Білім

Басты мақсат — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

«Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Құралдар: имплементация және ұлттық заңнаманың ерекшеліктері». Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен осындай тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға аталған департаменттің басшысы Р.Медетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы М.Мұхамбетов, облыстық мәслихаттың депутаты, арнайы мониторингтік топ басшысы Т.Талаева, облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаева қатысты.

Сондай-ақ, шараға жоғары оқу орындарының, орта білім беру мекемелерінің, мектептердің, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, жиналды.

Жиынды   ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Медетов ашып жүргізді. Ол өз сөзінде конференция білім саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылғанын, білім саласының сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың қатарында екенін айтты.

  • «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, біз сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Біздің мақсат — сыбайластықтың, пара беріп, пара алудың алдын алу. Биыл колледждер үшін мемлекеттік тапсырыс көп бөлінді. Ал сол жөнінде оқу орнының басшылары ата-аналарға толық мәлімет берді ме? Ауылдағы жұрттың бәрі хабардар болды ма? Мән-жайды сұрап, алдарыңызға келген кісіге біраз гранттың бар екені жөнінде ақпарат берсеңіздер, ата-ана баласының мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқуына мүмкіндік барына қуанып, үміттенер еді. Дегенмен, мәселенің туындауы да осыдан шығады: ата-ана мемлекеттік тапсырыс туралы ақпарат дұрыс жеткізілмей, ақыры араға салатын адам іздеп, әуреге түседі, — деді Р.Медетов.

Шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаеваның баяндамасы тыңдалды.

  • Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністердің алдын алуға, оны болдырмауға, педагог қызметкердің мәртебесін түсірмеуге бағытталған шаралар жоспарлы, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл профилактика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие және білім беруді ұтымды үйлестіруге негізделеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдыр­мау мақсатында педагог қызметкерлерді аттестаттау, мемлекеттік білім беру тап­сырысын орналастыру, білім беру саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, қамқоршылық кеңестер институтының қызметін ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары жыл сайын бекітіледі, — деді басқарма басшысы.

Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу негізі.

Облыстық білім басқармасының ведомстволық бағыныстағы ұйымдарымен мемлекеттік көрсететін қызметтер саны —  22.

  • Биыл 8350 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Аталған мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою мақсатында бірқатар шара іске асырылды. Соның ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезектілікті қалыптастыру, оның қызметі және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру өз тиімділігін дәлелдеді, — деді Ләззат Оразбаева.

Биыл облыстағы 178 (51,1 пайыз) балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беру электронды форматқа ауыстырылған. Қазір Қобда ауылында, Алға, Хромтау, Қандыағаш, Ембі, Жем, Темір қалаларында автоматтандырылған жүйе 100 пайыз енгізіліпті.

  • Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша жаңа оқу жылына жергілікті бюджет есебінен — 3981, республикалық бюджеттен  — 1085 орынға студенттерді қабылдау жоспарланды.  Бүгінгі күнге жергілікті бюджет есебінен — 3886,  республикалық бюджет есебінен — 1085 студент қабылданып отыр. 2018-2019 оқу жылына техникалық және кәсіптік мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша талапкерлерді қабылдау процесінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау және алдын алу мақсатында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жанында құрылған арнайы мониторингтік топ өкілдері қабылдау комиссияларының құрамына енгізілді, — деді басқарма басшысы.

Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, арнайы мониторингтік топ басшысы Т.Талаева аталған топтың колледждер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру гранттарының бөлінуіне және студенттер жатақханаларында өзге тұлғалардың заңсыз тұруына қатысты мониторинг жүргізгенін айтып, соның қорытындысында аталған саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсынымдар туралы тілге тиек етті.

Шарада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов сөз алды.

  • Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық кадр мәселелерін шешумен, еңбекақыны төлеудегі айпа-шарғылармен, заңсыз сертификаттар, аттестаттар мен дипломдар берумен, мемлекеттік сатып алулар кезінде өкілеттікті теріс пайдаланумен байланысты.

Жақында Мұғалімдер күні келе жатыр. Осы мәселеге көңіл бөлінсе деген өтінішім бар. Осы аптаның ішінде 3 мектептің ата-анасы Мұғалімдер күніне 1000 теңгеден жинап жатыр деген ақпарат түсті. Бір ата-ана айтады 4 балам бар мектепте оқитын, күйеуім жоқ, 4000 теңге мен үшін үлкен ақша, бермеймін деп едім, ата-аналар комитетінің төрағасы неше түрлі сөздер жазып жатыр деп. Бәрін бүлдіретін ата-аналар комитетінің төрағалары. Осы ретте, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiнде заңсыз сыйақы алуға қатысты 247-бап, пара алуға қатысыты 366-бап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінде  Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуына қатысты 677-бап бар және оларда жаза түрлері көрсетілген. Осыған орай, осы мәселені қатаң бақылауға алу қажет және білім беру ұйымдары басшыларының және қызметкерлерінің ата-аналардан сыйлықтар алу, ақша жинау, соған сәйкес мәжбүрлеуге қатысты дербес жауапкершілігін ескертеміз, — деді Рафхат Бисенов.

Конференция барысында заңсыз ақша жинау, ақылы тестілеуді ұйымдастыру, мектепке орналасу кезінде артық құжаттарды талап етуді болдырмау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар қылмыстық құқықбұзушылықты және өзге де заңбұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button