Басты жаңалықтарМереке

Конституция күні: екі мектеп пайдалануға берілді, 90 отбасы пәтерлі болды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні облыста кең көлемде аталып өтті. Бұл күні Ақтөбе шаһарында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ақтөбелік тоқсан отбасы жаңа пәтерлі болды. Мерекелік салтанаттарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. 

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Қызылжар ауылы тұрғындары үшін бұл күн ерекше есте қалмақ. Мемлекеттік мерекеде ауыл балалары үшін 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бой көтерген білім ордасы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев есімін иеленіпті. Конституция күніне және жаңа оқу жылына арналған мерекелік іс-шараны жаңа мектеп ауласында ауыл халқымен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ тамашалады.

Екі қабатты, 2870 шаршы метр аумақты қамтитын оқу ғимараты оқушылардың оқуы мен жаттығулар, сондай-ақ мәдени және спорттық тәрбие алуын қамтамасыз етуге арналған. Мектеп 21 класқа арналған және екі ауысымда жұмыс  жасайды.

Бердібек Машбекұлы оқушылар мен мұғалімдерді, ауыл тұрғындарын маңызды шарамен құттықтады.

Мемлекеттің дамуы бірінші кезекте азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан кез келген мемлекет әлеуметтік салаға назар аударады. Сіздер жақсы білесіздер, Қазақстанда бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, театрлар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Ең негізгісі — балаларымыз қазіргі заманның талабына сай білім алуы керек. Мұның барлығы — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесінде мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықта лайықты орын алу бағытында атқарылып жатқан шара. Бүгінгі Қазақстан танымал, жетістікті меңгерген мемлекет, — деді аймақ басшысы.

М.Мақатаев атындағы №73 орта мектепте кең спорттық және акт залынан бөлек, химия және биология, ағылшын тілі, кітапхана, медиатека кабинеттері бар. Бірінші қабатта 100 орындық асхана, кіреберіске турникет орналастырылған.

Ауылдың ажарын айшықтап тұрған жаңа ғимараттың ашылуымен жергілікті тұрғындарды құттықтай келе: «Қызылжар — кейінгі кезде дамып, өркендеп келе жатқан елді мекен. Конституция күні, жаңа оқу жылы қарсаңында ауылдарыңызда мектеп пайдалануға беріліп жатыр. Осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Екінші кезекте, осы мектептің құрылысын жүргізген «Строй Мұнай Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне үлкен рақметімді айтқым келеді», — деген Бердібек Машбекұлы ата-аналардың бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауын ерекше атап өтті.

Біз ертеңгі заманның талабына сай ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан бірінші кезекте ата-аналарға көп нәрсе байланысты. Себебі әр ата-ананың бала алдында борышы, міндеті бар. Ұстаздарымыз осындай зәулім мектепке сай оқушыларға білім, тәрбие беруі керек, — деп облыс әкімі оқушылардың білімді азамат боп өсулері үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып жатқанын айтты.

ОҚУШЫЛАР КАРТОЧКА АРҚЫЛЫ ТАМАҚТАНАДЫ

Ауласы абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңдары, жүгіру жолдары орналасқан. Ерекше қажеттілігі бар балаларға лифт пен  арқалықтары бар пандустар қойылған. Оқу ғимаратында көлемі 616,31 шаршы метр болатын спорт залы дене шынықтыру сабағына қажетті заманауи жабдықтармен қамтылса, 80 адамға арналған акт зал үлкен сахна мен киім ауыстыратын бөлмеден тұрады. Салтанатты жағдайда лента қию рәсімі жасалғаннан кейін облыс әкімі бастаған топ мектеп ішін аралап көрді. Қонақтарға оқушылар өз өнерін көрсетіп, ғылыми жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Төменгі қабаттағы 100 орындық асхана да заманауи жабдықталған. Бір қызығы, жаңа оқу жылынан бастап қаладағы жаңа бес мектептің оқушылары үшін тамақтанудың жаңа жүйесі енгізілмек. Яғни оқушылар қолма-қол ақша төлемейді, енді  карточка арқылы тамақтанады.

