Жаңалықтар

67 тұрғын жәрмеңкеден кеңес алды

Электронды формат

Ақтөбе қаласындағы «Халықтық кеңсе» ғимаратында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы азаматтар арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті.

Аталған шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Ақтөбе қаласы әкімдігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды.

Жәрмеңкеде азаматтарға арналған мемлекеттік қызмет көрсетудің ең үлкен сұранысқа ие салалары, атап айтқанда, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, білім, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салалары бойынша 67 тұрғын қажетті консультативтік-әдістемелік кеңес алды.

Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері келушілерге электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен электронды мемлекеттік қызметтерді алу үрдісін кезең-кезеңімен көрсету арқылы қолайлы жерде және кез келген уақытта компьютерлер, планшеттер және мобильді құрылғылар арқылы қалай алуға болатынын түсіндірді.

— Бүгінгі жәрмеңкеге Ақтөбе қаласы бойынша 12 мемлекеттік мекеме қатысып, 104 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Бұл жүйе тұрғындардың өзіне қажетті қызметті электронды түрде алуына және сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 50 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілді. Әлі де осы бағыттар бойынша жұмыстар жалғасуда, — деді Астана ауданы аппаратының басшысы Аслан Мұханбетов.

Айта кетейік, бүінгі таңда облыс бойынша 3 жарым миллион мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Биылғы жылдың екінші тоқсанында барлық облыс аудандарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button