Басты жаңалықтар

«Нұрлы жер»: үй құнының 20 пайызын жинап, баспаналы болыңыз!

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері тиімді шарттар бойынша баспаналы болудың түрлі бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта 15 жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де құрылған болатын. 15 жылдың ішінде аталған банк ұсынған бағдарламалар арқылы елімізде 147 302 адам отбасы жағдайын жақсартқан. Олардың 86 пайызы тұрғын үй жинақтары арқылы пәтер алса, 6,6 пайызы үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, 1,8 пайызы жеке үйлерінің құрылысын тұрғызу үшін несие рәсімдеген. Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1 млн 100 мыңнан астам салымшысы бар, олардың жинағының жалпы сомасы – 546,4 млрд теңге. 

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғындар тиімді шарттармен баспана алудың бірнеше бағдарламасына қатыса алады. Аталған банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетовамен осы тақырыпта әңгімелескен едік:

  • Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғындардың барынша тиімді шарттар бойынша баспаналы болуына арналған бірнеше бағдарлама ұсынып отыр. Соның бірі — «Нұрлы жер». Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша біздің салымшылар жаңадан салынған үйлерден пәтер ала алады. Жылдық ставка — 5 пайыз. Қазір Ақтөбеде «Нұрлы жер» бойынша «Нұр-Ақтөбе» ауданында салынып жатқан 9 қабатта және 3 қабатты үйлер, яғни, танхаустар және екі қабатты коттедждерді алуға мүмкіндік бар. Бағалары нарықтағы үй бағасынан арзан: шаршы метрі 100-120 мың теңгенің аралығында. Бір, екі, үш бөлмелі үйлердің ауданы сәйкесінше 40, 60, 80 шаршы метрден асады. Ал коттеджердің ауданы 114-153 шаршы метр. Коттедждер бір қожайынға және екі қожайынға арналған. Яғни, бір аулада бір үй немесе екі отбасына арналған үй бар. Олар таза әрлеуде, дайын күйінде беріледі.
  • Мұндай коттедждерді алу үшін қандай талап қойылады?
  • Ол үшін салымшы жер қатынастары бөлімінде жер кезегінде тұруы тиіс. Егер бұрын жер кезегіне тұрмаған болса, бүгін барып кезекке тұруына болады. Азаматтың кезекке қай уақытта тұрғаны маңызды емес. Елдің әр азаматына мемлекет тарапынан 10 сотық жер тиесілі екендігі, кезекке тұру арқылы сол жерді алуға құқылы екенін азаматтар жақсы білетін болар. Ең бастысы, бұрын жер алмаған болуы шарт. Екінші талап — тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшоты болуы тиіс. Есепшотында сатып алатын үй құнының 20 пайызына тең қаражаты болуы керек. Бұл жағдайда да банктегі есепшотының қай уақытта ашылғаны, оған жарнаның қалай салынғаны маңызды емес. Үшінші талап — төлем қабілетінің болуы, яғни, тұрақты табысы болуы.

Бүгінге дейін «Нұр-Ақтөбе» қалашығында 194 коттедж салынды. Оның 74-інде бүгінде адамдар тұрып жатыр. Қалған 124 коттедж өз қожайындарын күтіп тұр. Бұл коттедждердің бағасы 13,5 млн теңгеден басталады. Орташа бағасы 14-15 млн теңгенің шамасында. Бұл үйлерді үш құрылыс компаниясы салды, соған байланысты әрлеуі де үш түрлі, азаматтар өздері қарап, таңдап алады.