Ақтөбе қаласында бой көтерген жаңа мектептердің бесеуінде биылғы оқу жылынан бастап оқушылардың тамақтануы үшін жаңа жүйе енгізілетін болады. Яғни оқушылар карточка арқылы тамақтанады. Әрбір оқушының қолында  мектепке кіреберіс турникетке және тамақтануға қажет карточка болады. Яғни оқушылардың қолында ақша болмайды, ата-аналары қаражатты сол карточкаға аударады. Бұл — бірінші кезекте, оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін әрі сапалы тамақтануына жасалған шара. Себебі қолында ақшасы бар оқушы мектепте газдалған сусындар немесе  басқа да тағамдар алып жатады. Біз бұл жүйені биыл пайдалануға берілген жаңа мектептерге ғана енгізіп, нәтижесін байқап көреміз, — деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Жақсыбаева.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда облыс көлемінде 26 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін 15 мектеп пайдалануға беріледі, оның 9-ы жаңа оқу жылынан бастап өз жұмысын бастайды. Салынып жатқан мектептер облыстағы 14 үш ауысымды, 2 апатты жағдайдағы әрі екі мектептегі орын тапшылығын, сондай-ақ 8 ескірген білім ордасының мәселесін шешеді.

ЖАҢАҚОНЫСТАҒЫ ЖАҢА МЕКТЕП

Конституция күнінде осындай тағы бір мектеп Ақтөбе қаласының Жаңақоныс ауылында да халық игілігіне берілді. Сәбит Дөнентаев атындағы №69 орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындарымен қатар, ардагер ұстаздар, оқушылар қатысты. Салтанатты рәсімде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл халқын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

Ата Заңымыздың арқасында қазақ елі, Қазақстан мемлекеті дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның аты әлемге әйгіленді. Осы мерекенің алдында біз Астана қаласы үшін, жалпы Қазақстан  үшін тарту жасадық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының негізі — Бейбітшілік. Егер дүниеде бейбітшілік болса, онда халықтың тұрмысы, жағдайы жақсарады. Біз Елбасының саясатын жүзеге асыру мақсатында Астанаға «Бейбітшілік» қабырғасын тарту еттік.  Ондағы мақсатымыз — қазіргі замандағы Қазақстанның жүргізіп жатқан саясатын тағы да бүкіл дүниежүзіне көрсету, насихаттау. Еліміз дамыған отыз елдің қатарына тезірек енуі үшін біздің жастарымыз білімді, қазіргі заманның талабына сәйкес болуы керек. Бұл — еліміздің басты саясаты.  Біз сол тапсырманы орындау мақсатында мектептер салып, балаларымызға жақсы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Соңғы үш жылда Жаңақоныс ауылында екінші жаңа мектеп пайдалануға беріліп жатыр. Мұның өзі халқымыздың әл-ауқатының, тұрмысының жақсарғанының көрініс, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Екі қабатты мектеп құрылысын «ЭлитСтройСервисАқтөбе» құрылыс компаниясы жүргізіпті. Мектептің жалпы ауданы — 3053,46 шаршы метр. Мерекелік шарада құрылыс компаниясының директоры Юсуф Умиров дәстүр бойынша символикалық кілтті мектеп басшылығына табыстады. Ардагер ұстаз Есен Көшет зәулім ғимараттың ауыл ортасынан бой түзегеніне өз ризашылығын білдіріп, жергілікке билікке алғысын айтты.  Ақсақал балалардың оқуы мен шығармашылықпен айналысуына мектепте барлық жағдай жасалғанын айтты. Бұдан кейін лента қию рәсімі жасалып, қонақтар жаңа мектептің ішін тамашалады. Олар дәмнен ауыз тиіп, оқушылардың өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын, ғылыми жұмыстарымен танысты.

Оқу ғимаратының  арнайы кластарында технология бойынша сабақтар өтіп, онда тігін, ас әзірлеу, ағаш пен металдарды өңдеуге арналған станоктар қарастырылған. Мектеп 17 класқа арналған, екі ауысымда жұмыс жасайды.

