Тарих

Жұрт жадындағы Жүргенов

Темірбек Жүргенов — 120

Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлтымыздың 1937-де жазықсыз атылған ардақты перзенттерінің бірі — Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

«Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік тұлғасы, мәдениет, әдебиет және өнер саласын көтеруге сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жөнінде қазіргі зерттеушілер жазып жүр және бұл тақырып алда да зерттеліп, жазыла беретіні анық. Ал бүгін біз замандастарының естеліктері арқылы оның адам ретіндегі болмысына, айналасындағылармен қарым-қатынасына, қуаныш-реніштері мен ұстаным-көзқарастарына үңілдік:

 «Уәдесіне берік, сөзіне қожа»

Темірбек Жүргенов республиканың Халық ағарту комиссары болып тұрған жылдарында (1934-1937 жж.) қазақтың көптеген талантты жастарына қамқорлық жасап, қолдау көрсетті. Солардың бірі — қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпанов еді.  Асқар Тоқпанов «Іңкәр дүние» атты кітабында Темірбек Жүргенов тұлғасын тебірене еске алады: «…Қабырғаммен кеңесіп, Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің өзіне барайын деп бекіндім. Бағыма қарай, ол кісі мені қабылдады. Шашы тараққа бағынбай, көзіне түскен, қайсарлықтың айғағындай отты көзді, қайратты адам екен. Менімен танысқаннан кейін:

— Міне, мынау нағыз артистің өзі! Киінуін көрдің бе? Бәрі де жарасымды, — деп, отырғандарға көз тастады. Ағалық бұл сөзі мені жұбатып, көңілімді сергіткендей болды. Едәуір көтеріліп қалдым…

…Болашақ өнер мамандарына жаны ашитын қамқор ағаны көріп қуанып қалдым. Болған жайларды, басшылардан алған «алғыстарымды» айта келіп, іссіз, жалақысыз жүргенімді құлаққағыс еттім.

— Маған Арқалық батырдың ролін бергізіңіз!

— Бойың кішкене, өзің ашаңсың. Батыр бола аласың ба?

— Денемді жуандатып, биік өкше, саптама етік, басыма батырдың дуылғасын киіп, мұрт салдырсам, батыр болмай, немене? — дедім іркілмей. Барлығы ду күлді. Темірбек аға Әбдірахманға меңзеп:

— Мына жігітке «Түнгі сарындағы» болыстың рөлін бер! Ойнарында маған айт, бәріміз көреміз. Өмірдің мәні — күресте, бала. Сені ылғи әлпештей берсе, өспейсің! Өз атыңа қатал сындар айтылса, шынайы талап қойса ғана адам боласың. Ал, болыс рөліне кіріс! Өзім барып көрем! — деп, жабығыңқы қабағымды ашып, көңілімді көтеріп, шоқтықтандырып шығарды.

Мен өнерге өмірімді бергелі мәдениет, өнер саласын басқарған талай адамдарды көріп келем. Бірақ Темірбек Жүргеновтей халқымыздың өнері мен мәдениетіне шынайы жаны ашып, зор қамқорлық, батыл басшылық жасаған адам кемде-кем! Ақылды, парасатты басшыға кіргенде, онымен дидарласқанда, жан дүниең кеңейіп, жайнап шығасың. Өмірге, өнерге деген ынтықтығың арта түседі… Темірбек Жүргенов өнерді сүйетін, түсінетін, ақпейіл, абзал жан еді. Ол кісінің тағы бір қасиеті — уәдесіне берік, сөзіне қожа, айтқанында тұратын, жалтақтығы жоқ, принципшіл, табанды басшы болатын…

Т. Жүргенов мені қабылдағандағы «ойыныңды көреміз» деген уәдесінде тұрды. Құдайберген Жұбанов ағайды, барлық орынбасарларын ертіп, «Түнгі сарынды» көруге келді.

Би сабағы

Қазақ қыздары алғаш сахнаға шыққанда, жарқырап көрінген қос жұлдыздың бірі — Күләш Байсейітова да, екіншісі — Шара Жиенқұлова еді.

