Жаңалықтар

Қылмыс неге көбейеді?

Көшпелі отырыс

Облыстық мәслихаттың хатшысы  Сәния Қалдығұлова бастаған депутаттар Хромтау қаласына іссапармен барды. Сәния Мұсақызы бастаған топ алдымен учаскелік полиция пункті, жедел басқару  орталығы, аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратттарын аралап көрді. Сондай-ақ Хромтау тау-кен колледжі мен спорт мектебінің  жұмысымен танысты.

Бұдан кейін  облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиынға №8 Пацаев сайлау округінен депутат Дмитрий Довматенко төрағалық етті. 

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Абзал Шотанов, Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин қатысты. Сонымен қатар көшпелі отырысқа тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстағы қоғамдық кеңес мүшелері, Хромтау ауданының құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ауылдық округтердің  әкімдері жиналды.

Күн тәртібінде Хромтау  ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі және одан әрі күшейту бойынша шаралар туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша Хромтау аудандық  ішкі істер бөлімі бастығының міндетін  атқарушы З.Күнбасов  және Хромтау аудандық  жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы А.Әбиев баяндама жасады.

З.Күнбасовтың айтуынша, ауданда биылғы 7 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны біршама өскен. Мәселен, 2017  жылы 330 қылмыс тіркелсе, биыл тіркелген қылмыс — 335. Аудан бойынша қылмыстың ашылуының жалпы көрсеткіші — 51,3 пайыз. Алдын алу шараларының арқасында ауыр қылмыстар, зорлау, тонау, алаяқтық  азайған.

Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың кейбір түрлері, мысалы, өте ауыр қылмыс, орта ауырлықтағы, адам өлтіру, мал ұрлығы, көлік ұрлығы өскені байқалады, — деді З.Күнбасов.

26 пәтер ұрлығының 11-і ашылған. Хромтау қаласындағы жедел басқару орталығына 26 бейнекамера қосылған. Оның ішінде 14 камера «Қауіпсіз аула» бағдарламасымен көпқабатты үйлердің ауласына, 8 камера қоғамдық орында орнатылған. Биыл бейнекамера көмегімен 19 қылмыс ашылып, 1670 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

З.Күнбасовтың айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары қылмыстарды ашу жұмысына үлкен үлес қосып жатыр. Яғни, есепті мерзім ішінде  учаскелік полиция инспекторларының арқасында 45 қылмыс ашылған.

Ал жол-патрульдік полиция тобы 1938 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтапты. 7 ай қорытындысы бойынша, Хромтау ауданы аумағында  23 жол-көлік апаты болып, соның салдарынан 5 адам көз жұмған.

Жалпы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері барлығы 3339 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Қазір жалпы көлемі 18 878 048 теңге айыппұл салынып, оның 10,632,519 теңгесі өндірілген.

Хромтау аудандық ішкі істер бөліміндегі штат саны — 148.  Дегенмен, мұнда әлі 16 қызметкер  жетіспейді.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова аудандық  ішкі істер бөлімі бастығының міндетін  атқарушы З.Күнбасовқа бірнеше сауал қойды.

Аудан бойынша ашылған жалпы қылмыс саны — 51,3 пайыз. Ал өткен жылғы бұл көрсеткіш — 70,1 пайыз. Биыл қылмыстың ашылуы неге төмен? Бұл неге байланысты? Әлде кадрлық құрам өзгерді ме? Бұл — бір. Екінші сауал: неліктен 16 маман жетіспейді. Үшінші сауал: сіздердің берген мәліметтеріңізде қылмыстың өсуі, әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаудың төмендеу себептерінің бірі жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің аздығымен байланысты екендігі көрсетілген. Осының себебін түсіндіріп берсеңіз?

  • Кадрлық құрамда өзгеріс жоқ. Дегенмен, қылмыстарды іздестіруде тәжірибелі мамандар қалған жоқ. 18 жыл жұмыс өтілі бар аға жедел уәкіл қылмыстың ашылуы төмендеуіне байланысты жұмыстан кетті.

Дәл қазір 131 қылмыс ашылмай тұр. Өзім 20-дан астам іс бойынша жұмыс жасап жатырмын. Қылмысты ашу — біздің басты  міндетіміз.

