Мәдениет

Байғанин — байтақ, жайнаған өлкем!

Өнер

Биыл Байғанин ауданының іргесінің қаланғанына 90 жыл толады. Ғасырға жуық жасаған Жем, Сағыздың бойындағы қасиетті өлкеде қазақтың талай аяулысы өмірге келген. Байғанин туралы талай ән-күй жазылды.

Осы мерейлі мереке кезінде Байғанин туралы бірқатар әндердің авторы әрі орындаушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгірмен сұхбаттасқан едік… 

 — Биыл Байғанин ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Осы өңірдің перзенті ретінде туған жеріңізге  қандай тартуыңыз бар? 

—  Биыл Байғанин ауданының 90 жылдығы, сол елден шыққан өр ақын Өтежан Нұрғалиевтің  80 жылдығы. «Еділдің арғы жағы, бергі жағы» дегендей, мен туған  ауыл  Жемнің  арғы беті  Маңғыстау, Атыраумен  шектесетін топырағы алтын, құмында құт бар Дияр деген жер. Мерейлі мерекеге орай аудан әкімдігінің шақыруымен 24 тамызда ауданымыздың орталық стадионында  «Байғанин — байтақ,  жайнаған өлкем»  атты шығармашылық кешім өткелі жатыр.
—  Белгілі ақын-жазушылар Бәкір Тәжібаев, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Мәди Айымбетов, Жақсылық Айжанов сынды қаламгерлер осы өңірде туған. Осы ақын-жазушылардың біразының өлеңдерінің əуенін жаздыңыз. «Байғанин маршы» бүгінде ауданның гимніндей болып кетті. Осы шығармаларыңыз туралы айтсаңыз? Тойға арналған жаңа туынды,  тəбəрігіңіз бар шығар?

— Туған жерге тарту ретінде «Жемнің бойында» деген жаңа ән жаздым. Бұрыннан айтылып жүрген «Бәкір аға» деген әнімді аудандық Мәдениет үйінің «Құрбы қыздар» триосы орындайды. Тобық Жармағамбетовтің сөзіне жазылған «Жарқамыс вальсі», Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Хат»  орындалады. Өтежан ақынның «Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге» деген өлеңін де әнмен жеткізбекшімін, бұйырса, кешімді өзіңіз айтқан «Байғанин маршымен» бастап, сонымен аяқтайтын шығармыз…
—  Қазір қайда жүрсіз?

— Менің жайлауым да, қыстауым да өнер өлкесі ғой. Қазір Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында және Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп жатырмын.
—  Сіз жұртқа ең алдымен театр арқылы танылдыңыз. Тахауи  Ахтановтың «Антында» Əбілқайырды сомдағаныңызды көрермен ұмыта қоймаған шығар… Сахнаға тағы шығасыз ба?

— Кезінде талай рольде болдық… Биыл Әбілқайыр ханның туғанына 325 жыл толды. Бұрын «Ант» драмасында ханның бейнесін сахнаға шығарамын деп біраз тер төгіп, жазушының көркем тілімен кестеленген дүниеден көп нәрсеге қаныққанмын.

«Тақ ханның астында»  деп пе едің?

«Жо-оқ, Тақ – ханның  үстінде!» — дейді Әбілқайыр хан монологінде…

…Биыл да алдын ала, дүбірлі той болып, ас беріліп  жатса, қамсыз отырмайық деп жазушы, драматург Нұрлан Қамиге арнайылап пьеса жазғызып қойғанбыз, ол әзірге сахнаға шығарылған жоқ, пьесаның «тағдыры» келер күннің еншісінде тұр. Иә, айтпақшы, ақын  Жақсылық Айжановтың өлеңіне жазылған «Әбілқайыр, Бөкенбай» деген ұран-әніме  даңқты композитор Илья Жақанов «біздің  елге осындай ұлттық бояуы қанық патриоттық әндер керек» деп баға беріп,  қанаттандырып кетті. Бұрын Әбілқайырдың бейнесін спектакльге алып шықсам, қазір атын ұран-ән қылып шырқап жүрмін.