  • Біздің тұрғындардан мынадай сұрақ келіп түсті: «Мен 2006 жылы жер кезегіне тұрып, 2017 жылы өзіме тиесілі 10 сотық жерімді алдым. Алайда, әзірге қазық қақтырып, үй салуды бастағаным жоқ. Мен сол жерден бас тарту арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша коттедж сатып алуыма бола ма?» дейді. Бұған не дейсіз?
  • Жер берілгеннен кейін ол мемлекет тарапынан тұрғындарға екі жыл мерзімге жалға беріледі. Яғни, әзірге ол мемлекет меншігінде, мемлекет балансында болып есептеледі. Бұл жағдайда бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар. Ол үшін «Халықтық кеңсеге» барып, сол жердегі жер қатынастары бөлімінің, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдерінен кеңес алуына болады.
  • «Нұр-Ақтөбеде» салынып жатқан үйлерден «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер алудың қандай артықшылықтары бар? Көпшілігі «Нұр-Ақтөбені» алыссынады, сондықтан, ол жақтан алғысы келмеуі мүмкін.
  • Біріншіден, «Нұр-Ақтөбе» экологиялық таза аудан болып есептеледі. Қала сол жаққа қарай кеңейіп келеді. Әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Қоғамдық көліктің жүруі де жиіледі. Екіншіден, жаңа аудан болғандықтан, инженерлік желілердің барлығы жүз пайыз жаңа, ол желілердің сапалы жұмыс істеуінің кепілі. Ең бастысы, аталған бағдарлама бойынша несие ең төменгі пайызбен — 5 пайызбен беріледі. Несиені 15 жылға алатын болсаңыз, алғашқы бес жылда 5 пайыз, қалған 10 жылда 4,5 пайызбен өтейсіз. Ал бұл бүгінгі күні ипотекалық несие нарығындағы ең төменгі пайыздық көрсеткіш. Есепшотыңызда үй құнының 20 пайызы болса, жеткілікті.
  • Мәселен 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі үй алу үшін есепшотта қанша ақша болуы керек?
  • Ауданы 44 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтердің шаршы метрінің құны 110 мың теңге болатын болса, үй құны 4 млн 840 мың теңгеге шығады. Ол үшін есепшотыңызда 968 мың теңге қаражатыңыз болса жеткілікті. Төлем қабілетіңізді растағаннан кейін таза әрлеудегі үйіңізге кіріп, тұра беруіңізге болады. Несиені 19 жылға рәсімдесеңіз, алғашқы 8 жылда 5 пайыз жылдық ставка бойынша ай сайын 32751 теңге төлейсіз, қалған 11 жылда 3,8 пайызбен 15068 теңге төлейсіз.

Қазір пәтер жалдап жүрген жастар, жас отбасылар өте көп. Бір бөлмелі пәтердің өзін 40-50 мың теңгеге жалдап, жылдар бойы біреудің үйі үшін ақша төлейді. Одан да өз үйін алғаны жақсы ғой. Бар болғаны есепшот ашып, 968 мың теңге жинаса, тұрақты табысы болса, болғаны. Ата-аналар 2-3 малын сатып, баласына тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып беріп, баспаналы болуына көмектессе, балалары біреудің есігін жағалап жүрмейді. Мұндай бағдарламаны барынша пайдаланып қалу керек. Бұрын тұрғын үй құнының 30 пайызын жинау шарт болды, қазір 30 емес, 20 пайызын жинаса, жеткілікті.

  • «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін жеке меншігіңде тіркелген баспана болмауы керек пе?
  • Негізгі тізім, қосымша тізім деген бар. Яғни, аталған бағдарлама бойынша салынған үйлердің жартысы жергілікті атқарушы органдардағы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, қалғаны барлық санаттағы азаматтарға беріледі. Бұл жағдайда негізгі тізім тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін жасалады, яғни, бірінші конкурсқа кезекте тұрған азаматтар қатысады. Бұл жағдайда олардың атында үй болмауы керек. Ал қосымша тізім бойынша, яғни, барлық санаттағы азаматтардың қатысуымен болатын конкурс кезінде меншігіңде үйдің бар-жоғына ешқандай талап қойылмайды. Тіпті атыңызда үш-төрт үй болса да, есепшотыңызда 20 пайыз қаражатыңыз, төлем қабілетіңіз болса, болғаны, баспаналы бола аласыз.