«Өмірім менің — өнерім» атты кітабында Шара Жиенқұлова да өзінің өнер жолындағы табыстарының бастауында Темірбек Жүргеновтің қамқорлығы тұрғанын атап айтады: «Нарком Жүргенов маған таяу уақытта қазақ биін билеп, сахнаға шығасың, Қазақстанның он бес жылдық торқалы тойына әзірлігің сол болмақ деді. Бұрын-соңды өзімше би деп билеп жүргендерім өз көңіліме қонудан қалды. Жаңа, сұлу, мазмұнды би керек.

Өстіп ойым онға, миым мыңға бөлініп жүргенде, Жүргеновтің айтқан Александровы келе қалмасы бар ма?

…Иә, сөйтіп, бізді Жүргенов шақырып алды.

— Құрметті Александр Артемьевич, сізге қазақ өнері атынан зор миссия жүктейміз: қанаты қатпаған жас би өнеріміздің алғашқы қарылғаштарының бірі — алдыңызда отырған Шара ханым! Таңданбаңыз, ғажап сұлу бола тұра, керемет биші де. Шара қарындас, қызармаңыз. Шындықты айтқанның айыбы жоқ. Тек арнайы білімі жоқ, самоучка дейміз бе, өз бетінше үйреніп билеп жүрген жайы бар, ендеше, бұл кісіні профессионал бишілікке баулуымыз керек. Оны сізге тапсырамыз…

Профессор Александров, әсілінде, қазақ операларына би қоюға шақыртылған-ды, бірақ Жүргеновтің арнайы тапсыруымен маған хореографияның жүйе-жүйесін, техникасын үйретіп, би білімімді ұштауды қолға алды. Және екі-үш жаңа би қойып беруді де міндетіне алды.

…Мені ғана қинаса жақсы ғой, Александров барша артистерді (драма және музыка театрларының) балет студиясында бір мезгіл сабақ алып, қимыл, пластика тәсілдеріне жаттығып, сахнада қимыл-қозғалысқа, биге еркін болуы үшін, би өнеріне тартты. Баста Жүргеновтің тапсырмасы осылай-тұғын. Бұған біреу көнді, біреу көнбеді. Александров та қатуланып, асауларын тура Жүргеновтің алдына  жүгіндірді.

Қарап тұрсаңыз, бұдан қызық көрініс жоқ! Шайларын асықпай ішіп, театрға байпаң басып келетін сабаздарың көздерін тырнап ашып, балет класына жүгіргендерін көресің! Одан соңғы азаптанып, бірі тарпаңдап, бірі маймаңдап, музыка бір жақта, өздері бір жақта — бидің әуресінде жүргендерін көріп, әрі күлесің, әрі аяйсың. Бірде Мұхтар Әуезов те келіп, биден сабақ алды. Мұхаң билей бастаса, біз ауызымыз аңқайып, сол жаққа қараймыз, ақыры ұялды білем, бірер сабақтан кейін келмей қойды».

 Ашу найзағайы

Қазақ мәдениетіне көп еңбек сіңірген қайраткер, композитор Евгений Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» кітабында Темірбек Жүргеновтің қатты ашуланған бір сәтін баяндапты: «…Олимпиада қорытындыларын жинақтау мақсатымен Жүргенов өз кабинетінде облыс өкілдерінің басын қосып, кішігірімдеу мәжіліс шақырды. Шамамен алғанда, отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам — қарағандылық Б.А.Орлов және мен орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйледі.

…Оңай да түсінікті, қарапайым орыс тілі тұрғанда, осындай түсініксіз қазақ тілінде сөйлеудің не керегі бар екенін Борис Александрович ұға қоймады? Осындай қисындар ырқымен Борис Александрович орнынан тұрды да, Т. Жүргеновтің қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме  болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болу үшін, орысша сөйлеу жөн екенін айтты.

Т.Жүргеновтің кішкентай қара көздері ұшқындап кетті. Қашан да дүрдиіңкіреп тұратын алдыңғы ерні одан сайын торсия берді. Мұның өзі қызық көрініс еді. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас?». Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз? — деп қайталап, Т. Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі. — Сіз Қазақстанға келдіңіз, егер де мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Бәлкім, сіз, Орлов жолдас, біздің ана тілімізде сөйлесуімізге мұрсат етерсіз? Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?».

Жүргенов жазған жыр

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бәрі де қалам ұстаған. Темірбек Жүргенов те мақалалар, тіпті әңгіме мен өлең де жазып, әр жылдары түрлі басылымдарға шығып тұрған. Ол 1918 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ мұңы» газетінің редакция алқасы құрамында болды.

