Жаңалықтар

Қылмыстың алдын алу — маңызды шара

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясының жалпы отырысы №3 Гоголь сайлау округінен сайланған депутат Ербол Бекмұхамбетовтің төрағалық етуімен өтті. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудандар мен Ақтөбе қалалық мәслихаттарының хатшылары қатысты.

Сессия жұмысының күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі — облыста құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі.

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов баяндады. Өз сөзінде ол бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту шараларының қолға алынғанын да атап өтті.

Оның айтуынша,  биыл сәйкес кезең ішінде рецидивті, топтық және тұрмыстық қылмыстың екі есеге, қару-жарақпен ұрлық жасау және заңсыз операциялардың саны 1,5-2 есеге, автокөлік ұрлығы үштен бірге, ауыр қылмыстар мен алаяқтық әрекеттердің төрттен бірге, алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстардың саны, ауырлығы аз қылмыстар, қылмыстық құқықбұзушылықтар және зорлау оқиғаларының 20 пайызға төмендегені байқалады.

Қылмыстың азаюына  заңнама бойынша шағын бұзушылықтарды болдырмау үшін жүргізілген алдын алу жұмыстары әсер етті.  Соның нәтижесінде осы уақыт аралығында қосымша 6,5 пайыз әкімшілік құқықбұзушылықтардың орын алуына жол берілмеді. Құқықбұзушылық деректері бойынша  851,2 миллион теңге айыппұл салынып, бүгінгі күні соның жартысынан астамы жиналды, — деді М.Әбисатов.

Ол өз сөзінде әр санатқа қатысты, яғни қару-жарақты бақылау, іздеу, экстремизм, кісі өлтіру, ұрлау және тағы да басқа жағдайларға байланысты жеке-жеке тоқталды. «Көптеген позициялардың оң динамикасына қарамастан, ағымдағы жылы қылмыстың ашылуы бірнеше есе төмендеді. Мұндай ауытқулардың орын алуына, бірінші кезекте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін, жасырын резервтерді және оперативті, сот-сараптама бөлімшелерінің, аудандық инспекторлар мен патрульдік полицияның жұмысын ұйымдастырудағы кемшіліктер себеп болып отыр», — деді басқарма бастығы.

Сессия жұмысында облыс аумағында орын алған кейбір қылмыстық оқиғалар баяндалды. Құқықбұзушылықтың әрі қылмыстың алдын алу шараларын күшейту бағытында әлем тәжірибесін өз баяндамасына арқау еткен М.Әбисатовқа депутаттар тарапынан бірқатар сауалдар қойылды. Мәселен, депутат Асан Ыбыраев Ақтөбе қаласы көшелерінде кәріз және су жүйелері үшін орнатылған қақпақтардың жиі қолды болатынын, осы мәселеге қатысты құқық қорғау органдары тарапынан қандай шаралар, бақылаудың жүргізіліп жатқанын сұрады. Себебі ұрылар мұндай қақпақтарды қара металл ретінде тапсырады. Бүгінгі күні облыс орталығында ұрлықтың бұл түрі тыйылар емес. Алайда, М.Әбисатов бұл мәселеге қатысты тұшымды жауап бере алмады. Себебі қара металл қабылдайтын жерлер кәсіпкерлік құрылымдары саналады. Бұл орайда полицейлердің ұрланған мүліктің қара металл қабылдайтын орынға тапсырылғанын тексеруге құқысы жоқ. Бұл — шағын және орта бизнеске келетін әкімшілік кедергі.  М.Әбисатов сауал қойған депутатқа кәріз және су жүйесі қақпақтарын Орал қаласының тәжірибесі бойынша пластмассаға ауыстыру керек екенін айтқаны сол еді, А.Ыбыраев бұл тәжірибенің Ақтөбеде жүзеге асырылғанын, алайда тиімсіз болғанын айтты.

Сессия кезінде басқарма бастығы депутаттардың бұдан өзге де сауалдарына жауап берді.

Ақтөбе қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру және қайта атау туралы мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Гүлайым Төлебаева хабарлама жасады. Жоба бойынша Ақтөбе қаласының 6 шағын ауданында, яғни тұрғын үй алаптарына және 34 атаусыз көшеге атау беру, Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының И.Киселев көшесін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көше болып қайта аталу мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар сессия отырысында депутаттар Мирболат Райымқұловты Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі ретінде тағайындауға бірауыздан шешім қабылдады.

Сессияның күн тәртібінде қаралған барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button