Жаңалықтар

Тағы бір жастар кеңесі құрылады

Кездесу

Бейсенбі күні бір топ сала маманы мұнайшы жастармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді, сондай-ақ елімізде жастар саясатына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнының ғимаратында өткен кездесуді ұйымдастырған — облыстық жастар саясат мәселелері басқармасы. «Жұмысшы жастар — қуатты елдің тірегі!» деп аталған шараға Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, облыстық жастар саясат мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Кунтуов, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен аталған өндіріс орнының өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары қатысты. Мақсат — өндіріс орындарындағы жас жұмысшылардың белсенділігін, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ олармен тығыз байланыс орнату.

— Жұмысшы жастармен кездесуіміздің алғашқысы осы кәсіпорын қабырғасында өтіп жатыр. Бұның өзіндік себебі бар. Өйткені мұнай компаниясында мыңнан астам жас қызмет етеді. Яғни олардың үлесі салмағы басым.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларын жүзеге асыруда жұмысшы жастардың алар орны ерекше. Қоғамның осы тобына әрдайым ерекше көңіл бөлініп келеді. Олармен пікірлесіп, мұң-мұқтажын, ой-тілегін білгіміз келетіні сондықтан.

Статистикаға сүйенетін болсақ, облыста жастардың саны — 208 мың. Оның 115 мыңы қалада тұрса, қалғаны ауыл-аймақты мекен етіп жатыр. Ал жастар саясатын жүзеге асыратын 13 орталық бар. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 48 жас мамандар кеңесі жұмыс істейді. Бұл ұйымдар қыз-жігіттердің құқығын қорғаумен айналысады, — деді Нұрлан Кунтуов.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ кәсіподақтар төрағасы Жанжарық Күзембаев өз сөзінде кәсіпорында 6 мыңға жуық адамның еңбек ететінін, оның 1200-і 29 жасқа толмаған азаматтар, яғни жастар екенін атап өтті.

Кездесуге қатысқандардың бірі — 26 жастағы инженер Мират Қадыралин мұндай басқосулардың қай жағынан да маңызы зор екенін айтады.

— Осы компанияда 2004 жылдан бері қызмет етіп келемін. Өзіме жұмысым ұнайды. Мұнда жастардың саны көп. Менің ойымша, бүгінгідей жастармен кездесулер қай тарапқа да пайдалы, — дейді ол.

Шара барысында компания жанынан жастардың құқығын қорғайтын ұйым — жастар кеңесінің құрылатындығы белгілі болды.

Айта кетейік, кездесуге қатысушылар үшін кәсіпорын ғимаратында экскурсия ұйымдастырылып, жұмыс істейтін техника һәм құрылғылар таныстырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button