Темірбек Жүргеновтің 1920 жылы «Ұшқын» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан») бетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты өлеңін кейіннен актер Серке Қожамқұлов өз репертуарына енгізген. Бұл өлеңді ол алғаш 1926 жылы Қызылордада тұңғыш қазақ театры ашылған күннен бастап, ұзақ жылдар бойы концерттерде оқыған.

1974 жылы белгілі жазушы әрі журналист Әзілхан Нұршайықовпен сұхбатында Серке Қожамқұлов былай деп еске алыпты: «…Сол кезде рабфакта оқитын Темірбек Жүргеновті жақсы танушы едім. Ол кейін нарком болып істеді. Бір күні «Ұшқын» газетінде Темірбектің бір әдемі өлеңі шыға келді. Керемет жақсы. Өлең бұрынғы тілмаштар туралы жазылған. Тақпақ айтуға ол кезде әбден төселген кезім. 1927 жылы Ташкентте ойын қойдық. Сонда радиодан сөз сөйлеп, тақпақ оқыдым.

Өзбекстанда нарком еді, екінші күні Темірбек келіп:

— Ал, Серке, құрдастығыңды ақтап жүргеніңе рахмет. Ал енді мен қазір жақсы-жаман болсам да, нарком болып жүрмін. Сенің осы тақпағың көп нәрсені еске түсіреді. Пайдасы да аз тиген жоқ. Бұдан былай сен оны «өзімдікі» деп айта бер. Саған қидым біржолата. Еңбегің сіңді, — деді».

Айта кетсек:

«Әкім алдына переводчик,

Енді, міне, болдым мен.

Қазаққа тиген төреліктің

Ішіндегі зоры ең.

Оқығанда ойға алғаным —

Өне бойы осы шен», — деп басталатын бұл өлеңде 22 жастағы Темірбек мансапқұмарлық, парақорлық, қара басын күйттеген пайдакүнемдік секілді жағымсыз қасиеттерді сынаған.

Баба есімін қорғау

Ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Құрманбек Жандарбековтің: «Атасы перзентін қалай сүйіп, оған сүйсіне қызықтап қараса, Темкең де дүниеге жаңа келген қазақтың сахна өнеріне осылай аталық қамқорлықпен қарады», — деп бірауыз сөзбен жеткізгеніндей, Темірбек Жүргенов 1934 жылы қазақ драма театрынан бөлініп шыққан Қазақтың мемлекеттік музыка театрының (бүгінде — Абай атындағы Қазақтың академиялық опера және балет театры) аяғынан нық тұруына барынша қолдау көрсетіп, осы істің басы-қасында жүрді. Бұл театрдың қазіргі ғимаратының тұрған орнын да Жүргеновтің таңдағаны оның жары Дәмеш Ермекованың естелігінен белгілі.

Театр репертуартындағы алғашқы спектакль — «Айман-Шолпан» (режиссерлер — Ж. Шанин, Қ. Жандарбеков). Ол Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша қойылды. Осы шығарманы талқылау барысын Ахмет Жұбанов кейін былай деп еске алады: «Отыз үшінші жылдың күзінде «Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқылады екен» деген хабармен қадірменді ағам Құдайберген Жұбановқа еріп, мен де Үкімет үйіне келдім. Жазушылар, ақындар бар екен. Темірбек мәжілісті өзі басқарды. Бұл менің Темірбекті бірінші көруім болатын. Үстінде сұр гимнастерка, аяғында етік, галифе шалбар, шашы қаншама кейін тарап қойғанмен, тікірейіп кете береді, жатпайды. Темірбек көп сөйлеуді жек көретін, нағыз істің адамы еді. Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты. Әрине, сол кездің өзінде жиырмадан аса пьесаның авторы болған, майталман драматургтің мына туындысы да тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек:

— Мұхтар! Осы Басыбар демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған Көтібар атын өзіне қайтарсаң қайтеді? Қаншама мәдениетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен, адамның басы болса, басқа жақтары да болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысылып-қымтырылмаған деседі ғой! — деді.

Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты қабылдап, сол арада келісім беріп, Көтібар өз атымен қалды».

Естеліктерді парақтаған — И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button