Мәдениет

Алаштың Ырғыздағы алыптары

Ақтөбе қаласындағы Ырғыз күндері аясында «Руханият» музейінде «Алаштың Ырғыздағы алыптары» атты танымдық кеш өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің туғанына — 120 жыл, Тел Жаманмұрыновтың туғанына — 130 жыл, Мұхамедияр Тұңғашиннің туғанына — 130 жыл және жазықсыз жала құрбаны болған Телжан Шонановтың зайыбы Шахзада Шонанованың туғанына 115 жылдығына және алаш арысы Бермұханбет Сисекеновтің өмір жолы туралы шараға мәдениет саласы қызметкерлері, аудандық музей жанындағы «Мұрагер» клубының мүшелері, өлкетанушылар, Т.Жүргенов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.

— Сол зұлмат жылдардағы солақай саясаттың құрбандарына айналған алаш арыстарының есімін бүгінгі ұрпақтың жадында жаңғырту аға буын үшін үлкен жауапкершілік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да тарихымызды түгендеу мақсатында үлкен міндеттер қойылды. Осы бағытта Ырғыз өңірінде туған алаш арыстарының өмірі мен еңбек жолын зерттеу, оны ұрпақтың білуі мақсатында іргелі жұмыстар жүргізіліп келеді, — дейді Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ә.Таубатыров.

Шара барысында «Мұрагер» клубының мүшелері Нұрқасым Сәрсенбаев, Рахия Омарова, Рақымжан Өтемісов пен музейдің ғылыми қызметкері Салтанат Сариналар «Алаштың ардақты азаматы Т.Жүргенов», «Білігімен белгілі болған Тел Жаманмұрынов», «Алаштың арыстары Бермұхамбет Сисекенов, Мұхамедияр Тұңғашин» және «Шахзада Шонанова — ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы» атты баяндамаларын оқыды.

— Саяси репрессия кезінде ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы — Шахзада Аронқызы Шонанова. Ол 1903 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында өмірге келген. Жастайынан білім алады. Бірақ әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, жоғары оқу орнында оқып жүргенінде оқудан шығарылады. Оның әкесі Арон — төре тұқымынан, белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың туған інісі.

… Шахзаданың көп арманы жүзеге аспады. Тағдырдың жазуымен екі рет тұрмысқа шығады. Алғашқы ері мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев алғашқылардың бірі болып ұлтшылдықпен айыпталып, ұсталып кетеді. Кейін ғалым, қоғам қайраткері Телжан Шонановпен бас қосады. Алайда Телжан Шонанов та 1937 жылдың соңында жазықсыз тұтқындалады. Кейін Шахзада Шонанованың өзіне де жазықсыз жала жабылып, ату жазасына кесіледі… — дейді музей қызметкері Салтанат Сарина.

Шара барысында Ырғызда туған басқа да алаш арыстары туралы толық мағлұматтар беріліп, олардың өмірі туралы бейнематериалдар көрсетілді.

Темірбек Жүргенов атындағы орта мектеп оқушылары «Нарком Жүргенов» тақырыбында сахналанған көрініс көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button