Бүгінде «Нұрлы жер» бойынша екі мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Енді үй аламын деушілерге дайын тұрған 900 пәтердің біреуін таңдап алуына мүмкіндік бар. Немесе алда салынатын, салынып жатқан пәтерлерден де ала алады.

  • Сонда бұрынғыдай есепшот ашып, оны ең кем дегенде үш жыл бойы толтыру, ай сайын үздіксіз қаражат салып отыру керек деген талап қойылмайды ғой?
  • Жоқ, ондай талап жоқ. Бүгін есепшот ашып, 15-20 мың теңге салып, ертеңіне конкурсқа қатыса беруге болады. Егер конкурста бәсекелестік аз болса, ұтып кетуіңіз мүмкін. Егер конкурстан өтсеңіз, есепшотыңызға бірден үй құнының 20 пайызын салып, төлем қабілетіңізді растап, баспаналы бола аласыз. Өтпей қалсаңыз, оған да мұңаюдың қажеті жоқ, өзіңізге ұнайтын пәтерге қол жеткізгенше конкурсқа үздіксіз қатыса беруге болады, оған ешкім тыйым салмайды.
  • Кейбір банктерде ипотекалық несие алу үшін бір жерде үзіліссіз кемінде 12 ай жұмыс істеуің шарт. Және несие тарихың бұзылса, несие ала алмайсың. Сіздерде талап қандай?
  • Бізде басқашалау: бір жерде 12 ай үздіксіз жұмыс істеу шарт емес, тек соңғы алты ай бойы тұрақты табысыңыз болса, болғаны. Бұл жағдайда да алты ай бойы бір жерде жұмыс істеуіңіз керек деген талап қойылмайды. Үш ай бір мекемеде, келесі үш айда басқа мекемеде жұмыс істеген болсаңыз да, несие ала аласыз. Ең бастысы, арада үзіліс болмауы керек.

Несие тарихына байланысты да азаматтарға үзілді-кесілді несие берілмейді деген талап жоқ. «Нұрлы жер» бойынша пәтер алғысы келетін адам осы несиені рәсімдеуге келген кезде мойынында өтелмеген қарызы болмаса болғаны. Бастысы, қарызыңды, кешіктірсең де, жауып кел.

  • «Өз үйім» бағдарламасы бойынша салымшыларға қандай жеңілдіктер бар?
  • Бүгінде Ақтөбеде құрылыс қарқыны мықты. Тұрғын үй салып жатқан компаниялар көп. Қазір республика бойынша Ақтөбе құрылыстың көптігі, сапалылығы және тұрғын үй құнының бағасының қолжетімділігі жөнінен алдыңғы орындардың бірінде. Біздің банк осындай құрылыс компанияларымен ынтымақтастық туралы келісім жасасады. Осы келісімге сәйкес, жеке құрылыс компаниялары салған үйлер банк арқылы жеңілдетілген несие бойынша тұрғындарға ұсынылады. Құрылыс компаниялары үйді қаланың кез келген аумағынан сала алады. Дәл қазіргі уақытта тұрғындарға «Өз үйім» бағдарламасы бойынша Батыс-2 және Болашақ аудандарында салынып жатқан үйлерді алуға болады. Бұл жағдайда салымшылар өздері алғысы келетін үйлерге екі жолмен қол жеткізе алады: банк жариялайтын конкурс арқылы немесе өздері пәтерді нарықтан таңдап алу арқылы сатып ала алады. Бірінші жағдайда «Өз үйім» бағдарламасына қатысу үшін банктің ресми порталы арқылы байқау жарияланғанын қадағалап жүру керек, байқау басталған уақытта сайттағы жеке кабинетіңізге кіріп, өтініш қалдыра аласыз. Немесе банк кеңсесіне келуге болады. Содан соң балл есептеліп, байқаудан өткен-өтпегеніңіз анықталады. Егер өткен болсаңыз, төлем қабілетіңіз расталып, баспаналы болуға мүмкіндік бар.

