Жастар

«Жас сақшы» тәртіпті қадағаламақ

Брифинг

 Жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жас сақшы» жобасының тұсаукесері өтті.

«Жас сақшы» жасағына аты айтып тұрғандай, студенттер мен белсенді жастар тартылатын болады. Ерікті ретінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көмек көрсететін олар түнгі уақытта да рейдтерге шықпақ. Мақсат — тәртіп бұзуға бейім, «қиын балалардың» бойындағы теріс қылықтарды жоюға атсалысу.

— Облыста 6 жоғары оқу орны, 45 арнаулы орта білім беретін білім мекемесі бар. Сол оқу ордаларында сабаққа да үлгеріп, қоғамдық өмірге де белсене араласатындар аз емес. Соңғы аталған қыз-жігіттердің басын қосып, «Жас сақшы» жасағын құрып отырмыз. Қоғамдық тәртіпті сақтауға мүдделі мұндай топ, біздің ойымызша, артықтық етпейді, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Жасақ мүшелері құзырлы орган өкілдерімен рейд барысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға, соның ішінде спирттік ішімдік ішкен кәмелет жасына толмаған қыз-жігіттерді анықтап, түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз

бейберекет жүргендерге қатысты әкімшілік шаралар қолданатын болады.

Ал Ақтөбе қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытбек Сыдықбаев: «Арадағы меморандумға сәйкес, жастар арасындағы тәртіпті жақсарту үшін осындай жобаны қолға алдық. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары мен бір топ жаспен біздің қызметкерлер бірлесе рейдтерге шығып, тәртіп бұзушылықтың жолын кеспек. Бұл жұмыс жаңа оқу жылынан, яғни 1 қыркүйектен басталғалы отыр. Белсенділермен ұйымдастырылатын аталған тексеріс жұмыстары әр демалыс күндері сайын өтпекші», — деп атап өтті.

Брифингке қатысқан «Жас сақшы» жасағының өкілі Аягүл Жанқожа белсенділердің тек кеш батқанда ғана емес, күндіз де студенттер жатақханасындағы жай-күйді қадағалауға алатынын, алда үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын баян етті.

Мамандар сағат 23.00-ден кейін жасы 18-ге толмаған қыз-жігіттерге заңды өкілсіз, яғни ата-анасыз немесе жақын туысынсыз көшеде, ойын-сауық орталықтарында жүруге болмайтынын, егер ондай жағдай анықталса, әуелі тек түсініктеме алынатынын ескертті.

…Жаңа оқу жылы да әне-міне дегенше басталып, жер-жерден жиналған жастардың саны көбеймек…. Ата-аналар, балаларыңызға сақ болыңыздар!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button