Жаңа мектептің аумағында да заманауи жабындар, волейбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары, ойын алаңдары тұрғызылған.

ТОҚСАН ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Конституция күнінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 90 ақтөбелік отбасы баспана алу мүмкіндігіне ие болды. Мерекеде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тұрғызылған жаңа үйдегі отыз пәтердің кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоныстой иелеріне салтанатты жағдайда табыс етті.

Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы салынған 566 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Оның ішінде 90 пәтер кезекте тұрған көпбалалы және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне үлестірілді.

Конституция күнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізген тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады.

Әрбір адам үшін ең негізгі мәселе — баспана. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.  Өздеріңіз білесіздер, осыдан екі жыл бұрын бұл жерде түк те болған жоқ. Бірнеше жыл бұрын мұнда ашық дала болатын, ал қазірде бұл аймақта жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Осының өзі бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалардың бір айғағы. Баспананы әлеуметтік қолдауды талап ететін азаматтарға беруді түсінеміз. Олардың қатарында жарымжан кісілер, көпбалалы отбасы мүшелері, мемлекеттік, бюджеттік салада қызмет ететіндер бар. Міне, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамының көмегімен ақтөбелік отбасылар үйлі болып жатыр. Бұл жұмыс әрмен қарай жалғасын табады. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі — халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Біз үй алу кезегінде тұрған азаматтарды мейлінше баспанамен қамту турасында өзімізге міндет алғанбыз. Өткен жылы облыста 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл біз кем дегенде 900 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз, — деген Бердібек Машбекұлы жиналғандарды Конституция күнімен әрі қуанышты сәттерімен құттықтады.

Пәтер кілтін алғандардың бірі — көз ауру бойынша бірінші топ мүгедегі Шайзада Жазылбаева. Ол күні бүгінге дейін отбасымен бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрғанын айтты.

Әйтеке би ауданынан көшіп келдік. Қалада үй алу кезегінде 11 жыл тұрдым. Отбасымызда алты адам бар. Бұған дейін бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық. Жақында бізге екі бөлмелі пәтер алатынымызды хабарлады. Өз пәтеріміздің болатынына сене алмай, әлі күнге дейін қуаныштан толқып жүрмін, — деді ол.

Жыл басынан бері Ақтөбеде 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Енді жыл соңына дейін облыста 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Жаңа үйдің ауласына шашылған шашуды терген үлкендердің де, балалардың да қуанышында шек болмады. Пәтер кілттері иелеріне салтанатты жағдайда табысталғаннан кейін облыс әкімі бастаған топ баспанасы бірінші қабаттан бұйырған бірінші топ мүгедегі Айбек Үбішевтің шаңырағында болды. Екі бөлмелі баспанаға қол жеткізген ол он жыл бойы пәтер жалдап тұрған. «2011 жылы тұрғын үй қорын есепке алу секторына құжат тапсырып, биыл жаңа бағдарламаның конкурсына қатыстым. Енді екі бөлмелі пәтерге ай сайын 40 мың теңге төлеймін. Үй 20 жылға несиеге алынды. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы біз үшін өте тиімді болды», — деді Айбек.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығында 21 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

P.S. Конституция күнінде Ақтөбеде «Былғары доп-2018» футболдан қала біріншілігінің жабылу салтанаты өтті. Футбол ойынына Ақтөбе қаласы мен ауылдық округтердің жасөспірімдері қатысыпты. 1 маусым-30 тамыз күні аралығында өткен жарыстың жабылу салтанатына өңір басшысы қатысты. Бердібек Машбекұлы өз сөзінде облыста футболды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып, жастарды салауатты өмір салтын сақтауға, мейлінше спортпен шұғылдануға шақырды. Жеңімпаз командалар облыс әкімінің қолынан арнайы сыйлықтарға ие болды.  

**

Облыста Конституция күні ауқымды түрде аталып өтті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе қаласы мен  аудандарда бұл күні жалпы құны 6 миллиард теңге болатын 25 әлеуметтік, өндірістік және коммерциялық ғимарат пайдалануға берілді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button