— Патриоттық тақырыптағы әндеріңіз жүлдеден құр емес сияқты…

— Иә, былтыр екі әнім бас жүлде иеленді, бірі — Батан Отарбаеваның сөзіне жазылған «Қазағым» деген марш. Бұл марш қазір Ұлттық Ұлан гвардиясының бас саптық әні, екіншісі — Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің 25 жылдығында  «Ең үздік ән»  номинациясын жеңіп алған  «Жаса, сақшы сарбаздар!» деген ән. Бұл әннің сөзін жазған — ақын Сәтжан Дәрібай.

— «Жаз жайлауыңыз, қыс қыстауыңыз» — театр мен  филармонияның жаңалықтарымен бөлісе кетсеңіз.

— «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, жаңалық іздеп жүрген жан болса ойланбай  театрға тура тартса болады. Театрдың басшысы да, көркемдік жетекшісі де үлкен өнер ордаларынан мол тәжірибе жинап  келген жас жігіттер Нұрхан Кәдірбаев пен Данияр Базарқұлов қолдан келгенше еңбектеніп жатыр. Бұрын «көрермен жоқ» дейтінді еститін едік, қазір «билет жоқ» дейтін болдық.  Маңызды мәдени шараларда немесе аудан күндері халық орталық саябаққа сыймай жатады.  Жақында өткен «Астана — махаббатым» атты кеште Тахауи театрының актерлері мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония артистерінің қосылып өнер көрсетуі өзара қарым-қатынасты, бірлікті нығайтты. Көңілі көлдей шалқыған көрермен риза болып қайтты және біздің өнерпаздардың алыс-жақын шетелдерге жиі шығуы, олардың барған жерінен жүлдесіз оралмауы Ақтөбенің мәдени дамуының жоғары көрсеткіші дер едім.  Мысалы, жақында  ғана филармонияның Қазақ камералық хоры  Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық хор музыкасының Юрий Фалик атындағы «Поющий мир» байқауында «Халық музыкасы» номинациясы бойынша — 1-дәрежелі, «Камералық хор» және «Заманауи музыка» категориясында екі 2-дәрежелі  лауреат атағын жеңіп алды. Байқауға 14 мемлекеттен 43 хор ұжымының қатысқанын ескерсек, бұл жеңістің оңай келмегенін түсінуіміз керек. Хор ұжымын  басқаратын Мейірбол Құспанов аттан түспей, келе сала «Құтты мекен Ақтөбеден ән шашу» деген атпен Астанада өтетін мәдени шараларға аттанып кетті.

Ал бұрын «жас ұжым» деп айтатын Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры бүгінде  әбден толысқан, кәсіби шеберлігі артқан үлкен театрға айналды. Өз ісінің майталман шеберлері бар, талай жыл  сахнада қызмет етіп, сол театрдың ардагерлері болып отырған Мағзом ағайдай, Шалқия апайдай үлгі-өнеге болар үлкендері бар. Жаңа басшының іскерлігіне ел куә, былтырғы маусым театр көрерменін бір сілкінтіп өтті, мысалы, «Ревизор» қойылымына танымал актер Болат Әбділманов пен Айгүл Иманбаеваның келуі біздің актерлердің де тәжірибе жинақтап, кәсіби өсуіне себеп болды. Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына орай  «Эксперимент жастар театр фестивалі» де көрермен тартудың тиімді жолы болды. Биылғы маусым ерекше болады деп күтеміз, өйткені театрға көркемдік жетекші болып танымал режиссер, театр және киноактері Данияр Базарқұлов келді. Жақында орыс және қазақ труппаларының қатысуымен «Ромео-Джульетта» қойылады. Шекспирді сахналау театрдың кәсіби өскендігі деп есептеймін. Камералық қойылым ретінде «Гамлетті» де сахнаға шығармақпыз. Ол қойылымда  біздің жас актеріміз Бағдат Төлеуғалиев бағын сынамақ. Режиссері Мейрам Хабибуллин. Театр күзде Рязань қаласында өтетін халықаралық театр байқауына «Черная бурка» қойылымымен барады, оның режиссері Данияр Базарқұлов.

 Тек əн ғана жазбайтыныңызды білеміз. Сахнаға əзірлеп жатқан пьесаларыңыз бар шығар? Жеке шығармашылығыңызда не жаңалық?

— Биыл мен үшін жағымды жаңалықпен басталды, режиссер Дәметкен Құсайынова менің «Ақ пен қара» деген пьесамды екі тілде  сахналап, жас көрермендерімізге ерекше  тарту жасады. Орысша аудармасын Амантай Өтегенов жасаған-ды.

