған ата-әжелер алғысын білдірді.

Келесі күні негізгі шара — «Мұнайлы Мұғалжардың өнімдері» деп аталған  ауылшаруашылык жəрмеңкесі «Табыс» коммуналдық базарында жалғасты. Облыс əкімінің орынбасары Мавр Абдуллин аралап көрген жәрмеңкеде ет, сүт өнімдері, көкөністер саудаланды.

— Базар сөрелеріне негізінен ауылшаруашылық өнімдері қойылды. Оның ішінде Қандыағаштан шығатын «Қандыағаш Коммерц Групп» серіктестігінің шұжық өнімдері бар. Мұнда ет өнімдері қала базарларынан 10-15 пайызға арзан болды. Мысалы, сиыр еті — 1250 теңге, жылқы еті 1500 теңгеден саудаға шығарылды, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рустам Ахметов.

Жалпы, 7 бас ірі қара еті,  3 бас жылқы еті,  14 бас қой еті,  50 келі шұжық өнімдері,  20 литр айран, 20 литр қаймақ,  15 келі сары май,  10 келі құрт,  500 келі көкөніс өнімдері әкелініпті.

Сатып алушыларға Ембі қалалық мəдени орталығының қызметкерлері ән-биін тарту етті.

Түс ауа «Қайырымдылық — қадірлі іс», «Ақ отауға ақ тілек» акциялары өтіп, аудан күндері ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта қорытындыланды. Облыс әкімі бастаған топ саябаққа қойылған әр ауылдың өнімдерімен, Астана қаласындағы танымал орталықтардың шағын эскиздері қамтылған көрмемен танысып, ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған сайыстарды тамашалады.

— Мен Егіндібұлақ ауылдық округінде мал дәрігері болып жұмыс істеймін. Қолым қалт еткенде ағаштан түйін түйіп, түрлі бұйымдарды да жасаймын. Мысалы, домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды, келсап, тостаған, басқа да ыдыс-аяқтарды қарағаштан ойып, өзім жасай аламын. Әр ауыл саябақта өзінің өнімін, қолдан жасаған заттарын ұсынуы керек деген соң, өзімнің ауылымның намысын қолдан бермейін деп осы жылжымалы көрмеге қатысып отырмын. Менен бөлек, ауылдағы өзге азаматтар да өздерінің қолынан шыққан бұйымдарды беріп жіберді. Қала тұрғындарына біздің заттарымыз қызықты болады ғой деп ойлаймын, — дейді көрмеге қатысушы Лайық Жалғасов.

Мерекелік шара «Мұғалжар — туған байтағым» атты гала-концертке ұласты. Онда жерлес өнерпаздардан бөлек, қызылордалық жыршылар мен Ақтөбеден шыққан эстрада әншісі Ерке Есмахан кештің көрігін қыздырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button