Ұлттық домбыра күні — жаңа мереке

Домбыра — халқымыздың ғасырлар бойғы айнымас серігі. Биылғы 1 шілдеде алғаш рет Ұлттық домбыра күні тойланғалы отыр.
Домбыраны жанына серік еткен жандардың пікірлеріне құлақ түрсек:
Құтым ҚАСЕНОВ,
еңбек ардагері, ұлттық музыка аспаптарын жасаушылар арасындағы республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері:
— Мен 14 жасымнан ағаш шебері болып еңбекке араластым. Бірақ домбыра жасау жайлы ойламаппын. Кеңес заманында өнерпаздардың қолынан көретініміз, негізінен, зауыттардан шыққан домбыралар болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы дағдарыстың кезінде мен, өзім тұратын, Байғанин ауданының орталығында шеберхана аштым. Бақытжан Дүзбаев деген мықты күйші ағамыз шеберханама келіп, домбыраларын жөндеп алушы еді. Кейде өтініші бойынша оған көмектесіп қоямын. Сол кісі бір күні маған: «Сен неге домбыра жасап үйренбейсің?» — деді. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры қолға алдым. Содан бір аптаның шамасында бір домбыраны әзер бітірдім-ау. Бақытжан аға дереу ішегін тағып, тиегін қойып, тартып көрді де… мақтады. Маман адамның жақсы пікірін естіген соң, тартыншақтағанды қойып, қанаттанып іске кірістім. 1996 жылы, ұлттық саз аспаптарын жасаушылар арасындағы республикалық байқауға алғаш қатысқанымда, қазылардың бірі мен жасаған домбыраны көріп, «Зауыттың домбырасы емес пе?» деген дау шығарды. Өзім жасаған дүние екенін дәлелдегеннен кейін, жымдастырылуының өте сәтті шыққанын мойындап-таңғалысты. Астананың 10 жылдық тойында, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде мен жасаған домбыралар шетелдіктерге сый ретінде ұсынылды. Домбыраларымды, негізінен, өзіміздің Ақтөбе, Атырау жағы, Алматы мен Астанадағы дәстүрлі өнер өкілдері алады. Өнер жолында жүрмегенмен, домбыра сатып алып, төріне іліп қоятын жандар да көп. Әрине, бұл халқымыздың домбыраны қатты қастерлейтінін көрсетеді. Көңілдегі қымбатымызды ғана төрге шығарамыз ғой.
Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі де халқымыздың домбыраға деген құрметінің бір көрінісі. Бірде марқұм Қаршыға Ахмедияров маған:«Белгілі шеберлер жасаған скрипкалар мыңдаған, тіпті миллиондаған долларға сатылады. Біздің домбырамыз қашан сондай дәрежеге жетер екен?» — деген болатын. Домбыраның мәртебесі — біздің ұлттық өнеріміздің мәртебесі, ұлтымыздың мерейі, сондықтан ол қашанда биіктей берсе екен деп тілейміз.
Феруза НАРМАН,
ҚР мәдениет қайраткері, термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері:
— Отбасымызда әкемнен бастап, барлық аға-әпкелерім домбыра тартатын. Мен де домбыра шертуді алғаш бауырларымнан үйрендім. Мектепке барғаннан кейін, домбыра үйірмесіне қатыстым. Мектебімізде домбырашылар оркестрі болды. Сол оркестрдің құрамында оқушы кезімнен қолыма домбыра алып, сахнаға шықтым.
Әрине, ән де шырқадым, жыршылық өнерге де бет бұрдым. Дегенмен термеге деген ықыласым бөлектеу. Терме — адамгершілік пен имандылық тәрбиенің көзі. Терме — бабалар даналығынан құралған ұшы-қиырсыз мұхит тәрізді ғажап әлем, ал өзіңді сол әлемнің бір бөлшегі ретінде сезіну — үлкен бақыт.
Ұлттық домбыра күнінің белгіленуін біз, әрине, үлкен қуанышпен қабылдадық. Домбыра — жай аспап емес, бабалар аманаты, қасиетті аспап. Домбыраны ұлықтау ұлт болмысындағы ізгілік атаулыны ұлықтау деп білемін, сондықтан бұл мереке арқылы біздің ұтатынымыз көп болмақ.
Асылхан ДӘРІБАЕВ,
Шалқар аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, республикалық, аймақтық байқаулардың жүлдегері:
— Жаңа мереке — Ұлы Даланы мыңдаған жылдар бойы мекен етіп, өр рухын мәңгі сақтаған ата-бабаларымыздың домбыраға деген құрметінің жалғасы.
Біздің киелі Шалқар өңірінде, Ұлықұмның бойында асқан домбырашылар көп болған. Әйгілі Қазанғаптың шәкірттері — Қадірәлі Ержанов, Бұрхан және басқалар күні кешеге дейін жүрді. Ал солардың ұрпақтары, мысалы, Бұрханның балалары мен немерелері— қазір өнерден бөлек, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жандар, дегенмен айналасы, жақын танитындар оларды керемет домбырашы ретінде де біледі. Қадірәлі Ержановтың шәкірті — Жұмабай Жансүгіровті күй өнерін зерттеуші мамандардың өзі «тірі университет» санайды.
Күйшілерден бөлек, жыршы-термешілердің, әншілердің өзі — бір төбе. Олардың әрқайсысының шығармашылығы — туған жер тарихының бір-бір бөлшегі.
Өзім домбыраны алдымдағы аға-апаларымнан үйреніп, бала күнімнен сахнада келемін. Дәстүрлі ән, соның ішінде Мұхит бабамыздың шығармашылығы жаныма жақын.
Әрине, қазіргі жоғарғы технологияның, интернеттің заманында балалар мен жастардың домбыраға деген қызығушылығы біздің бала кезімізден гөрі бәсеңдегендей көрінеді. Бір жақсысы, бұл олқылықты түзеуге, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулуға ұмтылатын ата-аналар көп, музыка мектептеріне, домбыра үйірмелеріне баратын балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі жастарымыздың ұлттық өнерге деген ықыласына, домбыраға деген қызығушылығының артуына да игі әсер етеді.
Жазып алған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