Кадр мәселесі бойынша айтсам, 16 қызметкер керек. Кандидаттар бар. Департамент басшыларымен келісіп, біліктіліктері сәйкес келсе, үміткерлерді жұмысқа қабылдаймыз. Жылдың аяғына дейін бұл мәселені де шешетін боламыз.

Патрульдік қызметте 3 бос орын бар. Қылмыстың басым бөлігі түнде болады. Сол себепті түнгі ауысымда жұмыс істейтін қызметкерлердің санын көбейткіміз келеді, — деді З.Күнбасов.

Жиында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Абзал Шотанов сөз алып, облыстық департамент тарапынан ішкі істер қызметкерлеріне қойылатын талаптың күшейтілетіндігін тілге тиек етті.

  • Мал ұрлығы 5 деректен 11 дерекке өсіп отыр. Оның үстіне былтыр қылмыстың 83,3 пайызы ашылса, биыл ашылғаны небары 27,3 пайыз. Сол себепті, жергілікті полиция қызметінің және аудандық ішкі істер бөлімінің басшыларына осы жақын арада шара қолданып, олардың алдағы уақытта сол лауазымдық қызметінде жұмыс атқарып, атқармауы жөнінде мәселесі қойылады, — деді Абзал Шотанов.

Шара барысында қоғамдық кеңес мүшесі Ізімғали Көбенов сауал қойды.

  • Неге құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің біразы жергілікті, яғни Хромтау ауданының азаматтары емес? Қылмыс жедел ашылу үшін де жергілікті маманның пайдасы көп. Сол себепті, бұл салаға осы өңірдің адамдары көбірек тартылуы керек, — деді І.Көбенов.

Бұл сауалға  Абзал Шотанов жауап берді.

  • Кадр мәселесі облыстық ішкі істер департаменті басшылығының бақылауында тұр. Басшылық қызметке тағайындалатын қызметкерлердің сол лауазымға лайықты жоғары білімі, басқа да талаптарға сай келуі басты назарда болады. Егер бұл талаптарға сәйкес келсе, жергілікті мамандарды тартамыз, — деді А.Шотанов.

Жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қорытындылады.

  • Бүгін облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы Хромтауда ұйымдастырылып отыр. Келесі аптада Мұғалжар ауданында өткізу жоспарлануда. Жұмыстың жүйелі, нәтижелі болуы алдымен басшылыққа, кадрларға тікелей байланысты. Хромтау ауданындағы құқық қорғау бөлімінің жүргізіп жатқан жұмыстары көңіл көншітпейді. Ауылдық округтің әкімдері мен учаскелік инспекторлар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Учаскелік полиция — сол учаскенің иесі. Ол өзіне бекітілген аумақтағы барлық жағдайды білуі тиіс. Кімнің үйіне қайдан кім келгенін, қашан келіп, қашан кеткеніне дейін, керек болса, не мақсатта келгенін білуге міндетті.

Бүгін біз көрген учаскелік пункттің жағдайы мәз емес. Тіпті шағымданып келген адам отыратын орындық та жоқ. Тұрғындардың электронды базасы жасалмаған. Құқық қорғау органдарының ғимаратының аумағы қанағаттандырарлық жағдайда емес, мемлекеттік нышандардың орналасуы да талапқа сай келмейді. Бізге көрсеткен ғимараттардың сиқы осы. Ал біз көрмеген құқық қорғау органдарының басқа ғимараттарының жағдайы қандай?

Мал ұрлығына байланысты тұрғындарды кінәлайсыздар. Ал осы уақытқа дейін иесіз жүрген, қараусыз қалған қанша малды айыппұл төлейтін тұраққа әкеліп қамап, иесін жауапкершілікке тарттыңыздар? Мұндай жағдай тіркелді ме? Халықпен жүйелі жұмыс істемейсіздер.  

Мемлекет тарапынан бұл саланы қаржыландыру жақсы деңгейде екені белгілі. Учаскелік полиция қызметкерлері көлікпен де қамтылды.

Біз бүгін спорт мектебін аралап көрдік. Материалдық жағдайы сын көтермейді. Бұл мәселені шешу жолдарын қарастырамыз.  

Жалпы, Хромтау қаласы жыл сайын көркейіп келеді. Көптеген игі жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Сәния Қалдығұлова.

Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Қорытындысында комиссия қаулы қабылдап, аталған мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button