2008 жылы театрдың сұранысына орай, менің хатымның негізінде облыстық мәслихат шешімімен бүгінгі «Тарлан» колледжінде «Актерлік өнер» мамандығы ашылған болатын. Соңғы екі жылда сол мамандыққа мемлекеттік грант бөлініп келеді. Шәкірттеріміз Алматы, Астана театрларында, «Қазақконцертте», «Қазақфильмде», қала берді аудандарымыздағы  халық театрларында режиссер, көркемдік жетекші болып жемісті еңбек етіп жатыр. Оған қоса облыстық театр мен «Екі езу» театрының басшыларының біздің кадрларды қызметке  алуы мамандарымыздың біліктілігін білдіреді. «Нарком» қойылымының тұсаукесеріне келген пьеса авторы Рақымжан Отарбаевтың біздің шәкіртіміз актер Нұрболат Өтеғұловқа қарап: «Мен өз Жүргеновімді Ақтөбеден таптым», — деуі де соның бір дәлелі.  «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» дегендей, сол талантты балалардың  оқуына мүмкіндік жасап отырған колледж басшысы Жәрдемғали Шүкіров, Гүлназия Қуаналықызы сынды таланттарды темірдей тәртіпке үйрететін ұстаздары барда талапкерлердің ата-аналарына еш уайым жоқ.  Жақында актерлер оқитын аудиторияға жерлесіміз, Ақтөбеден шыққан тұңғыш халық артисі Алтын Ружеваның есімі берілді, бұйырса биыл талапкерлерге Данияр Базарқұлов, Болат Әбділманов сынды танымал тұлғалар  дәріс оқитын болады.

 Облыстың мәдениет саласында жұмыс атқарып жүрсіз. «Ай, осы шаруа істелмей қалды-ау» деп, өкінтетін жайттар бар ма?

— «Осы ауылдың қолынан келмейтіні жоқ, тек менің айқайым жетпейді» дегендей,  мәдениеттегі кез келген  бітпей тұрған шаруаны үнемі басшыларға  айтып жүремін, сонда да  кейде кейбір шаруамыз  мұзға айдаған түйедей кері кетіп жатады. «Ай, осы шаруа істелмей қалды-ау»… дейтін біраз дүние бар…  Мысалы, Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығын ұлықтай алмай жатырмыз…  Тағы бір мәселе —  болашақта миллион тұрғыны бар қала боламыз дегеніміз рас болса,  ел мақтаған әкіміміз  Бердібек Машбекұлы «қараған адамның қалпағы түсетін» қазақ музыкалық драма театрын салып берсе…

Иә, Өнер орталығы бар емес пе дейтіндер де табылар, бірақ театрдың орны бөлек, оның құрылысы да, жабдығы да, керек  десеңіз, аурасы да бөлек қой! Тоқсаныншы жылдары қаламыздың әр шағын ауданында қанша кинотеатр болғанын көз алдыңызға елестетіңізші. Бүгінде олардың көбі сауда үйіне айналып кетті…

— Шығармаларыңызды  Мирас-Құралай Бекжановтар,  Димаш Құдайберген, Нұрболат Абдуллин сынды өнер жұлдыздары орындайтынын білеміз, алдағы ұйымдастырылатын концертіңізге олар қатыса ма?

—  24 тамызда өтетін концертке Алматыдан айтулы әнші, өнер қайраткері Есет Сәдуақасовпен бірге ақтөбелік әншілер Сейсен Айтжанов, Нұрлан Бегайдар,  Ұлан Досмұратов, Дулат-Рита Айтжановтар,  Ернар Алтын, Нұргүл Тілегенова, Мұратбек Тәжіғұлов, Сезім, Кемеңгер Ораловтар, дәстүрлі әншілер Нұрлан Әбдібеков пен Динара Шынарбаева  және «Құрмет»  орденінің иегері Бақытбек Зейнелов бастаған  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы» фольклорлық ансамблі қатысады. Ақтөбеде Байғанин ауданы күндері өтетін кезде де Өнер орталығында тағы бір шығармашылық кешім өтеді. Бұл, әрине, менің емес, аудандық, облыстық мәдениет басшыларының ұйғарымы.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button