Екінші жағдайда құрылыстарды аралап жүріп, пәтерді өзіңіз таңдап аласыз да, банкке келіп, несие алу құжаттарын рәсімдей аласыз. Бұл екі жағдайда да есепшотыңызда пәтер құнының 20 пайызы болуы, төлем қабілетіңіздің болуы шарт. Несие 7 пайызбен 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл бағдарлама бойынша тек жаңа үйлерді ғана алуға мүмкіндік бар.

Үй үшін несие алдыңыз ба, жалақыңызға салынатын жеке табыс салығыңыз азаяды!

Салық кодексінің 166-баптың 1-тармағына сәйкес, «қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысын анықтау кезiнде төлемдердің кезеңділігіне қарамастан, күнтізбелік жыл iшiндегi әрбiр ай үшiн мынадай бірнеше шегерімдері қолданылады».

Сондай шегерімдердің бірі — «Қазақстан Республикасының резидентi жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге тұрғын үй құрылыс жинақ банктерiнен алған қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге бағытталған сомалар».

Түсініктірек айта кетейік, егер азамат баспана жағдайын жақсарту үшін несие алған болса, онда жалақысынан ұсталатын жеке табыс салығының көлемі заңға сәйкес азайтылады, сәйкесінше шегерілген қаражат жалақыңызға қосылады. Ол үшін банкпен жасалған келісімшартты өзіңіз жұмыс істейтін жердегі есеп-қисап бөлміне апарып көрсетесіз. Банкке төлейтін қарыздың негізгі сомасы шегерілуге жатпайтынын ескеру керек.

Мысал келтіре кетейік: жеке тұлға банкке ай сайын 28 мың теңге несие төлейді делік. Оның 17 мың теңгесі — қарыз бойынша негізгі сома, қалған 11 мың теңгесі — есептелген сыйақы мөлшері. Яғни, азамат өзінің жұмыс берушісіне сәйкес құжаттарды беріп, табысына салынатын салық көлемін 11 мың теңгеге азайта алады, яғни, заңға сәйкес, 11 мың теңге салық ретінде төленбейді, өзінің жалақысына қосылады.

Мұндай құқық салық төлеушіге тек бір ғана жұмыс берушіден алатын табысына ғана және толық құжаттар көрсетілген жағдайда ғана беріледі.

Банктен алатын несие мөлшері 4 840 000 6 600 000 8 800 000
Бастапқы жарна 968 000 1 320 000 1 760 000
 Несие бойынша ай сайынғы төлем

(алғашқы 8 жыл),

5 % жылдық мөлшерлеме бойынша

 

32 751 44 666 59 547
  Несие бойынша ай сайынғы төлем

(келесі 11 жыл), 3,8 %  жылдық мөлшерлеме бойынша

15 068 23 144 33 240
Артық төлем мөлшері 2 301 417 3 201 285 4 326 120

Шотыңызда үй құнының 20 пайызы болса «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шаршы метрі 110 мың теңге болатын таза әрлеудегі пәтерді 19 жылға несиеге ала аласыз. Бір бөлмелі пәтер — 44 шаршы метр, 2 бөлмелі — 60 және 3 бөлмелі пәтер 80 шаршы метр.

Шотыңызда үй құнының 20 пайызы болса «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шаршы метрі 120 мың теңге болатын таза әрлеудегі пәтерді 19 жылға несиеге ала аласыз. Бір бөлмелі пәтер — 44 шаршы метр, 2 бөлмелі — 60 және 3 бөлмелі пәтер 80 шаршы метр.

Банктен алатын несие мөлшері 5 280 000 7 200 000 9 600 000
Бастапқы жарна 1 056 000 1 440 000 1 920 000
 Несие бойынша ай сайынғы төлем

(алғашқы 8 жыл),

5 % жылдық мөлшерлеме бойынша

 

35 728 48 720 64 960
  Несие бойынша ай сайынғы төлем

(келесі 11 жыл), 3,8 %  жылдық мөлшерлеме бойынша

17 087 25 897 36 911
Артық төлем мөлшері 2 526 384 3 508 058 4 735 151

Әңгімелескен Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button